AFSA клирингтік қатысу сертификаттарын білікті инвестициялар ретінде тануды мақұлдады
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) International Trading System Limited шығаратын клирингтік қатысу сертификаттарын (КҚС) АХҚО-ның Көпжақты және ұйымдастырылған сауда алаңдары қағидаларына сәйкес білікті инвестициялар ретінде тану туралы шешімі қамтылған хабарламаны жариялады. Бұл туралы 10 қыркүйекте Astana Finance Days 2026 форумы аясында жарияланды.
Бұл шешім АХҚО-ның капитал нарықтарын реттеу шеңберінде өтімділікті басқару тиімділігін арттыруға және РЕПО мәмілелері арқылы қамтамасыз етілген қаржыландыруды тартуға бағытталған жаңа қамтамасыз ету құралын енгізеді. КҚС клирингтік қатысушыларға белгіленген талаптарға сәйкес келетін және оқшауланған қамтамасыз ету пулына енгізілген активтерді стандартталған қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ITS операторы болып табылатын реттелетін нарықтық инфрақұрылым арқылы қысқа мерзімді өтімділікке қол жеткізуді жеңілдетеді.
Евгения Богданова, AFSA бас директоры: «КҚС-ты тану қамтамасыз етудің өзара алмастырылуын арттыруға және оны ақша нарығында пайдалану тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық шешім болып табылады. Көбінесе қамтамасыз ету әртүрлі активтер мен мәмілелер арасында бөлінеді, бұл оны жұмылдыру мен қайта пайдалануды күрделендіріп, қымбаттатады. КҚС белгіленген талаптарға сәйкес келетін активтерді бірыңғай пулға біріктіріп, оларды стандартталған қамтамасыз ету құралына айналдыру арқылы осы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Бұл қамтамасыз етудің мобильділігін арттырып, қаржы ұйымдарына оны неғұрлым тиімді беруге, алмастыруға және қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар КҚС өзара есепке алу тиімділігін арттырып, қамтамасыз етілген қаржыландыру операцияларын жүргізу үшін қажетті қамтамасыз ету мен өтімділік көлемін азайтуға ықпал етеді. АХҚО үшін мұндай құралды енгізу, атап айтқанда РЕПО нарығын және қамтамасыз етілген қаржыландырудың басқа да нысандарын кеңейту арқылы неғұрлым терең әрі өтімді ақша нарығын дамытуға ықпал етуі мүмкін», — деп атап өтті.
Реттеушілік база тиісті қорғау тетіктерін сақтай отырып, қамтамасыз етудің мобильділігін арттыруға бағытталған. Бұл тетіктер активтердің жарамдылық критерийлерін, оларды бағалау және дисконттау талаптарын, маржалық қамтамасыз ету, шоғырлануды бақылау, дефолттарды басқару рәсімдері, сондай-ақ ашықтыққа қатысты талаптарды қамтиды.
Құралды тану туралы шешім AFSA жүргізген оның экономикалық әсерін, болжамды пайдаланушылар аясын, басқа юрисдикциялардағы ұқсас құралдарды реттеу тәсілдерін және нарық қатысушыларына ықтимал әсерін бағалау нәтижелері бойынша қабылданды. Бағалау барысында AFSA сондай-ақ жария консультациялар кезінде алынған кері байланысты ескеріп, осы құралға байланысты негізгі тәуекелдерді, оның ішінде өтімділік, нарықтық, кредиттік және операциялық тәуекелдерді, сондай-ақ қамтамасыз етудің жеткіліктілігіне байланысты тәуекелдерді қарастырды.
Құралды тану бірқатар арнайы реттеушілік шарттар мен шектеулерді көздейді. Олар КҚС-ты бақыланатын түрде енгізуді және өнім одан әрі дамыған сайын онымен байланысты тәуекелдерді тиісінше басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Хабарлама осы сілтеме бойынша қолжетімді.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]