АХҚО мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

3 шілде күні «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық климатты жетілдіру және Қазақстан Республикасының юрисдикциясында әрі АХҚО алаңында қызметін жүзеге асыратын инвесторлармен өзара әрекеттесу жүйелерін нығайту саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум тараптардың өкілеттіктері мен юрисдикцияларын қайталамай, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға, жүйелі кедергілерді жедел анықтап, жоюға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және АХҚО аумағында қолайлы инвестициялық климатты одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған тұрақты өзара әрекеттесу жүйесін құруды қарастырады.

Ынтымақтастық аясында тараптар инвесторлардың, оның ішінде АХҚО қатысушыларының қызметіне кедергі келтіретін проблемалық мәселелер бойынша ақпарат алмасады, инвесторлардың құқықтарының жүйелі түрде бұзылу себептерін бірлесіп анықтап, оларды жою бойынша жұмыс жүргізеді, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу барысында өзара әрекет жасайды, сондай-ақ инвестициялық қызмет пен инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен АХҚО нормативтік базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Бұдан бөлек, тараптар инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылды үйлестіруге ниетті.

Тұрақты құқықтық орта, тиімді реттеу және инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғау қолайлы инвестициялық климатты қалыптастырудың негізі болып табылады. Дәл осындай жағдайлар АХҚО юрисдикциясында қамтамасыз етілген, мұнда реттеу үздік халықаралық стандарттар негізінде жүзеге асырылады. Инвесторлар мен бизнестің құқықтарын тиімді қорғауды тәуелсіз институттар – АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталық қамтамасыз етеді. Бұл институттар халықаралық тәжірибеге сәйкес дауларды шешудің сенімді тетіктері ретінде өз тиімділігін дәлелдеді.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров:

«Инвесторлардың құқықтарын қорғау – қолайлы инвестициялық климатты қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Меморандумға қол қою АХҚО мен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің күш-жігерін біріктіріп, инвесторлар тарапынан туындайтын мәселелерді тиімді шешуге, жүйелі кедергілерді уақтылы анықтауға және Қазақстанның инвестициялық ортасын үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы:

«Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тиімді құралдарын дамыту және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Бүгінде инвестиция тарту мәселелері барлық мемлекеттік органдардың басты назарында. Сондықтан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасындағы ынтымақтастықтың дамуы бірлескен жұмысымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деп атап өтті.

Қол қойылған меморандум инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайтуға және Қазақстанның инвестициялық экожүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асырудың негізі болады.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant