Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің делегациясы АХҚО-ны құру және дамыту тәжірибесімен танысты
21 маусымда Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёева бастаған делегация «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО, Орталық) барды. Сапардың мақсаты – халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту жөніндегі АХҚО тәжірибесімен танысу болды.
Сапар барысында АХҚО-ның институционалдық құрылымына, құқықтық базасы мен реттеушілік моделіне, сондай-ақ екі ел арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров инвестициялар тарту және капитал нарығын дамыту құралдарын, халықаралық жобаларды сүйемелдеуді, сондай-ақ өңірге арналған инновациялық қаржылық шешімдерді қоса алғанда, Орталық қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. АХҚО іске қосылған сәттен бастап Қазақстанға тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 25,3 млрд АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Қазіргі таңда Орталықта 90 елден 5 800-ден астам компания тіркелген. АХҚО қатысушылары мемлекет бюджетіне 317,4 млрд теңге көлемінде салық төледі (2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша).
Сапар аясында делегация АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметімен де танысты. АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) өкілдері лицензиялау және қадағалау қағидаттарын, юрисдикцияның салықтық артықшылықтарын, трансшекаралық операцияларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін және инновациялық қаржы құралдарын дамытуды қамтитын Орталықтың реттеушілік экожүйесі туралы баяндады.
Сондай-ақ делегация АХҚО-ның арт-кеңістігі – Сенім музейіне және «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, АХҚО-ның шетелдік қатысушыларына әкімшілік қолдау көрсететін Экспат орталығына барды.

Бұған дейін, 2026 жылғы ақпанда, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің делегациясы АХҚО-ға келген болатын. Ол сапардың мақсаты – Ташкент халықаралық қаржы орталығын (ТХҚО) қалыптастыру шеңберінде халықаралық қаржы орталығын құру мен дамытудың практикалық тәжірибесін зерделеу болды.
АХҚО мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық исламдық қаржыландыру, жасыл қаржыландыру, орнықты қаржыландыру және капитал нарықтары салаларында да белсенді дамып келеді. Сондай-ақ негізгі салалық іс-шараларға қатысу үшін тұрақты өзара сапарлар жүзеге асырылуда. Бірлескен жұмыстың маңызды бағыты ретінде «Орталық Азияны бірыңғай инвестициялық бағыт ретінде ілгерілету стратегиясы», «Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжандағы капитал нарықтары: перспективалар мен трендтер» сияқты аналитикалық зерттеулерді әзірлеу атап өтіледі.
АХҚО юрисдикциясында өзбекстандық 23 компания тіркелген. Олар қаржылық қызметтер мен сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда салаларында жұмыс істейді.
Өзбекстан Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. 2005 жылдан 2025 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 75,6 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 7 бірлескен жоба іске қосылды.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 4,8 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 16,2%-ға өсті. Қазақстан экспортының негізгі бөлігін бидай, металл өнімдері, ұн және мұнай өнімдері құрайды. Ал Қазақстанға автомобильдер, жеміс-көкөніс өнімдері және тыңайтқыштар жеткізіледі.
Өткен сапар Орталық Азия өңірінің инвестициялық тартымдылығын нығайту мақсатында тәжірибе мен үздік практикалар алмасудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]