AIFC Awards 2026 жеңімпаздары анықталды

АХҚО-ның қаржылық, инвестициялық және құқықтық экожүйесін дамытуға, сондай-ақ Орталықтың халықаралық әріптестігін нығайтуға елеулі үлес қосқан компаниялар мен сарапшылар марапатталды.

«Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action» IX форумы аясында AIFC Awards 2026 салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы марапаттау рәсімі үш марапат түрін біріктірді: AIFC Awards – АХҚО қатысушыларына Орталық экожүйесін дамытуға, нығайтуға және ілгерілетуге қосқан үлесі мен жетістіктері үшін; AIFC Legal Awards – заң қоғамдастығы өкілдеріне кәсіби жетістіктері, сондай-ақ АХҚО құқығын дамытуға және практикада қолдануға қосқан үлесі үшін; AIFC Special Recognition – АХҚО-ның халықаралық бастамалары мен стратегиялық әріптестігін қолдаған ұйымдарға табысталады.

AIFC Awards 2026 аясында 8 компания марапатқа ие болды. «Активтерді басқару бойынша жетекші компания» (Leading Asset Manager) номинациясының жеңімпазы OQAM Finance Ltd. болды. Активтерді басқару, брокерлік қызмет көрсету және инвестициялық қызметтер ұсынатын лицензияланған инвестициялық компания басқаруындағы активтердің ерекше жоғары өсу қарқыны және АХҚО-ның активтерді басқару секторындағы позицияларын нығайтқаны үшін марапатталды.

«Қаржы нарығын дамыту көшбасшысы» (Financial Market Development Leader) марапатына International Trading System Limited (ITS) ие болды. Көпжақты сауда алаңы мен клирингтік ұйымды басқаруға лицензиясы бар компания жаһандық инвестициялық мүмкіндіктерге қолжетімділікті кеңейткені үшін марапатталды. ITS саудаға қолжетімді бағалы қағаздар мен инвестициялық өнімдердің, оның ішінде жаңа ETF-тердің спектрін тұрақты түрде кеңейтіп, инвесторлар мен халықаралық капитал нарықтары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

«Исламдық қаржы саласындағы жетістіктері үшін» (Excellence in Islamic Finance) номинациясының жеңімпазы MIZAN Islamic Finance Ltd. болды. Компания мушарака және мудараба қағидаттары негізіндегі қаржыландыруды қоса алғанда, исламдық қаржыландыру құралдарын практикада қолданғаны, сондай-ақ бизнестің шариғат қағидаттарына сәйкес келетін қаржылық шешімдерге қолжетімділігін кеңейткені үшін марапатталды.

«АХҚО-да бизнесті құруға және дамытуға жәрдемдескені үшін» (AIFC Business Establishment Pioneer) номинациясында Consult Engineering Group Limited жеңіске жетті.

Компания АХҚО-да бизнесті тіркеуден бастап реттеушілік рәсімдерден өтуге және қажетті рұқсаттарды алуға дейін бизнесті кешенді сүйемелдеуді ұсынады. Мұндай қолдау клиенттерге АХҚО юрисдикциясында бизнесті құрудың және одан әрі дамытудың негізгі кезеңдерінен өтуге көмектеседі.

«Орнықты қаржыландыру және ESG саласындағы көшбасшылық» (Sustainable Finance & ESG Leadership) марапатына Global ESG Partnership NPIO ие болды. Ұйым ESG саласындағы білім беру, экологиялық сараптама, жасыл қаржыландыру және тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер бағытындағы бастамаларды іске асырады. 2023 жылы АХҚО-да тіркелген сәттен бастап 300-ден астам маман мен студент ESG School аясында және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп іске асырылатын бағдарламалар шеңберінде білім алды. Ұйым KazAzot GreenToken, өнеркәсіптік ағынды суларды тазартуға және CO₂ кәдеге жаратуға бағытталған жоба сияқты бастамаларды да қолдады.

«Үздік цифрлық клиенттік тәжірибе» (Best Digital Customer Experience) номинациясында Ailat AI Ltd. жеңіске жетті. Компания жеке және институционалдық пайдаланушылар үшін бағалы қағаздардың шариғат қағидаттарына сәйкестігін тексеруді жеңілдететін жасанды интеллект негізіндегі платформа әзірледі. Оның шешімдері мобильді қосымша мен корпоративтік клиенттерге арналған API-ді біріктіріп, инвестициялық ақпаратқа неғұрлым ыңғайлы әрі тиімді қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

«АХҚО экожүйесін халықаралық деңгейде үздік ілгерілету» (Best Global Promotion of the AIFC Ecosystem) марапатына Fonte Capital Ltd. ие болды. Компания медиа-белсенділік, цифрлық коммуникациялар және Орталықтың негізгі бастамаларына қатысу арқылы АХҚО-ны халықаралық аудитория арасында жүйелі түрде ілгерілеткені үшін марапатталды. Бұл жұмыс АХҚО-ның танымалдығын арттыруға және оның қаржылық әрі инвестициялық экожүйесінің халықаралық аудиториясын кеңейтуге ықпал етті.

