AFSA АХҚО алымдарына қатысты қағидаларға түзетулерді жариялады
Құжат 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және негізінен қадағалау алымдары мен Компаниялар тіркеушісіне төленетін алымдарға түзетулерді қамтиды, сондай-ақ алымдарды төлетуге қатысты түсініктемелерді енгізеді.
Жаңа алымдар бірнеше бағыттар бойынша реттеуші базаны әзірлеп, 2024 жылы күшіне енуі нәтижесінде енгізілді. Бұл бағыттар цифрлық активтермен байланысты қызметтер (DASP) көрсетушілердің, цифрлық активтерді саудалау платформалары (DATF) операторларының қызметтерін, стейблкоиндер (Stablecoins) мен бағалы қағаздар токендерін (Security Token Offering) реттеу қағидаларын қамтиды. Осы уақытқа дейін тек FinTech Lab режимінде жұмыс істеп келген цифрлық активтерді саудалау платформаларының операторлары үшін жылдық қадағалау алымы белгіленген төлемді азайту және нарық жұмысының нәтижелеріне пропорционалды айнымалы құрамдас бөлікті енгізу арқылы қайта қаралды.
Өзгерістер FinTech Lab қатысушыларына қолданылады, олар егер FinTech Lab лицензиясы берілген күннен бастап екі жылдан астам мерзімге ұзартылса, қадағалау алымын толық төлеуді бастау керек болады. АХҚО қағидалары FinTech Lab лицензиясын екі жыл мерзімге беруді қарастырады.
Клирингтік палатаны басқару бойынша нарықтық қызмет үшін жылдық қадағалау алымы енді клирингтік операциялардың көлемін көрсетеді. Бұдан басқа, АХҚО қатысушысы емес Танылған клирингтік палата операторы үшін жылдық алымды есептеу формуласына тиісті түзетулер енгізілді.
Басқа түзетулер лицензияға өзгерістер енгізу үшін алымдар бөлігіндегі қайта қарауды, өтініш беру мен қадағалау үшін AFSA мен Компаниялар тіркеушісіне төленетін қосымша алымдарды, қадағалау алымдарын есептеуге қатысты түсіндірмелерді, сондай-ақ техникалық өзгерістерді қамтиды.
2022 жылы AFSA АХҚО-да реттелетін, нарықтық қызметті және FinTech Lab қызметін қадағалау үшін алымдар ала бастады. 2023 жылдың ішінде AFSA АХҚО-дағы алымдарды қолдануға қатысты әртүрлі түсініктемелер мен сұраулар алды. Бұл алымдарды алуды реттейтін кейбір ережелерге түзетулер енгізу және оларды есептеуде неғұрлым анықтық қажеттігін көрсетті.
AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Түзетулер сала өкілдерімен екі жария консультацияның және біздің қатысушыларымызбен жүргізілген ауқымды үйлестіру жұмысының нәтижесі. Біздің мақсатымыз – ең жоғары реттеуші стандарттарға бейілділікті сақтай отырып, жаңа бизнес-модельдер мен шешімдерді сынап көргісі келетін түрлі компанияларға сай келетін тәсілді әзірлеу. Осылайша, бұл өзгерістер АХҚО-ның реттеуші экожүйесінің жалғасып жатқан дамуын, оның неғұрлым күрделі және жетілдірілген тәсілдерін көрсетеді», – деп атап өтті.
АХҚО Алымдар қағидаларына өзгерістердің толық топтамасымен осы сілтеме бойынша танысуға болады.
Түзетулер 2024 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидаларында қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелері қарастырылған.
АХҚО-да 78 елден 2300-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен өте ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс деректері:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45