Лаос басшылығы «Астана» халықаралық қаржы орталығына сапар жасады
3 қыркүйекте Лаос Халықтық-Революциялық партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулит «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО, Орталық) барды.
Сапар барысында Лаос Президентіне АХҚО-ның қызметі, оның институционалдық құрылымы мен реттеушілік моделі, сондай-ақ Орталықтың өңірдегі халықаралық инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі таныстырылды.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров делегацияны Орталық жұмысының негізгі бағыттарымен, оның ішінде инвестициялар тарту, капитал нарығын дамыту, сондай-ақ қаржылық технологиялар мен инновациялық жобаларды дамыту үшін АХҚО ұсынатын мүмкіндіктермен таныстырды. АХҚО іске қосылған сәттен бастап Қазақстанға құрылымдалған инвестициялардың жиынтық көлемі 27 млрд АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. 90-нан астам елден 6300-ден астам компания тіркелген. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша АХҚО-ның қатысушы компаниялары Орталық жұмыс істей бастағаннан бері ел бюджетіне 353,7 млрд теңге көлемінде салық төлеген.
Сапар аясында Президент Тхонглун Сисулит Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасу тарихына арналған АХҚО-ның арт-кеңістігі – Сенім музейімен де танысты.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық одан әрі дамып келеді. 2025 жылы тауар айналымы 1,02 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 18,8%-ға артты. Лаостан Қазақстанға импортталатын негізгі тауарларға темекі өнімдері, аяқ киім және тоқыма бұйымдары жатса, Қазақстан экспортының негізін бақылау-өлшеу аспаптары, сондай-ақ профильдік проекторлар құрайды. Лаос пен АХҚО арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық байланыстарды дамыту, қаржылық қызметтер мен капитал нарықтары саласындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ орнықты, жасыл қаржыландыру және қаржылық технологиялар саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру болуы мүмкін. АХҚО сондай-ақ Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайтуға арналған платформа ретінде қызмет ете алады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]