Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңестің үшінші отырысында сукук нарығын дамыту мәселелері талқыланды
2026 жылғы 9 қыркүйекте Astana Finance Days 2026 форумы аясында АХҚО-ның Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңесінің (Islamic Finance Advisory Board, IFAB) үшінші отырысы өтті.
Кеңес мүшелері исламдық қаржыны дамытудың келесі кезеңінің практикалық басымдықтарын, оның ішінде Astana International Exchange (AIX) биржасындағы исламдық капитал нарығын кеңейтуді, сондай-ақ Исламдық қаржы саласындағы құзыреттер орталығы тұжырымдамасының жобасын талқылады.
«Қазақстан исламдық қаржыны дамыту үшін берік негіз қалыптастырды. Келесі басымдық – осы негізді нарықтағы нақты белсенділікке айналдыру және институционалдық әлеуетті нығайту. Сукук шығарылымдарының сенімді портфелін қалыптастыру кәсіби құзыреттер мен қолданбалы зерттеулерді дамытумен, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтумен қатар нарықтың тұрақты өсуі үшін маңызды болады. Кеңестің ұсынымдары АХҚО мен AIX-ке алдағы нақты қадамдарды айқындауға және іске асыруға көмектеседі», – деді IFAB төрағасы, Ислам даму банкі институтының (IsDBI) бас директорының міндетін атқарушы, доктор Сами Ибрагим Әл-Сувайлем.
Қатысушылар сукук шығарылымдарының портфелін қалыптастыру, отандық және халықаралық эмитенттерді тарту, кросс-листинг мүмкіндіктерін зерделеу, инвесторлардың қолжетімділігін кеңейту және шариғаттық басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Ұсынылып отырған Құзыреттер орталығы нарықты дамытуға, кәсіби кадрлар даярлауға, қолданбалы зерттеулер жүргізуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және исламдық қаржы мүмкіндіктері туралы хабардарлықты арттыруға арналған платформаға айналуы мүмкін. Тұжырымдама әзірлеудің бастапқы кезеңінде және одан әрі бағалауды, сондай-ақ тиісті ішкі келісулерді талап етеді.
«Біз Қазақстанның исламдық капитал нарығын одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеует көріп отырмыз және AIX осы сегментке жаңа серпін беруге ниетті. Біз осы бағытты дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеп, оны Астанада өткен отырыста Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңеске ұсындық. IFAB аясындағы талқылаулар нарықты дамытудың келесі кезеңінің практикалық басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берді. Негізгі назар сукук шығарылымдарының портфелін кеңейтуге, эмитенттер мен инвесторларды тартуға, кросс-листинг мүмкіндіктерін зерделеуге және нарықтық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға аударылатын болады. AIX бастамасы Қазақстанда анағұрлым дамыған әрі бәсекеге қабілетті исламдық капитал нарығын қалыптастыруға бағытталған», – деді AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова.
Кеңестің ұсынымдары АХҚО мен AIX тарапынан техникалық және институционалдық деңгейлерде қосымша пысықталатын болады.
Анықтамалық ақпарат
АХҚО-ның Исламдық қаржы жөніндегі халықаралық консультативтік кеңесі 2025 жылғы 10 желтоқсанда құрылды. Оның Абу-Дабиде AIFC Connect іс-шарасы аясында өткен алғашқы отырысында қызметінің негізгі бағыттары айқындалды:
- исламдық қаржыландыруды басқару және стандарттарын дамыту;
- цифрлық исламдық қаржы және инновациялар;
- ESG және орнықты қаржыландыру;
- адами капиталды дамыту;
- өңірлік ынтымақтастық және трансшекаралық интеграция;
- нарықтық инфрақұрылым және өтімділікті басқару.
Кеңес құрамына жетекші халықаралық мамандар кіреді:
- д-р Сами Әл-Сувайлем – Ислам даму банкі институтының бас директорының міндетін атқарушы, ислам экономикасы және жаһандық исламдық қаржы индустриясы саласындағы жетекші халықаралық сарапшы, IFAB төрағасы;
- Майя Марисса Малек – Sabiq Advisory (Малайзия – БАӘ) бас директоры, шариғаттық корпоративтік басқару, ESG-бастамалар және капитал нарықтары саласындағы сарапшы, IFAB төрағасының орынбасары;
- д-р Аднан Ахмед Юсиф – Lemrair Consultancy Company W.L.L президенті және бас директоры, Бахрейн мен Таяу Шығыстағы исламдық банкинг саласының жетекші мамандарының бірі;
- профессор Дато д-р Азнан Хасан – Малайзия Халықаралық ислам университетінің шариғат профессоры, шариғаттық қадағалау саласындағы жетекші халықаралық сарапшы;
- Лим Сэй Чонг – тәуелсіз директор, исламдық банкинг, капитал нарықтары және цифрлық активтер саласындағы сарапшы (БАӘ);
- Фатма Чынар – Түркия Қатысу банктері қауымдастығы бас хатшысының орынбасары, исламдық банкинг саласындағы сарапшы;
- Мадина Тұқылова – АХҚО әкімшілігінің исламдық қаржы бағытының басшысы және Исламдық қаржы мен бизнес қауымдастығының бас директоры, саланы стратегиялық дамытуға және халықаралық ынтымақтастыққа жауапты.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашуға және жүргізуге, инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға және Қазақстан экономикасын дамытуға арналған қолайлы құқықтық және реттеушілік ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО-ның баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]