«АҚШ пен Қазақстанның ынтымақтастығы: әйелдердің экономикалық құқықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесіп әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне арналған онлайн дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев мырза, «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов, АҚШ Мемлекеттік департаменті Білім және мәдениет бюросы хатшысының саясат жөніндегі көмекшісінің орынбасары, Рафик Мансур және т.б. қатысты.
Іс-шара барысында спикерлер АХҚО жүзеге асырған әрі АҚШ Мемлекеттік департаментінің бастамасы болып табылатын Кәсіпкер әйелдер академиясының жақында аяқталған бағдарламасының әсерін атап өтті.
Қазақстан әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға үлкен көңіл бөледі және бұл салада АҚШ-пен ынтымақтастығын жалғастыруға ниетті.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев: «Біз әйелдердің экономикадағы табысына инвестиция салу біздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігіміз үшін инфрақұрылымға, өндіріске және жеткізу тізбегінің тұрақтылығына инвестициялар саларлықтай маңызды екенін білеміз. Әйелдердің экономикаға қатысуы – бүкіл әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізудің ажырамас бөлігі. Біз әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша американдық серіктестерімізбен ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге үміттенеміз», – деп атап өтті.
Бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы 100 әйел қатысты. Олар бизнесті құрудың негізгі модулін меңгеріп қана қоймай, заманауи бизнес-процестерді құру және нарықта табысты бәсекелесуге мүмкіндік беретін жаңа өнімдерді әзірлеу бойынша дағдыларға ие болды.
«Өткен аптада біз Астанада АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісінің қатысуымен диплом тапсыру рәсімін өткіздік. Онда ең үздік қатысушылар Coca-Cola компаниясының дипломдары мен гранттарын алды. Бағдарламаның түлектері қазір Қазақстандағы USG Alumni желісіне қосылды. Біз бұл бағдарлама қатысушылар үшін табыстарын арттыруға, жаңа бизнес ашуға, қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізуге немесе нетворкинг іс-шараларын өткізуге тиімді болады деп сенеміз. Біз бірнеше шабытты кәсіпкер әйелдерді көргенімізге қуаныштымыз», – деді Ернұр Рысмағамбетов.
АҚШ бүкіл әлемде және Орталық Азияда әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдеседі. АҚШ Мемлекеттік департаментінің Жаһандық әйелдер мәселелері жөніндегі кеңсесінің аға кеңесшісі және операциялық директоры Марк Паннелл мырза Ақ үйдегі гендерлік саясат кеңесінің аға кеңесшісі Рэйчел Фогельштейн ханымның атынан баяндама жасады:
«Мені шақырып, барлық әйелдер мен қыздардың тең болашағы жолындағы жұмысымыздың барысы туралы сіздермен бөлісуге мүмкіндік бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Мен ынтымақтастығымызды нығайтуды және әйелдердің экономикалық қауіпсіздігін және көшбасшылығын гендерлік ілгерілету бойынша серіктестік мүмкіндіктері туралы ойларыңызды тыңдауға әрдайым дайынмын».
Рафик Мансурдың айтуынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросы (ECA) Орталық Азия аймағындағы әйелдер кәсіпкерінің өкілдігін нығайтуға бағытталған білім беру бағдарламаларының қатарын кеңейтуге ат салысуда.
«ЕСА атынан мен АХҚО және Елші Ашықбаевқа AWE-мен ынтымақтастық үшін алғыс айтқым келеді және біз қазақстандық AWE бағдарламасының одан әрі өсуіне сенеміз. Қазақстандағы AWE бағдарламасы әйелдердің кәсіпкерлік саласында алға ұмтылу жолында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен Exchange Alumni желілерінің маңызды рөлін айқындай түседі. Біз бұл бағдарламаны Қазақстанда және бүкіл әлемде кеңейту үшін ынтымақтастық пен серіктестіктің жалғасуын асыға күтеміз».
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Анықтамалық ақпарат:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi. www.aifc.kz