Президент Жарлығына қол қойылды: Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының дамуына жаңа серпін беріледі
7 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және жауапты мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде әзірленді.
Жарлық Қазақстанда цифрлық активтер саласын дамытуға қолайлы құқықтық және экономикалық орта қалыптастыруға, сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ нарық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құжаттың қабылдануы цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамытуға, криптоиндустрия қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған бірқатар бастамаларды іс жүзінде іске асырудың бастамасы болады.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров:
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасында жаңа технологияларды, оның ішінде цифрлық қаржы активтерін енгізуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді: АХҚО юрисдикциясында осы секторды реттеу бойынша пилоттық жоба мен тиісті инфрақұрылымды қалыптастыру оң нәтиже көрсетті, ал Қазақстан Республикасының ұлттық юрисдикциясында реттеудің енгізілуі цифрлық активтер нарығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Осыған байланысты қабылданған Жарлықтың еліміздегі цифрлық активтер саласының одан әрі дамуына оң ықпал етеді деп күтеміз. Реттеу дегеніміз тек ережелер мен қадағалау жүйесін енгізу ғана емес, ең алдымен провайдерлер мен олардың клиенттері үшін қауіпсіз, ашық әрі бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру екенін түсіну маңызды. Жарлықта қарастырылған шаралар дәл осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған», – деп атап өтті.
Атап айтқанда, АХҚО юрисдикциясында шығарылған цифрлық активтер мен токенизацияланған бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында тану жоспарлануда. Бұл эмитенттер үшін құралдардың айналымы мен қолданылуы тұрғысынан тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, АХҚО лицензиялаған эмитенттер шығарған стейблкоиндерді Қазақстан Республикасының бейрезиденттері экспорттық-импорттық операциялар бойынша трансшекаралық есеп айырысуларда пайдалану мүмкіндігін енгізу маңызды қадам болмақ.
Жаңашылдықтардың бірі ретінде заңды негіздер болған жағдайда цифрлық активтердің қызметтер провайдерлерінің банктік шоттарын бұғаттау тәжірибесінің орнына клиенттердің жеке шоттарын бұғаттау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ цифрлық активтерді шетелдік сервистерден Қазақстанның реттелетін платформаларына көшіруді ынталандыратын салықтық жеңілдіктер әзірлеу, сондай-ақ оларды реттелетін инфрақұрылымға ауыстыру шартымен бұрын сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету шаралары жоспарланған.
Бұл бастама цифрлық активтер нарығының дамуының заңды жалғасы, саланы жүйелеудің маңызды құралы және қазақстандық пайдаланушыларды реттелетін инфрақұрылым аясында шоғырландыруға бағытталған қадам болып табылады. Аталған шараны іске асыру пайдаланушыларды реттелетін платформаларға (АХҚО юрисдикциясында да, ұлттық юрисдикцияда да) көшіруге, сондай-ақ қаражатты сақтау, киберқауіпсіздік және тәуекелдерді басқару бойынша міндетті стандарттар есебінен клиенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нарықтың ашықтығын арттырып, оған қатысушылардың сенім деңгейін күшейтеді.
Қазақстандағы цифрлық активтер индустриясының орнықты дамуын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру үшін АХҚО Президент Жарлығын іске асыруға жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп белсенді қатысады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]