Анель Шакенова: «Балалар үшін ақша тақырыбы өте қызықты»
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған қаржылық сауаттылық» курсының авторы Анель Шакенова Халықаралық Инвесторлар Апталығының спикері болып, отбасылық қаражат туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.
«Балалар үшін ақша тақырыбы өте қызықты», – дейді қаржы саласының маманы Анель Шакенова. Қаржыгердің байқауынша, қазақстандық отбасыда ақша және қаражат туралы ақпарат талқыланбайды. Оған қоса балалар үлкендер арасында жиі талқыланатын доллар бағамы мен ақшаның құнсыздануы туралы білгісі келеді. «Сондықтан ата-аналар үйде ұл-қыздарына қаражат, инфляция және эмоционалды сауданың не екенін айтып, түсіндіріп отырғаны дұрыс», – дейді қаржыгер.
Қаржылық сауаттылық курсының авторы өз жанұясында қаражат ұстанымының іс жүзінде қалай орындалатынын түсіндіріп өтті. Ата-ана ретінде Анель жұбайымен балаларына үйдегі көмегі мен сабағын жақсы оқығаны үшін еңбекақы беріп отырады екен. Бұдан басқа олимпиада мен түрлі жарыстарға қатысып, онда жүлде орындарын иеленгені үшін немесе бір тоқсанда үздік оқушы атанғаны үшін балалар ақша түрінде бонус алады екен. Ең қызығы, Анель ханым және жұбайы еңбекақы мен бонусты қайда жараттың деп балаларынан сұрамайды. Басқа сөзбен айтқанда, балалар осы қаражатқа толығымен ие. Қаржыгердің айтуынша, осылай балаларда қаржылық жауапкершілік пайда бола бастайды.
Ал уақыт келе балалардың өсуімен оларды өмірге дайындық ретінде өз бизнесіңізге не жұмысыңызға тарту да балаңызға бермек үлкен әрі маңызды сабақ болмақ. «Үлкен балаларды өз бизнесіме тарту екі жаққа да көп септігін тигізді дейді», – Анель ханым. «Балалар аударма не сайт жасау жағынан бізден көп біледі әрі басқа да бүгінгі күннің инструменттері туралы жастар арасында ақпарат баршылық. Ал балалар болса шет тілі не басқа да қабілеттерін дамытып, жұмыс туралы маңызды білімге ие болды», – дейді қаржыгер. Осылайша, балалар бизнестің бір бөлшегіне қатысу арқылы осы жұмыс түрінің креативті болатынын біліп, алайда қаражат жағынан тұрақсыз екеніне көздері жетеді. Ал кәдімгі жұмысқа тұру ақша жағынан өте тұрақты болғанымен, креативке көптеген кедергі болатынын жастайынан біліп тану да балаларға маңызды ақпарат.
Сонымен балалардың қаражатқа деген қызығушылығын сөндірмей, қайта олардың осы салада білімін іс жүзінде арттыру ата-ананың баласына бермек үлкен көмегі болмақ. Қаржыгердің тәжірибесіне сүйенсек, балаларға еңбекақы бөліп, оны қадағаламау осы көмектің бір жолы болса, балаларды өз бизнесіңізге қатысуға не жұмысыңызға тарту осы өмірге дайындық жолының тағы бір тәсілі болмақ.