Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда көлемі $100 млрд-тан асты: Астанада SCMP конференциясы өтті
South China Morning Post «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолдауымен Орталық Азияда алғаш рет өзінің флагмандық конференциясын өткізді. Іс—шараның негізгі тақырыптары — капитал, табиғи ресурстар, цифрлық инфрақұрылым және Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары.
2026 жылғы 7 қыркүйекте Hilton Astana қонақүйінде Гонконгтың жетекші ағылшын тілді басылымы South China Morning Post (SCMP) ұйымдастырған China Conference: Central Asia 2026 конференциясы өтті. Іс-шара Гонконг, материктік Қытай, Орталық Азия, АСЕАН елдері және басқа өңірлерден келген мемлекеттік органдардың, бизнес, инвестициялық қоғамдастық пен технологиялық сектордың өкілдерін біріктірді.
SCMP Қазақстанда осындай ауқымдағы флагмандық конференция ұйымдастырған алғашқы гонконгтық бұқаралық ақпарат құралы болды. Іс-шара Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің 2026 жылғы маусымда өңірге жасаған ресми сапарынан кейін Гонконг пен Орталық Азия арасындағы диалогты дамытуға серпін берді.
Гонконг әкімшілігінің бұрынғы басшысы Си-Уай Люн бейнеүндеуінде: «Мен негізін қалаушы төрағасы болып табылатын, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында жұмыс істейтін халықаралық үкіметтік емес ұйым — GX Foundation Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Назарбаев Университетімен бірлесіп Global Medical Frontiers семинарын өткізетінін қуана хабарлаймын. Семинар аясында клиникалық технологиялар, денсаулық сақтау жүйесін басқару және дәстүрлі медицина, тіршілік ету ортасы мен табиғи апаттар мәселелері, медициналық білім беру және гуманитарлық сала үшін кадрлар даярлау тақырыптары қарастырылады. Семинар 5 қазанда Назарбаев Университетінде өтеді», — деді.
Ол сондай-ақ: «Орталық Азия — “Бір белдеу, бір жол” бастамасының негізгі өңірлерінің бірі, ал Қазақстан — осы бастама аясындағы маңызды мемлекет. South China Morning Post басылымына China Conference конференциясын Астанада өткізгені үшін алғыс айтамын. Бұл конференция Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық және басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты, әсіресе суперконнектор рөлін атқаратын Гонконг арқылы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін айқындауға көмектеседі деп сенемін», — деп атап өтті.
Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы сауда көлемі 100 млрд АҚШ долларынан асты. Осыған байланысты конференцияға қатысушылар инвестициялық ағындарды кеңейту, көлік және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, тау-кен және энергетика секторларын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ денсаулық сақтау және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Hong Kong Stock Exchange (HKEX) және Astana International Exchange (AIX) биржаларындағы маңызды қосарлы листингтен кейін Гонконг пен Қазақстанның капитал нарықтары арасындағы байланысты нығайту конференцияның негізгі тақырыптарының бірі болды. Қатысушылар сондай-ақ жасанды интеллект пен жасыл инвестицияларды маңызды минералдарды өндіруде қолдану, Цифрлық Жібек жолы бойында бұлтты технологияларды, киберқауіпсіздік пен қаржы технологияларын дамыту мәселелерін қарастырды.
Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань: «Орталық Азия Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қытай үшін бұл үмітке толы өңір. Қытай Орталық Азия елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтейді, бұл біздің халықаралық ынтымақтастығымыздың ең сенімді кепілі болып табылады», — деді.
«Гонконг суперконнектор рөлін атқарып, қосылған құн қалыптастырудың елеулі экономикалық әлеуетіне ие бола отырып, экономикалық дамуға жаңа серпін бере алады. Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің Қазақстан мен Өзбекстанға жасаған сапарының маңызын да атап өткім келеді: бұл сапар өзара байланыстарымызды одан әрі нығайтып, Орталық Азияның халықаралық аренадағы орнын сапалық жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Бүгін осында экономиканың түрлі салаларының беделді өкілдері жиналды. Қытай мен Орталық Азия арасындағы қатынастар сіздердің жеке үлестеріңіз бен белсенді қатысуларыңызсыз мүмкін болмас еді. Бұл конференция ынтымақтастығымызды кеңейтетін жаңа алаңға айналады деп сенемін», — деп қосты ол.
«Қытай — Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі және біз қаржы-инвестициялық байланыстарды тереңдетудің елеулі әлеуетін көріп отырмыз. Біздің міндетіміз — осы берік серіктестікті анағұрлым ауқымды екіжақты капитал ағындарына айналдыру, нарықтарымыздың өзара байланысын нығайту және нақты инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыру. China Conference: Central Asia практикалық ынтымақтастықты дамыту үшін шешім қабылдайтын тұлғаларды, инвесторлар мен нарық көшбасшыларын біріктірген маңызды алаң болды. АХҚО және Astana International Exchange арқылы қытай капиталы мен сараптамасын Қазақстан мен Орталық Азиядағы инвестициялық мүмкіндіктермен ұштастырып, қазақстандық бизнес үшін Қытай нарығына шығудың жаңа жолдарын ашуға ұмтыламыз», — деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.
«Гонконг Орталық Азияны, әсіресе Қазақстанды, аса перспективалы нарық деп санайды. Жаһандық бизнесті материктік Қытаймен тікелей байланыстыратын таптырмас суперконнектор ретінде Гонконг Орталық Азияның қарқынды дамуын жаһандық капиталмен және халықаралық ықпалмен ұштастырудың бірегей мүмкіндігіне ие», — деді South China Morning Post баспагері Тэмми Тэм.
«Бүгін біз осы байланысты дәл осы залда нақты іске асырып отырмыз. Конференция Гонконг, Үлкен шығанақ аймағы, материктік Қытайдың түрлі провинциялары мен АСЕАН елдерінен келген 100-ден астам компанияның өкілдерін, сала көшбасшыларын, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды біріктірді», — деп атап өтті ол.
«South China Morning Post басылымында біз сенімді әрі беделді ақпарат көзі ретіндегі рөлімізді мақтан тұтамыз. Біз түрлі салалардың көшбасшыларын біріктіру, жоғары деңгейдегі трансшекаралық диалогты дамыту және макроэкономикада, қаржы нарықтары мен өңірлік инфрақұрылымда түбегейлі өзгерістер мен өсімге жол ашу үшін өз көзқарасымызды Астанаға алып келдік», — деп қосты Тэмми Тэм.
Анықтамалық ақпарат
South China Morning Post (SCMP) — Гонконгта негізі қаланған, Үлкен Қытай және Азияның дамуына ықпал ететін оқиғалар туралы халықаралық аудиторияға жаңалықтар мен талдау ұсынатын жетекші ағылшын тілді ақпараттық басылым. Басылымның тарихы 122 жылдан асады. SCMP сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бизнес, инвестициялық қоғамдастық пен сарапшылардың қатысуымен халықаралық конференциялар өткізеді. www.scmp.com
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]
БАҚ сауалдары бойынша: [email protected]