AFSA АХҚО-ның ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жүйесі бойынша практикалық нұсқаулығына түзетулер енгізді
Практикалық нұсқаулыққа енгізілген түзетулер АЖ/ТҚҚ саласындағы қағидалар мен санкцияларда белгіленген ақшаны жылыстатуға (АЖ) және терроризмді қаржыландыруға (ТҚ) қарсы іс-қимыл жөніндегі аудитке қойылатын қолданыстағы талаптарды түсіндіреді және қандай да бір қосымша жаңа талаптар енгізбейді.
Нұсқаулыққа түзетулер АХҚО қатысушыларына АЖ/ТҚҚ саласында тәуелсіз аудитті қалай жүргізу керектігін жақсырақ түсінуге көмектеседі, осы саладағы тиісті аудитордың профилі жөнінде ұсыныстар береді және аудиторлар үшін AFSA-ның қолданыстағы талаптары мен ұсынымдарын қалай сақтау керектігін көрсететін пайдалы құрал ретінде қызмет етеді.
АЖ/ТҚҚ саласындағы аудитке қатысты түзетулер практикалық нұсқаулыққа 7-қосымшада қоса беріледі, олар «АЖ/ТҚҚ аудиті жөніндегі нұсқаулық» деп аталады. Практикалық нұсқаулықтың толық нұсқасы (енгізілген өзгерістермен) осы сілтеме арқылы қолжетімді.
Осы нұсқаулықта АЖ/ТҚҚ аудитінің жалпы мақсаттары жөнінде түсініктемелер қамтылған және аудит алдындағы негізгі әрекеттер мен кезеңдер сипатталған. Ол сондай-ақ АХҚО қатысушыларына бәсекелі аудиторды іздеуде практикалық көмек көрсетеді, АЖ/ТҚҚ аудиторымен өзара іс-қимыл жасау бойынша ұсынымдар және тиісті нормативтік талаптарға сәйкес келу үшін қатысушылар ескеруі тиіс маңызды ескертпелер береді.
AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «АЖ/ТҚҚ саласындағы тұрақты және жақсы құрылымдалған жұмыс бизнес-операциялар мен экономиканы қорғауға көмектеседі. FATF/EAG-дің Қазақстан мен АХҚО үшін таяуда жүргізген бағалау нәтижелері Қазақстан FATF ұсынымдарының көпшілігіне сай келетіндігін көрсетті. Бұл саладағы прогресс реттеуші органның жұмысына да, компаниялардың тиісті AЖ/ТҚҚ бақылау шараларын сақтау және күшейту жөніндегі саналы күш-жігеріне де байланысты екенін атап өту маңызды. Бұл нұсқаулық дәл осылар үшін арналған».
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидаларында қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелері қарастырылған.
АХҚО-да 78 елден 2300-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен өте ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс деректері:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45