Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан қауымдастықтары Орталық Азияда исламдық қаржыны дамыту жөніндегі өңірлік альянс құруда

21 мамыр күні «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында мемлекеттік органдардың, АХҚО-ның, қаржы институттарының, бизнес өкілдерінің, шариғат сарапшыларының және халықаралық нарық қатысушыларының басын қосқан екінші Islamic Finance and Business Forum 2026 форумы өтті.

Форум аясында Қазақстанның Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB), Қырғызстанның Исламдық қаржы қауымдастығы және Өзбекстанның Исламдық қаржы және такафул қауымдастығы Орталық Азияда исламдық қаржыны дамыту жөніндегі өңірлік альянс құру туралы келісімге келді. Бастама ортақ сараптаманы дамытуға, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілетуге және нарық қатысушылары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған.

Форумда Қазақстан нарығында іске қосылуға дайындалып жатқан қолданыстағы және жаңа исламдық қаржылық әрі инвестициялық шешімдер де таныстырылды. Қатысушылар исламдық лизингті, инвестициялық платформаларды, исламдық терезелерді, цифрлық шешімдерді, мәмілелерді құрылымдау тетіктерін, сондай-ақ капитал тарту үшін АХҚО құралдарын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ неғұрлым ашық әрі түсінікті нарық қалыптастыруға негіз болатын заңнамадағы өзгерістерге ерекше назар аударылды.

«Бүгінде Қазақстандағы исламдық қаржы талқылау кезеңінен практикалық іске асыру кезеңіне өтіп жатыр. Нарықты одан әрі дамыту үшін заңнамалық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар бизнес пен инвесторлар тарапынан түсінікті құралдар, сараптама және сенім қажет. Форум осындай ашық әрі практикалық диалог алаңына айналды», — деп атап өтті АХҚО Әкімшілігінің исламдық қаржы бағытының жетекшісі, Қазақстанның Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының басшысы Мадина Тукулова.

Бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде АХҚО-ның AIFC Insights аналитикалық орталығы мен Өзбекстанның Халықаралық перспективалық зерттеулер институты (ХПЗИ) бірлесіп әзірлеген Орталық Азияның инвестициялық әлеуетіне арналған зерттеудің таныстырылымы өтті. Баяндамада өңір халықаралық капитал үшін перспективалы бағыт ретінде қарастырылып, Орталық Азия елдері үшін бірыңғай инвестициялық күн тәртібін қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді.

Зерттеу деректеріне сәйкес, соңғы онжылдықтарда Орталық Азия елдері тікелей шетелдік инвестициялардың $220,5 млрд астам көлемін тартқан, оның ішінде $151,3 млрд Қазақстанға тиесілі. Сонымен қатар 2024 жылы ғана Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) өңірдегі 121 жобаға €2,26 млрд инвестиция салған.

Іскерлік бағдарламаны Таяу Шығыс, Ұлыбритания және Пәкістан сарапшылары қатысқан панельдік сессия қорытындылады. Онда Қазақстан үшін қандай шешімдер қолдануға болатыны, инвесторлар, реттеушілер және нарық арасындағы өзара іс-қимылды қалай қалыптастыру керектігі, сондай-ақ елдің исламдық қаржының жаһандық жүйесіндегі позициясын қалай күшейтуге болатыны талқыланды.

«Форум исламдық қаржының өңірдегі кең ауқымды инвестициялық күн тәртібінің бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетті. Бұл енді тек қаржы секторының мәселесі емес, сонымен қатар бизнес, инвесторлар, қаржы технологиялары компаниялары мен кеңесшілер үшін де маңызды тақырып. Нарық осы құралдар туралы неғұрлым түсінікті сөйлеген сайын, оларға деген сенім де соғұрлым тез қалыптасады», — деп атап өтті TIDAM коммуникациялық агенттігінің бас директоры Айнұр Умаева.

Форумды Қазақстанның Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB), «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Tidam коммуникациялық агенттігі ұйымдастырды. Форумның практикалық бағытын қаржы, инвестиция және технология нарығының түрлі сегменттерін ұсынатын серіктестер күшейтті. Халықаралық ITS сауда алаңы ресми серіктес болды. Форум серіктестерінің қатарында Alif, Kazakhstan Ijara Company, Tabys Pro powered by Teniz, Colvir software solutions, Al Safi Bank, Ailat, Money, Proji және BCC Invest болды.

Islamic Finance and Business Forum 2026 бизнес, инвесторлар және қаржы институттары тарапынан исламдық қаржыға қызығушылықтың артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеп, нарықтың инвестициялық және қаржылық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша практикалық қадамдарды талқылауға арналған алаңға айналды.

БАҚ үшін байланыс:

TIDAM коммуникациялық агенттігі

Нұрбота Талғатбек

[email protected]
+7 707 610 36 22

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant