AFSA АХҚО FinTech Lab алаңында оқиғаларға байланысты келісімшарттарды тестілеуге рұқсат берді

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығында оқиғаларға байланысты келісімшарттар (Event-Based Contracts) нарығына қатысты болжамды тәсіл туралы хабарламаны жариялау арқылы оларды тестілеудің құқықтық негізін қалыптастырды (құжат осы сілтеме бойынша қолжетімді). Қаржы орталығы реттеушісінің бұл бастамасы бұған дейін өңірде қолжетімді болмаған, қарқынды дамып келе жатқан деривативтер нарығы сегментін енгізу мүмкіндіктерін зерделеуге жол ашады. Тестілеу тек АХҚО FinTech Lab аясында жүргізіледі, бұл жаңа өнімдерді бақыланатын реттеушілік ортада сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Евгения Богданова, AFSA бас директоры: «Оқиғаларға байланысты келісімшарттар нарығы әлемдегі қаржылық инновациялардың жаңа әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыты болып табылады. Мұндай өнімдерді FinTech Lab алаңында тестілеуге мүмкіндік бере отырып, біз нарықтың тұтастығын қамтамасыз етумен қатар, олардың әлеуетін бақыланатын ортада бағалай аламыз. Біздің тәсіліміз мұндай келісімшарттарды қолдану аясын мақсатты түрде қаржылық және экономикалық оқиғалармен шектейді. FinTech Lab AFSA-ға нарық қатысушыларымен тығыз өзара іс-қимыл жасауға, жаңа бизнес-модельдер мен туындайтын тәуекелдерді зерделеуге және тестілеу нәтижелерін реттеудің одан әрі тәсілін қалыптастыру кезінде пайдалануға мүмкіндік береді», — деп атап өтті.

Оқиғаларға байланысты келісімшарттар – төлемдері болашақта белгілі бір оқиғаның орын алуына немесе орын алмауына байланысты болатын туынды қаржы құралдары. Олар жаһандық қаржы нарығының қалыптасқан әрі қарқынды дамып келе жатқан сегменті болып табылады және нарық қатысушыларына болашақ оқиғаларға қатысты өз күтулерін білдірудің, ал жекелеген жағдайларда олармен байланысты тәуекелдерді басқарудың қосымша құралын ұсынады. Соңғы жылдары мұндай құралдарды қолдану аясы айтарлықтай кеңейді: макроэкономикалық көрсеткіштер мен ақша-кредит саясаты жөніндегі шешімдерден бастап саяси, технологиялық және нақты әлемдегі объективті түрде өлшенетін басқа да оқиғаларға дейін.

Мысалы, оқиғаларға байланысты келісімшарттардың неғұрлым дамыған реттелетін нарықтарының бірі Америка Құрама Штаттарында қалыптасқан. АҚШ-тың Тауар фьючерстері саудасы жөніндегі комиссиясы (CFTC) ондаған жылдар бойы мұндай келісімшарттарды америкалық деривативтерді реттеу жүйесі шеңберінде танып келеді, ал мұндай құралдардың реттелетін нарықтары 1990-жылдардың басынан бері жұмыс істейді. Бүгінде CFTC реттейтін келісімшарттар нарықтары (Designated Contract Markets) Тауар биржалары туралы заңның және реттеушінің қолданылатын қағидаларының талаптары сақталған жағдайда оқиғаларға байланысты келісімшарттарды ұсына алады. АҚШ-тың реттелетін алаңдарында қолжетімді өнімдер тізімі кеңейіп келеді және оған ЖІӨ, инфляция, пайыздық мөлшерлемелер жөніндегі шешімдер, сайлау, криптовалюталардың бағасы және объективті түрде тексеруге болатын басқа да оқиғаларға байланысты келісімшарттар кіреді.

Нарықтағы сауда белсенділігі де айтарлықтай өсіп келеді. Pew Research Center талдауына сәйкес, әлемдегі болжам нарықтарының ең ірі екі платформасындағы жиынтық айлық сауда көлемі 2025 жылғы қыркүйектегі 5 млрд АҚШ долларынан аз көрсеткіштен 2026 жылғы сәуірде шамамен 24 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Мұндай динамика нарықтың оқиғаларға байланысты құралдарға қаржы өнімдерінің жаңа санаты және нарықтық күтулерді айқындау құралы ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Оқиғаларға байланысты келісімшарттардың реттелетін нарықтарының одан әрі дамуы болашақ оқиғаларға қатысты күтулерді нарық қалыптастыратын ашық бағаларға айналдыруға мүмкіндік беретін қаржы құралдарының пайда болуы жөніндегі кең ауқымды жаһандық үрдісті көрсетеді. Инвестициялық мақсаттарда пайдаланудан бөлек, мұндай нарықтар неғұрлым тиімді баға белгілеуге ықпал етіп, белгілі бір оқиғалардың орын алу ықтималдығына нақты уақыт режимінде нарықтық баға бере алады. Осылайша, АХҚО-да оқиғаларға байланысты келісімшарттар үшін реттелетін негіздің құрылуы халықаралық қаржы нарықтарының даму үрдісіне сәйкес келеді және осы жаңа активтер санатының тиісті реттеушілік стандарттарды сақтай отырып дамуына мүмкіндік беретін институционалдық ортаны қалыптастырады.

AFSA тәсіліне сәйкес FinTech Lab аясында тестіленетін келісімшарттар тек қаржылық және экономикалық оқиғаларға байланысты болуы мүмкін. Рұқсат етілген базалық оқиғаларға бағалы қағаздар бағалары мен бағалы қағаздар индекстерінің, мақұлданған цифрлық активтердің, тауарлар мен тауар индекстерінің, пайыздық мөлшерлемелер мен валюта бағамдарының өзгеруі, сондай-ақ инфляция, ЖІӨ және жұмыспен қамту деректерін қоса алғанда, макроэкономикалық көрсеткіштердің жоспарлы жариялануы және орталық банктің пайыздық мөлшерлемелер жөніндегі шешімдері жатады.

Қаржылық немесе экономикалық сипатқа жатпайтын оқиғаларға байланысты келісімшарттар рұқсат етілген тестілеу аясына кірмейді. Атап айтқанда, спорттық және саяси оқиғаларға, ауа райы құбылыстарына, ойын-сауық индустриясына және танымал тұлғаларға қатысты оқиғаларға байланысты келісімшарттарға тыйым салынады.

Тестілеу тек АХҚО FinTech Lab аясында жүзеге асырылады. AFSA ұсынылатын өнім мен бизнес-модельдің ерекшеліктерін, сондай-ақ өтініш берушінің мүмкіндіктері мен ресурстарын ескере отырып, әрбір өтінімді тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде жеке қарайды.

Оқиғаларға байланысты келісімшарттар тек кәсіби клиенттерге және белгіленген талаптарға сәйкес келетін, қажетті бағалаудан сәтті өткен жартылай кәсіби клиенттерге ұсынылуы мүмкін. Бұл құралдар бөлшек клиенттердің кең ауқымы үшін қолжетімді болмайды. Жеке тұлға болып табылатын клиенттердің жасы кемінде 21-де болуы тиіс.

Реттеушілік база сондай-ақ кешенді қорғау шараларын көздейді. Оқиғаларға байланысты келісімшарттар толық көлемде қамтамасыз етілуге тиіс, ал маржалық саудаға немесе кредиттік левереджді пайдалануға жол берілмейді. Тестілеуге қатысатын компаниялар клиенттерге өнім және онымен байланысты тәуекелдер туралы анық ақпарат беруге, сондай-ақ сауда-саттық басталғанға дейін клиенттің келісімшарттың «бәрі немесе ештеңе» қағидаты бойынша нәтижені көздейтін бинарлық сипатын түсінетінін растайтын келісімін алуға міндетті.

AFSA нарықты теріс пайдалануға және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптарды оқиғаларға байланысты келісімшарттармен байланысты қызметке де қолданады. Тестілеуге қатысатын компаниялар нарықты теріс пайдалану мен қаржылық қылмыстарды анықтау және олардың алдын алу үшін тиісті жүйелер мен бақылау тетіктерін қамтамасыз етуге міндетті болады.

FinTech Lab AFSA-ға келісімшарттардың талаптарын, клиенттердің бейіндерін және жасалатын операцияларды қоса алғанда, тестілеу процесін қадағалауға мүмкіндік береді. Клиенттерге, нарықтың тұтастығына немесе AFSA-ның реттеушілік мақсаттарына қол жеткізуге қатысты тәуекелдер туындаған жағдайда, реттеуші шарттар мен шектеулерді белгілеуге немесе өзгертуге, жекелеген өнімдерді шектеуге не оларды тестілеуді тоқтатуды талап етуге құқылы.

Анықтама үшін:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) — Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]

AIFC Services Assistant