«АХҚО экожүйесін Қазақстанда үздік ілгерілету» (Best Local Promotion of the AIFC Ecosystem) номинациясының жеңімпазы Abylai Global Solutions Ltd. болды. Компания іс-шаралар, білім беру және медиа-жобалар, сондай-ақ АХҚО-мен бірлескен бастамалар арқылы қазақстандық бизнес және инвесторлармен белсенді өзара іс-қимыл жасағаны үшін марапатталды. Бұл қызмет Орталықтың мүмкіндіктері туралы хабардарлықты арттыруға және оның экожүйесіне практикалық қызығушылықты қалыптастыруға ықпал етеді.

АХҚО Құқықтық қызметтер кеңесінің (AIFC Legal Services Board) қызметі аясында табысталатын AIFC Legal Awards 2026 марапаттары кәсіби жетістіктерді, сондай-ақ АХҚО құқығын дамытуға, практикада қолдануға және ілгерілетуге қосқан үлесті атап өтеді. Олар сондай-ақ Орталықтың құқықтық ортасын нығайтудағы және оның бизнесте тиімді қолданылуын қамтамасыз етудегі заң қоғамдастығының рөлін айқындайды.

«Жылдың заң фирмасы» (Law Firm of the Year) номинациясында Sayat Zholshy Law Firm Limited жеңіске жетті. Компания түрлі практика салаларында тұрақты түрде жоғары деңгейдегі заң консультацияларын ұсынғаны, студенттерге тәлімгерлік еткені, этикалық әрі инклюзивті корпоративтік мәдениет қағидаттарына адалдығы, сондай-ақ кәсіби форумдар мен конференциялар арқылы АХҚО құқығы туралы білімді таратуға қосқан үлесі үшін марапатталды.

«Жыл заңгері» (Lawyer of the Year) марапатына Максим Бурак ие болды. Ол күрделі мәмілелерді кәсіби сүйемелдегені, кәсіби этика мен адалдықтың жоғары стандарттарын ұстанғаны, академиялық үлесі, жас заңгерлерге тәлімгерлік еткені және АХҚО құқығын ілгерілетудегі елеулі рөлі үшін марапатталды.

AIFC Special Recognition арнайы марапаттарына АХҚО-ны халықаралық деңгейде ілгерілетуге, трансшекаралық бастамаларды іске асыруға және Орталықтың шетелдік серіктестермен стратегиялық өзара іс-қимылын дамытуға елеулі үлес қосқан ұйымдар ие болды.

АХҚО мен Қытайдың капитал нарықтары саласындағы ынтымақтастығы (AIFC – China Capital Markets Cooperation) үшін арнайы марапат Shanghai Stock Exchange қор биржасына табысталды. Биржа Шанхайда AIFC Connect іс-шарасын өткізу барысында серіктестік көрсеткені үшін марапатталды. Іс-шара екі елдің қаржы институттарын, инвесторлары мен нарық қатысушыларын біріктіріп, кәсіби диалог үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырды.

АХҚО мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға (AIFC – China Business Engagement) қосқан үлесі үшін China International Capital Corporation (CICC) марапатталды. Компания АХҚО-ның инвесторлармен өзара іс-қимыл жөніндегі бастамаларын, оның ішінде Гонконгтағы AIFC Connect іс-шарасын қолдап, Орталықтың Қытайдың инвестициялық қоғамдастығымен байланысын нығайтуға ықпал етті.

Қазақстан-Эмират іскерлік ынтымақтастығына (Kazakhstan – UAE Business Cooperation) қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің Елшілігі марапатталды. Елшілік АХҚО-ның халықаралық бастамаларын, оның ішінде Қазақстан-Эмират бизнес-форумын және AIFC Connect іс-шарасын тұрақты түрде қолдап, Қазақстан мен БАӘ-нің іскерлік және инвестициялық қоғамдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етіп келеді.

«Халықаралық іскерлік өзара іс-қимыл» (International Business Engagement) марапаты GulfLink Ltd. компаниясына табысталды. Компания АХҚО-ның халықаралық қызметін, оның ішінде шетелдік бизнес-делегациялардың қатысуымен өтетін бастамалар мен шетелдегі іс-шараларды қолдағаны үшін марапатталды. Бұл бастамалар Орталықтың жаһандық іскерлік байланыстарын нығайтуға ықпал етті.

AIFC Awards марапаттары АХҚО экожүйесінің алуан түрлілігін көрсетіп, оның қатысушылары мен серіктестерінің активтерді басқару, капитал нарықтарын дамыту және исламдық қаржыландырудан бастап цифрлық шешімдер, ESG, заң практикасы және халықаралық ынтымақтастыққа дейінгі бағыттардағы практикалық жетістіктерін атап өтеді.

Astana Finance Days 2026 форумы 9-10 қыркүйек күндері өтуде. Оған 80-нен астам елден 5 500-ден астам қатысушы жиналды. Форумға инвесторлар, қаржы және технология секторларының өкілдері, реттеушілер, мемлекеттік және квазимемлекеттік институттар, сондай-ақ халықаралық бизнес өкілдері қатысты.

Анықтамалық ақпарат

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы, е-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant