Канада мен Үндістанға АХҚО мүмкіндіктері таныстырылды
Канада мен Үндістан өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл туралы abctv.kz және tumba.kz хабарлайды.
Дәлірек айтсақ, кеше Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің төрағасы Алик Шпекбаев Үндістан Республикасының Елшісі Прабхат Кумармен кездесті. Кездесу барысында, агенттік төрағасы Қазақстанда бизнес жүргізудің мүмкіндіктерімен таныстырды. Бұл ретте ол ағылшын құқықтары негізінде жұмыс жасап келе жатқан АХҚО-ның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Инвесторлар мен бизнес қауымдастыққа біздің есігіміз қашан да ашық. Сондықтан біз барлық қолжетімді ресурстарды пайдалана отырып, бизнес өкілдері мен инвесторларды бюрократия мен олардың қызметіне заңсыз қолсұғушылықтан қорғайтын боламыз», – деді Шпекбаев.
Сол сияқты Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов та үйеңкі жапырақты елдің ең батысында орналасқан Британдық Колумбия провинциясының бизнес өкілдерімен кездесті. Жиынға Британдық Колумбия заң шығарушы орталығының спикері Дарил Плекас, Еңбек, сауда және технологиялар министрі Брюс Ралстон қатысқан.
Қазақстандық дипломат, өз кезегінде, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ және «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында өзара ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті.
«Канадалық бизнесмендер мен сарапшылар АХҚО қызметімен, мемлекеттік активтерді жекешелендіру, Қазақстанның ұлттық инвестициялық стратегиясымен танысты. Екі ел арасындағы ынтымақтастық одан ары дами түсетініне сенімдімін», – дейді елші.
Фото: Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі