АХҚО тау-кен өнеркәсібі және финтех-компаниялар үшін капитал тарту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді

Тау-кен саласындағы негізгі проблемалардың бірі – геологиялық барлаудың ерте кезеңіндегі жобалардың қаржыландыру көздеріне қолжетімділігінің шектеулі болып қалуы. Инвестициялық назар дәстүрлі түрде тәуекел деңгейі төмен, анағұрлым жетілген жобаларға көбірек шоғырланады. Қосымша кедергі – пайдалы қазбалар қорының халықаралық стандарттар (JORC/KAZRC)1 бойынша шектеулі расталуы.

Осы жағдайларда кросс-платформалық қаржыландыру тетіктерін дамыту мен халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділікті кеңейту Қазақстанның тау-кен өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және юниорлық компанияларды қаржылай қолдау үшін аса маңызды шарттарға айналуда.

Алдыңғы аптада АХҚО алаңында Astana International Exchange (AIX) және Гонконг қор биржасының (HKEX) өкілдерінің қатысуымен юниорлық және финтех-компанияларға капитал тарту мүмкіндіктері, сондай-ақ олардың халықаралық биржалық алаңдарға шығуы мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Бастаманың негізгі мақсаты – жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат беру, капитал тартудың практикалық тетіктерін дамыту, сондай-ақ компаниялардың халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділігін кеңейту.

Талқыланған негізгі мәселелер қатарында қаржыландыру тетіктері және HKEX және AIX халықаралық биржалық алаңдарында листингке қойылатын талаптар болды. HKEX-тың халықаралық капитал нарығына шығуға мүдделі компаниялар үшін ұсынатын мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел жұмысына биржалардың өкілдері: AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова,  HKEX халықаралық эмитенттерге қызмет көрсету бағытының басшысы Джонсон Чой, CICC инвестициялық банкінің өкілдері, сондай-ақ Kusto Altyn and Copper, Pallas Resources, KazakhNickel, Atlant Minerals, Altyn Samruk, Qazgeology, ITS, Al Safi Bank, Primavera Capital Group, Industrial Mining Company сияқты және басқа да геологиялық барлау, өнеркәсіп және финтех компанияларының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ пікір алмасуға АХҚО-ның тау-кен саласы жөніндегі сарапшылар кеңесінің (Кеңес) өкілдері: «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нариман Әбсәметов, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев, Solidcore Resources компаниясының стратегиялық даму жөніндегі бас директорының орынбасары Аида Әлжанова, Aurora Minerals Group негізін қалаушы Саид Сұлтанов, Elistra Advisory Limited негізін қалаушы Лю Вэньцзин қатысты.

Іс-шара барысында АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев былай деп атап өтті: «Әлем бойынша юниорлық компаниялар жаңа кен орындарын ашуда шешуші рөл атқарады, алайда геологиялық барлау жобаларының ерте кезеңдері қаржыландыру тарту тұрғысынан ең күрделі жайт болып қалып отыр. Junior Mining Platform іске қосылуы АХҚО-ның осындай жобалар үшін қаржыландыру экожүйесін қалыптастырудағы қадамдарының бірі болды. Өткен дөңгелек үстел аясында HKEX және AIX мүмкіндіктерін талқылау юниорлық компанияларды халықаралық инвестиция тартуға және жаһандық капитал нарықтарына шығуға дайындауға бағытталған практикалық тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік берді».

 HKEX халықаралық эмитенттерге қызмет көрсету бағытының басшысы Джонсон Чой биржада компанияларды листингке шығару кезеңдерін және оған байланысты  корпоративтік басқару, ақпаратты ашу және адалдық мәселелерін атап өтті.

Қосарлы листинг моделін іс жүзінде растау ретінде қатысушыларға 2025 жылғы AIX пен HKEX алаңдарында жүзеге асырылған листинг кейсі ұсынылды. Алматы облысында вольфрам өндірумен айналысатын Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясы қос биржада бір мезгілде листинг жүргізген еді. Бұл Орталық Азиядағы юаньмен номинирленген алғашқы IPO, сондай-ақ AIX алаңындағы «Бір белдеу, бір жол» сегментіндегі алғашқы IPO болды.

Инвесторлар тарапынан қызығушылық рекордтық деңгейге жетті: жаһандық нарықтардағы жиынтық сұраныс мақсатты көлемнен 220 еседен асып, 34 млрд АҚШ долларынан көп соманы құрады. Қос алаңда да сәтті орналастырулар халықаралық инвесторлар тарапынан Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне деген жоғары сенім мен мойындауды көрсетеді.

Өз кезегінде, дөңгелек үстел қатысушылары юниорлық компаниялардың халықаралық капитал нарықтарына шығуға дайындау мәселелерін, соның ішінде корпоративтік құрылым, есептілік және халықаралық биржа стандарттарына сәйкестік талаптарын көтерді. Гонконгтағы институционалдық инвесторлардың сирек жер металдары саласындағы жобаларға қызығушылығына ерекше назар аударылды. Бұдан басқа, екіжақты листингтің құқықтық аспектілері және облигацияларды орналастыру тетіктері талқыланды. Қатысушылар сондай-ақ листингті сүйемелдейтін инвестициялық банктер мен консультанттардың рөліне, Азия нарықтарымен Гонконг инфрақұрылымы арқылы байланысты нығайту перспективаларына қызығушылық танытты.

Іс-шара барысында Qazgeology компаниясының бас директоры Бақыт Шыршықбаев геологиялық барлау жобаларын қаржыландыруға бірыңғай тетіктер құрудың маңыздылығын атап өтті: «АХҚО алаңында Junior Mining Platform іске қосылуы юниорлық компанияларға капитал тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Әсіресе, әлеуетті жобалар пулының қалыптасуы инвесторларға перспективалы мүмкіндіктерді көруге, ал компанияларға халықаралық сараптамаға қол жеткізуге мүмкіндік беретіні маңызды. Біз жаһандық капитал нарықтарына шығудың халықаралық талаптары туралы егжей-тегжейлі ақпарат алдық. Мұндай бастамалар компанияларға листингке дайындық деңгейін объективті бағалауға көмектеседі».

Қазақстанның тау-кен саласы жобаларына қытай инвесторларының қызығушылығы бұған дейін 2026 жылғы сәуірде өткен AIFC Connect: Shanghai іскерлік іс-шарасы аясында расталған болатын. Кездесу барысында АХҚО арқылы Қытай мен Қазақстанның бірлескен жобаларына инвестиция тарту және ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Іс-шараның негізгі жаңалықтарының бірі –  AIX биржасында юаньмен номинирленген облигацияларды (панда-бондтарды) листингке шығару мүмкіндіктерінің кеңеюі туралы хабарлама болды. Осылайша, биыл сәуір айында «Самұрық-Қазына» АҚ AIX алаңында Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы 3 млрд юань көлеміндегі панда-бондтарды орналастырды. Мамыр айында Caspian Solar Ltd. компаниясының 625 млн юань көлеміндегі «жасыл» облигациялары да биржада орналастырылды. Ал 2025 жылы AIX және HKEX қос биржасында бір мезгілде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 1,25 млрд юань көлеміндегі еурооблигацияларының саудасы басталды.

2019 жылдан бастап AIX биржасында Қазақстан ғана емес, өңір елдерінің де тау-кен компаниялары (дамыған кезеңдегі ірі компаниялар және юниорлық компаниялар) листингке шыға алатын сектор жұмыс істейді.

2026 жылғы сәуірде АХҚО-ның тау-кен саласы жөніндегі сарапшылар кеңесінің алғашқы отырысында Junior Mining Platform бастамасы ұсынылғанын – бұл геологиялық барлаудың ерте кезеңіндегі жобаларға инвестиция тартуға бағытталған арнайы платформа екенін еске салғымыз келеді.

Платформа юниорлық компаниялар (геологиялық барлаудың ерте кезеңіндегі кәсіпорындар) мен инвесторлар арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады. Junior Mining Platform жобалармен құрылымдалған жұмыс тәсілін қалыптастырады: іріктелген жобалар пулын жасайды, алдын ала скрининг жүргізеді, инвесторларға дайындалған және тексерілген инвестициялық мүмкіндіктерге қолжетімділік береді, сондай-ақ халықаралық қаржылық құралдарды енгізуге ықпал етеді.

Платформаға қатысуға өтінім беру және іріктеу өлшемшарттарымен танысу үшін юниорлық компаниялар АХҚО-ның ресми сайтында көрсетілген сілтеме арқылы өтініш бере алады.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

1JORC – Австралазияда әзірленген геологиялық барлау нәтижелері, пайдалы қазбалар ресурстары мен кен қорлары туралы жария есептіліктің халықаралық стандарты.

KAZRC – Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, пайдалы қазбалар ресурстары мен кен қорлары туралы жария есептіліктің ұлттық стандарты.

AIFC Services Assistant