АХҚО Халықаралық инвесторлар апталығын өткізеді
Нұр-Сұлтан, Қазақстан – 2020 жылғы 5-9 қазан аралығында АХҚО Виртуалды Халықаралық инвесторлар апталығын өткізеді.
Іс-шараның мақсаты – қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғау және инвестициялау негіздері туралы хабардар ету. Виртуалды Халықаралық инвесторлар апталығының ұйымдастырушысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) болып табылады. Бірлесіп ұйымдастырушылар – АХҚО Әкімшілігі, AIX, АХҚО-ның Біліктілікті арттыру бюросы және Финтех Хабы.
Халықаралық инвесторлар апталығы жыл сайын әлемнің 6 континентіндегі 80 елдің қаржылық реттеушілерімен Халықаралық бағалы қағаздар комиссиялары ұйымының (IOSCO) қолдауымен өткізіледі. IOSCO қор нарығын реттеушілердің халықаралық ұйымы болып табылады. IOSCO мүшелері әлемнің 115-тен аса юрисдикциясында бағалы қағаздар нарығының 95%-нан астамын реттейді. Халықаралық инвесторлар апталығын өткізу АХҚО-нің қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғау бойынша IOSCO стандарттарына адалдығын көрсетеді.
2018-2019 жылдары IOSCO қолдауымен Халықаралық инвесторлар апталығы оффлайн дәрістер форматында өтіп, оған 5000-нан астам қатысушылар Қазақстанның 7 қаласы: Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл және Түркістаннан қатысты.
Осы жылы Халықаралық инвесторлар апталығындағы іс-шаралар онлайн-презентациялар мен онлайн-ақпараттық сессиялар форматында өтеді. Оларға кез-келген адам қатыса алады. Іс-шараның спикерлері АХҚО сарапшылары, сондай-ақ қор нарықтары, тұтынушылар мен инвесторларды қорғау, қаржылық технологиялар, жасыл және исламдық қаржыландыру, бағалы қағаздар нарығының құралдары, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыру саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар болады.
Толығырақ ақпарат, іс-шара бағдарламасы және іс-шараға тіркелу сілтеме бойынша қол жетімді.