Активтерді басқарушы әлемдегі ең ірі компаниялар BlackRock, Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield Астанада
Astana Finance Days форумына әлемнің жетекші қаржы институттарының өкілдері, оның ішінде басқаруындағы активтер көлемі $15 трлн-нан асатын әлемдегі ең ірі активтерді басқарушы BlackRock, сонымен қатар Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield, E Fund Management, Rothschild & Co, IFC Asset Management Company, Hong Kong Investment Corporation және басқа да жаһандық қаржы ұйымдары қатысуда. Форумға қатысушы компаниялардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі $26 трлн-нан асады.
9 және 10 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action» IX қаржы форумы өтуде. Ауқымды іс-шара инвесторларды, қаржы және технология секторларының өкілдерін, реттеушілерді, мемлекеттік және квазимемлекеттік институттарды, сондай-ақ халықаралық бизнесті біріктіреді. Форумға 90 мемлекеттен 8000 қатысушы жиналды.
Форум бағдарламасының негізгі тақырыптары – капитал нарықтары мен инвестициялық өнімдер, реттеу және құқықтық орта, институционалдық ауқымдағы инновациялар, экономиканың нақты секторын қаржыландыру, сондай-ақ өңірлік және трансшекаралық ынтымақтастық.
«Бүгінде капитал үшін бәсекелестік тартымды жағдайларды ғана емес, мүмкіндіктерді нақты жобалар мен инвестицияларға айналдыра білуді де талап етеді. Astana Finance Days 2026 – Delivering Impact. Capital in Action идеясының мәні осында. Біз инвесторларды, реттеушілерді және бизнесті біріктіріп, идеялардың нақты шешімдерге, инвестициялық жобаларға және ұзақ мерзімді әріптестікке айналуына жағдай жасаймыз», – деп атап өтті АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.
Бірінші күннің іскерлік бағдарламасы егемендік және институционалдық капиталдың экономикалық өсудегі рөлі, қаржы инфрақұрылымының болашағы, нақты активтерді токенизациялау, инвесторлардың құқықтарын қорғау, орнықты қаржыландыру және нақты сектор жобаларын дамыту мәселелеріне арналған сессиялардан басталады.
Күннің басты оқиғасы «Қаржы архитектурасының трансформациясы» атты пленарлық сессия болады. Оған ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Network School негізін қалаушы, «The Network State» бестселлерінің авторы Баладжи Сринивасан және Anchorage Digital компаниясының стейблкоиндер бойынша шешімдер жөніндегі жаһандық басшысы Серджио Мелло қатысады. Сессияға Bloomberg компаниясының EMEA өңіріндегі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бағытының басшысы Саллиэнн Тейлор модераторлық етеді. Қатысушылар технологиялар, реттеу және капитал қозғалысының жаңа модельдері қаржы нарықтарының құрылымын қалай өзгертіп жатқанын талқылайды. Жаһандық қаржы жүйесі жаңа дәуірге қадам басуда, онда цифрлық активтер мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналып, ал жасанды интеллект ақша ағындарын басқара бастайды. Цифрлық теңге, криптоактивтер резервтері, жасанды интеллектіні реттеу және орталықтандырылмаған қаржы – енді абстрактілі тұжырымдамалар емес, ұлттық күн тәртібі мен бизнес стратегияларының бір бөлігі. Ұлттық реттеушілер, даму институттары және жаһандық технологиялық компаниялар әлемдік қаржы жүйесінің және ақша ағындарының болашағын қалай көреді? Бұл сессия қаржы инфрақұрылымының трансформациясы мен цифрлық активтердің болашағын талқылау үшін жаңа қаржы тәртібінің негізгі архитектурасын қалыптастырушыларды бір алаңға жинайды.
Капитал нарықтарының жаңа цикліне қатысты жеке көзқарасын BlackRock Investment Institute компаниясының Таяу Шығыс және Азия-Тынық мұхиты өңірлері бойынша басқарушы директоры әрі бас инвестициялық стратег Бен Пауэлл таныстырады.
«Егемендік және институционалдық капитал – өсім мен стратегиялық трансформацияның катализаторлары» атты сессияда қатысушылар мемлекеттік және институционалдық инвесторлардың ұзақ мерзімді дамуды, құрылымдық өзгерістерді және ауқымды жобаларды іске асыруды қалай қолдай алатынын талқылайды. Талқылауға Hong Kong Investment Corporation, Fitch Ratings және басқа да қаржы институттарының өкілдері қатысады.
Технологиялық блок «Қаржы инфрақұрылымының болашағы» және «Шекарасыз капитал: токенизация және жаңа қаржы инфрақұрылымы» атты сессиялармен жалғасады. Қазақстанның Даму Банкі, Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы, Mastercard, Janus Henderson Investors, Bir Ecosystem, Phillip Securities, Solana, The Open Platform және Commodity Chain өкілдері төлем инфрақұрылымын, цифрлық активтерді және капитал қозғалысының жаңа тетіктерін дамыту мәселелерін қарастырады.
Бірінші күннің негізгі салалық бағыттарының бірі геологиялық барлау компаниялары мен бастапқы даму кезеңіндегі тау-кен жобаларын қаржыландыру тақырыбына арналады. «Юниорлық тау-кен жобаларын қаржыландыру: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» сессиясында Solidcore, Alphamar, Elistra Advisory, Aurora Minerals Group өкілдері сөз сөйлейді.
Бағдарлама KAZ Minerals, Solidcore Resources, AGS, Zubr Capital, Freedom Holding Corp. және BI Group өкілдерінің экономиканы технологиялық трансформациялау, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен есептеу қуаттарына инвестиция салу, инновациялық кластерлерді дамыту, халықаралық капитал тарту және коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығына арналған негізгі баяндамаларымен жалғасады. Сондай-ақ жобалардың питчингі және әлеуетті инвесторлармен investor matchmaking форматындағы кездесулер өтеді. Биылғы сәуірде АХҚО бастапқы даму кезеңіндегі геологиялық барлау жобаларына инвестиция тартуға арналған Junior Mining Platform іске қосып, юниорлық компаниялардан өтінімдер қабылдауды бастады. АХҚО платформасы юниорлық компанияларды отандық және халықаралық инвесторлармен байланыстырады: келіп түскен 48 жобаның 23-і іріктеуден өтіп, форум аясындағы питч-сессияда инвесторларға таныстырылады.
Форум аясында сондай-ақ қаржы реттеушілерінің, мемлекеттік органдар мен Түркі мемлекеттер өңірі елдерінің даму институттары өкілдерін біріктіретін Түркі кеңесінің жасыл қаржыландыру жөніндегі екінші жыл сайынғы кездесуі өтеді. Қатысушылар қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі инвестициялық қорының Президенті Бағдад Әмреев, Әзербайжан Орталық банкінің, Қырғыз қор биржасының, Венгрия Ұлттық банкінің, АХҚО Жасыл қаржы орталығының және басқа да ұйымдардың өкілдері бар.
Сондай-ақ бірінші күн аясында АХҚО Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңесінің – Islamic Finance Advisory Board жабық отырысы өтеді.
Қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне «Цифрлық дәуірдегі қаржылық барлау: цифрлық активтерден жасанды интеллектіге дейін» атты сессия арналады. Egmont Group, Sherlocq, Еуразиялық банк және AFSA өкілдері цифрлық технологиялардың дамуы қаржылық тәуекелдерді анықтау және мемлекет пен жеке сектор арасындағы өзара іс-қимыл тәсілдерін қалай өзгертіп жатқанын талқылайды.
Жеке бағыт АХҚО-ның құқықтық инфрақұрылымына арналған. «Капитал әрекеті: АХҚО Соты мен ХТО инвесторлардың құқықтарын қалай қорғайды» сессиясына АХҚО Сотының төрағасы, Халықаралық төрелік орталығының төрағасы және басқа да өкілдер қатысады. Сессия барысында АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) тиімді халықаралық дауларды шешу тетіктері мен цифрлық инновациялар арқылы инвесторлардың құқықтарын қалай қорғайтыны қарастырылады. Сессияға қатысушылар Қазақстандағы орнықты инвестицияларды ынталандыру мақсатында ашықтықты арттыру және инвесторлардың сенімін нығайту үшін дауларды шешудің институционалдық стратегияларын талқылайды.
Форум аясында АХҚО алғаш рет AIDA — AIFC Intelligent Digital Assistant жүйесін — клиенттерге консультациялық қолдау көрсетуге және Орталықтың сервистері бойынша бағыт-бағдар беруге арналған көптілді интеллектуалды көмекшіні таныстырады.
AIDA мәтіндік және дауыстық сұрауларды өңдейді, АХҚО-да тіркелу, қолданыстағы талаптар, рәсімдер мен сервистер туралы ақпарат береді, ал қажет болған жағдайда пайдаланушыны тиісті бөлімшеге немесе маманға бағыттайды. Форум қатысушылары жүйемен әртүрлі тілдерде нақты уақыт режимінде өзара әрекеттесіп, оның мүмкіндіктерін сынап көре алады.
Бірінші күннің өңірлік бағыты AFSA ұйымдастыратын «Фрагментациядан интеграцияға: қаржы нарықтарын нығайтуға арналған өңірлік ынтымақтастық» атты дөңгелек үстелмен жалғасады. Оған Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның қаржы реттеушілерінің, халықаралық қаржы ұйымдары мен даму институттарының, соның ішінде Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы, Bloomberg өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің қор биржалары қатысады. Дөңгелек үстелге қатысушылар капиталдың трансшекаралық ағындарына негізгі кедергілерді және қаржы нарықтарына қолжетімділікті кеңейту, өзара тану, ақпарат алмасу және қадағалау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі практикалық шараларды талқылайды.
Күн барысында бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланған: Грузия Ұлттық банкі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) арасында қаржылық қызметтер саласындағы қолжетімділік пен өзара тану мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум; AFSA мен Хорватияның Қаржылық қызметтерді қадағалау агенттігі (HANFA) арасында реттеушілік ынтымақтастықты нығайтуға және әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандум.
Сондай-ақ АХҚО юрисдикциясында астықты токенизациялау жобасы аясында аграрлық нарық үшін технологиялық шешімдер мен жаңа құралдарды дамыту мақсатында Tech Hub Limited пен Concordia Group Ltd., сондай-ақ Tech Hub Limited пен Aitas Agro Ltd. арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған.
Форумның маңызды бөлігі – AFD Exhibition Hub көрме платформасы болмақ. Ол қаржы институттарын, банктерді, инвестициялық және активтерді басқарушы компанияларды, сондай-ақ финтех және технологиялық жобаларды бір алаңға біріктіреді. Қатысушылар өз өнімдерін, шешімдерін және жұмыс нәтижелерін таныстырып, әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен тікелей байланыс орната алады.
Astana Finance Days 2026 форумы серіктестер қолдауымен өткізілуде. Форумның алтын серіктесі – Freedom; күміс серіктестері – Solidcore Resources, KAZ Minerals және ITS; қола серіктестері – LMAX Group және Teniz Capital Investment Banking; индустриялық серіктес – Allur; криптосеріктес – Binance; финтех серіктесі – Mastercard; ресми әуе тасымалдаушы – Air Astana; халықаралық медиасеріктестер – Euronews, SCMP. Серіктестер қатарында сондай-ақ Orient Capital Management, Dana Capital Limited, BI Group, CICC, Roemer Capital (Europe), Masdar, E Fund Management (Hong Kong), Abylai Global Solutions, Symphony Digital Assets, Fitch Ratings, AmCham Kazakhstan, Solana, Halyk Finance, MYD Production, Atlas Capital, PwC, Anchorage Digital, Alif, Jupiter Jet, RCS Group, Zubr Capital, Vitis Capital, Amicorp, Code Coin және басқалары бар.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашуға және жүргізуге, инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға және Қазақстан экономикасын дамытуға арналған қолайлы құқықтық және реттеушілік ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО-ның баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы, e-mail: [email protected]