АХҚО Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы алғашқы Тәжікстанның мемлекеттік тұрақты қаржы құралдарын шығару жөніндегі негіздемелік бағдарламаға тәуелсіз қорытынды дайындады

АХҚО Жасыл қаржы орталығы (АХҚО ЖҚО) Тәжікстан Республикасының мемлекеттік тұрақты қаржы құралдарын шығару жөніндегі негіздемелік бағдарламасына тәуелсіз екінші тараптың қорытындысын (Second Party Opinion, SPO) дайындады. Орталық бағдарламаның тұрақты қаржыландыру саласындағы жетекші халықаралық стандарттарға сәйкестігін растады және өз әдістемесіне сәйкес оған ең жоғары «Өте жақсы» (Excellent) рейтингін берді.

Жүргізілген бағалау Орталық Азиядағы егеменді тұрақты қаржыландыруды дамытудағы маңызды кезең болып табылады және Тәжікстан Республикасының алғашқы егеменді жасыл облигацияларын шығаруға дайындыққа ықпал етеді.

Тәжікстан Республикасының мемлекеттік тұрақты қаржы құралдарын шығару жөніндегі негіздемелік бағдарламасын Тәжікстан Республикасы Қаржы министрлігі Дүниежүзілік банк тобының Тұрақты қаржыландыру бойынша консультациялық қолдау бағдарламасының қолдауымен әзірледі. Екінші тараптың қорытындысын дайындау Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) Техникалық жәрдем қорының қаражаты есебінен қаржыландырылды. Қор Банкке мүше мемлекеттердегі инвестициялық жобаларды дайындауға және құрылымдауға қолдау көрсетіп, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және инвесторлардың жан-жақты тексеруінен (due diligence) өтуге дайындығын қамтамасыз етеді.

Тәуелсіз бағалау аясында АХҚО ЖҚО Негіздемелік бағдарламаның халықаралық деңгейде танылған нарықтық стандарттарға сәйкестігін талдады. Олардың қатарында Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттары (Green Bond Principles, GBP), Әлеуметтік облигациялар қағидаттары (Social Bond Principles, SBP), Тұрақты даму облигациялары жөніндегі нұсқаулық (Sustainability Bond Guidelines, SBG), сондай-ақ Жасыл кредиттер қағидаттары (Green Loan Principles, GLP) және Әлеуметтік кредиттер қағидаттары (Social Loan Principles, SLP) бар.

Бағалау нәтижесінде Негіздемелік бағдарламада жобаларды бағалау мен іріктеудің ашық процесі, облигацияларды орналастырудан тартылған қаражатты басқарудың тиімді тетігі, сондай-ақ ақпаратты үздік халықаралық нарықтық тәжірибеге сәйкес жан-жақты ашу тәсілі қарастырылғаны расталды.

Негіздемелік бағдарлама жасыл, әлеуметтік және тұрақты қаржы құралдарын шығаруға арналған кешенді негіз қалыптастырады. Тартылған қаражат жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігін арттыру, экологиялық таза көлік, су ресурстары мен ағынды суларды тұрақты басқару, климаттың өзгеруіне бейімделу, биоәртүрлілікті сақтау, денсаулық сақтау, білім беру, қолжетімді тұрғын үй, жұмыс орындарын құру және халықты әлеуметтік қорғау сияқты экологиялық және әлеуметтік бағыттардағы жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Каххорзода Файзиддин Саттор, Тәжікстан Республикасының Қаржы министрі:

«Тәжікстанның Тұрақты қаржыландыру негіздемелік бағдарламасының бекітілуі Тәжікстанның мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін дамытудағы маңызды кезең болып табылады. Негіздемелік бағдарлама халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және үкіметтің ашықтық пен мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімді қағидаттарына негізделген тұрақты қаржыландыруды жұмылдыру үшін қолайлы орта жасауға деген міндеттемесін көрсетеді. Оны енгізу тұрақты экономикалық өсімді ілгерілететін, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтатын, энергия тиімділігін арттыратын және елдің климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыратын жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтеді».

