Германиялық бизнес-делегация АХҚО-ға сапар жасады
16 қыркүйекте Экономика және климатты қорғау федералды министрінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Келльнер бастаған Германия Федеративтік Республикасының бизнес-делегациясы «Астана» халықаралық қаржы орталығына сапар жасады. АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров Германия канцлері Олаф Шольцтың ресми сапары аясында Астанаға келген неміс мемлекеттік құрылымдары мен компанияларының өкілдері үшін қаржы орталығының қызметімен және Қазақстан мен Германия кәсіпкерлерінің ынтымақтастығы үшін орталық ашатын мүмкіндіктермен таныстырды. Сондай-ақ тараптар АХҚО-ның инвестицияларды тарту және бизнес-байланыстарды одан әрі дамыту әлеуетін талқылады.
Неміс компанияларымен әріптестікті нығайтудағы қаржы орталығының мүмкіндіктерін «Қазақстан-Германия» бизнес-форумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті. Оның айтуынша, АХҚО қазір Франкфурт, Лондон, Дубай, Нью-Йорк және Сингапур сияқты жетекші халықаралық қаржы орталықтарының барлық артықшылықтарын қамтитын инвестициялар, инновациялар және қаржы қызметтері тоғысқан бірегей өңірлік орталыққа айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орталық инвестиция тарту үшін салық, виза және еңбек саясаты жағынан бұрын-соңды болмаған қолайлы шарттар мен жеңілдіктер ұсынады. Әр инвесторға жеке қолдау көрсетіледі. Британия заңнамасына негізделген әділ сот жүйесі жұмыс істеп тұр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 80 елден үш мыңға жуық компания тіркелген. Соның 20 компаниясы – германиялық. Олардың саны жуық арада тағы да өседі деп үміттенеміз».
Қазіргі уақытта Германия Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылы тауар айналымы 2,2 млрд долларды, 2022 жылы – 2,76 млрд долларды, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша – 3,77 млрд долларды құрады. Инвестициялар бөлігінде де ынтымақтастық дамып келеді: ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша 2005-2022 жылдар аралығында Германиядан Қазақстанға инвестициялар ағыны 5,84 млрд долларды, ал өткен жылы – 770,2 млн еуроны құраған.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «АХҚО – өңірдегі бірегей бизнес-хаб, Орталық Азиядағы осындай жалғыз юрисдикция. Юрисдикция жалпы ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген, өзінің соты, төрлік орталығы және биржасы бар, ал реттеуші орта компанияларды әртүрлі құқықтық нысандарда ашуға мүмкіндік береді. Осының арқасында көптеген инвесторлар Қазақстанға келіп, компанияларын дәл біздің қаржы орталығымызда құруда. Біз неміс компанияларымен ынтымақтастықты дамытуға қуаныштымыз. Осыған байланысты АХҚО Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияның бүкіл өңіріне инвестициялар тартуға арналған бірегей алаңға айналып отыр».
Экономика және климатты қорғау федералды министрінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Келльнер: «Мен Қазақстан Үкіметіне соңғы жылдардағы, әсіресе энергетика саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін алғыс білдіремін. Біз жоғары деңгейдегі бизнес-делегацияны жасақтадық, оның құрамына инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалардың, жасыл сутегі жобасының, қаржы және медицина салаларының қатысушылары кіреді. Бірлесіп жұмыс істеуге көптеген мүмкіндіктер бар».
«Астана» халықаралық қаржы орталығында бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу, сауда және қоймалық сақтау, кәсіби және ғылыми қызмет, холдингтік компанияларды басқару салаларында жұмыс істейтін Германиялық 20 компания тіркелгенін айта кету керек.
Бизнес-делегация құрамында Экономика және климатты қорғау федералдық министрлігінің, Федералдық канцлер ведомствосының, сондай-ақ Rhenus SE & Co., Siemens AG, Siemens Energy, Siemens Healthineers, CLAAS, Aurubis AG, Klett Group, Herrenknecht, Gebr. Knauf KG, SVEVIND Energy, KfW, HMS Mining және басқа компаниялардың өкілдері болды.
Қазақстан тарапынан таныстырылымға Сыртқы істер, Энергетика, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» қорының, «Бәйтерек» холдингінің, KazakhInvest, Kazakh tourism, KIDF, Qaz Trade, Ұлттық геологиялық қызметтің, «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» өкілдері қатысты.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 65 58
E-mail: [email protected]