Сингапур президенті Халима Якоб АХҚО-да болды
Сингапур Президенті Халима Якоб Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды (бұдан әрі – АХҚО, Орталық). АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров шет мемлекеттің басшысына Орталық Азиядағы ағылшын құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген алғашқы сот жүйесі – АХҚО халықаралық сотын таныстырды. Содан кейін Халима Якоб АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеттің (AFSA) қызметімен танысты. Бас директор Нұрхат Көшімов қаржы орталығының юрисдикциясы және реттеуші режимнің ерекшеліктері туралы айтып берді.
АХҚО Басқарушысы президентті орталықтың ағымдағы қызметі туралы хабардар етті және оның инвестицияларды тартудағы әлеуетін пайдалану туралы баяндап берді. Басқарушының айтуынша, АХҚО – әлемдік қаржы нарықтарымен өзара іс-қимыл жасауға және түрлі қаржыландыру көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін өңірдегі озық инвестициялық орталық. Басқарушы АХҚО юрисдикциясының құрамында бүгінгі таңда Сингапурдан Quest Ventures, Indorama Corporation, Paladigm Capital, Mongold және т.б. сияқты 30-дан астам қатысушы компанияның тіркелгенін атап өтті.
АХҚО-ға сапар соңында Сингапур Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығының Құрметті қонақтарының кітабына жазба қалдырды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Сингапур мемлекеттері басшыларының қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Сингапурдың Enterprise Singapore кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің мақсаты – АХҚО алаңында сингапурлық компанияларды тіркеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау, Қазақстандағы түрлі жобаларға инвестициялар салу саласында тараптардың ынтымақтастығын белгілеу, ілгерілету және нығайту болды.
ҚР Премьер-Министрі және Сингапур Республикасы Президентінің қатысуымен өткен Қазақстан-Сингапур іскерлік форумы аясында АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «KSBC» Қазақстан-Сингапур Іскерлік кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім АХҚО юрисдикциясында сингапурлық компанияларды ашуға, Қазақстанда сингапурлық бизнесті құруға, Сингапур нарығындағы қазақстандық компаниялардың жұмысын ілгерілетуге, өзара іс-қимыл жасауға және әртүрлі жобаларға инвестициялар салу саласындағы озық тәжірибе, біліммен алмасуға бағытталған.