Владимир Якунин, Еуразиялық даму банкінің Тәжікстан Республикасы бойынша директоры:

«Біз Тәжікстан Республикасы Үкіметін Тұрақты қаржыландыру жөніндегі негіздемелік бағдарламаның және оны сүйемелдейтін тәуелсіз екінші тараптың қорытындысының жариялануымен құттықтаймыз. Бұл елдегі тұрақты қаржыландыру нарығын дамытудағы маңызды қадам. Біз Қаржы министрлігіне Тәжікстанның алғашқы егеменді жасыл облигацияларын шығаруға берік негіз қалыптастыруға қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз. Бұл бастама инвесторлардың сенімін нығайтуға, экологиялық тұрақты дамуды қаржыландыруды ашық әрі сенімді негізде тартуға ықпал етеді және Тәжікстанның экологиялық тұрғыдан орнықты әрі климаттың өзгеруіне төзімді экономикаға көшуін қолдайды».

АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев былай деп атап өтті:

«Біз Тәжікстан Республикасының мемлекеттік тұрақты қаржы құралдарын шығару жөніндегі негіздемелік бағдарламасына тәуелсіз екінші тараптың қорытындысын дайындап, оған ең жоғары – «Өте жақсы» бағасын бергенімізді мақтан тұтамыз. Бұл бағалау Негіздемелік бағдарламаның тұрақты қаржыландырудың халықаралық қағидаттарына жоғары деңгейде сәйкес келетінін, сенімді басқару жүйесінің бар екенін, сондай-ақ жобаларды іріктеу, облигацияларды орналастырудан тартылған қаражатты басқару және ақпаратты ашу бойынша ашық әрі сенімді тәсілді қолданатынын растайды.

Бұл Негіздемелік бағдарлама тек Тәжікстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы тұрақты қаржыландыруды одан әрі дамыту үшін де маңызды кезең болып табылады. Біз оның инвесторлардың сенімін нығайтуға, тұрақты капиталдың халықаралық нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге ықпал ететініне және өңірдегі егеменді тұрақты қаржы құралдарының болашақ шығарылымдары үшін бағдар болатынына сенімдіміз».

Осы қорытындыны дайындау АХҚО Жасыл қаржы орталығының Орталық Азиядағы тұрақты қаржыландыру саласындағы консультациялық қызметтер мен сыртқы бағалау қызметтерін көрсететін жетекші ұйым ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайтады. Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы (ICMA) тарапынан сыртқы бағалау қызметтерін жеткізуші (External Review Provider) ретінде танылған және Climate Bonds Standard стандарты бойынша аккредиттелген верификатор (Approved Verifier) мәртебесіне ие АХҚО ЖҚО мемлекеттік органдарға, қаржы институттарына және корпоративтік клиенттерге халықаралық тұрақты қаржыландыру нарықтарында капитал тартуға қолдау көрсетеді.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы туралы

АХҚО Жасыл қаржы орталығы (АХҚО ЖҚО) – «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құрамында құрылған тұрақты қаржыландыру және ESG саласындағы өңірлік құзырет орталығы. Орталық Орталық Азия және көршілес өңірлердегі мемлекеттік органдарға, қаржы институттарына және корпоративтік клиенттерге тәуелсіз қорытындылар дайындау, верификация жүргізу, таксономияларды әзірлеу және біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асыруды қоса алғанда, консультациялық қызметтер көрсетеді.

АХҚО ЖҚО – Орталық Азиядағы Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы (ICMA) тарапынан сыртқы бағалау қызметтерін жеткізуші (External Review Provider) ретінде танылған, сондай-ақ Climate Bonds Standard стандарты бойынша аккредиттелген верификатор (Approved Verifier) мәртебесіне ие жалғыз ұйым.

AIFC Services Assistant