АХҚО мен CICC Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО, Орталық) мен China International Capital Corporation (CICC) Астанада AIFC-CICC Investors Day іс-шарасын өткізді. Ол Қазақстан, Қытай және Гонконгтың инвестициялық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, капитал нарықтарын дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және өңірге капитал тартудың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға мүмкіндік берді.

Бүгінде АХҚО Қазақстан мен Орталық Азияға халықаралық капитал тартудың негізгі платформасы ретінде қызмет атқарады. Ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген юрисдикциясы, Astana International Exchange (AIX) халықаралық биржалық инфрақұрылымы және қолайлы реттеуші ортасы арқасында Орталық өңірдегі ірі инвестициялық жобаларды құрылымдауға мүмкіндік береді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, АХҚО-ның өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Қытай құрлығы және Гонконгтың жетекші қаржы ұйымдары мен инвестициялық компаниялары қатысты. Бағдарлама аясында BI Group, Solidcore, Freedom Holding Corp., Қазақстан Темір Жолы, AMC One және MOST Investment сияқты Қазақстанның жетекші қазақстандық компаниялар өз жобаларын Гонконгтың институционалдық инвесторларына таныстырды. Сонымен қатар қазақстандық эмитенттердің халықаралық капитал нарықтарына шығуының практикалық аспектілері талқыланды.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров:

«Бүгінде экономикалардың бәсекеге қабілеттілігі ресурстар көлемімен ғана емес, халықаралық сауда, көлік және қаржы желілеріне тиімді ықпалдасу қабілетімен де анықталады. Әлемдік экономикадағы соңғы үрдістер тұрақтылықтың маршруттарды, нарықтарды және капитал көздерін әртараптандыру арқылы қамтамасыз етілетінін көрсетіп отыр.

Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан Қазақстан өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту үшін бірегей мүмкіндіктерге ие. Инвестициялық жобалар, капитал нарықтарын дамыту, инфрақұрылым және тұрақты қаржыландыру арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің зор әлеуетін көріп отырмыз. Мұндай жобалар бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, экономикалық өсімге ықпал етеді және елдеріміз арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтады», – деп атап өтті.

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала береді. Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11% өсті. Экономикалық өзара әрекеттесудің өсуі АХҚО экожүйесінде де көрініс табуда: бүгінде Орталық алаңында Қытайдан 1300-ден астам компания тіркелген. Бұл қытайлық бизнесті АХҚО қатысушылары арасындағы ең ірі шетелдік қауымдастықтардың біріне айналдырады.

Іс-шара барысында АХҚО халықаралық инвесторларға өз экожүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды. Атап айтқанда, AIX биржасы арқылы капитал нарықтарына қол жеткізу, тұрақты қаржыландыру мен көміртек нарықтары саласындағы бастамалар, сондай-ақ авиациялық қаржыландыру және шағын тау-кен компанияларын қолдау сияқты экожүйені дамытудың жаңа бағыттары ұсынылды.

Қатысушылар Қазақстан мен Азияның жетекші қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл талқылаулар Гонконг Әкімшілігінің Басшысы Джон Лидің Қазақстанға жуырдағы сапары барысында басталған бастамалардың жалғасы болды. Сол кезде АХҚО мен Гонконг қор биржасы (HKEX), Invest Hong Kong, South China Morning Post Publishers Limited, Hong Kong Trade Development Council, China International Capital Corporation Limited, Ewpartners Investment Management Limited, Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы Үкіметі жанындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы кеңсесі арасында, сондай-ақ AIX пен HKEX арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылған болатын.

AIFC-CICC Investors Day іс-шарасының өтуі қытай қаржы институттары мен инвесторларының Қазақстан мен Орталық Азияның мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық танытып отырғанын растады. Іс-шара екі ел арасындағы инвестициялық диалогты нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

China International Capital Corporation (CICC) – 1995 жылы құрылған. Компания клиенттердің әртүрлі санаттарына жоғары сапалы және қосымша құн қалыптастыратын қаржылық қызметтердің кең ауқымын ұсынуға бағытталған. CICC зерттеу жұмыстары мен ақпараттық технологияларға негізделген теңгерімді әмбебап бизнесмодель қалыптастырып, инвестициялық банкинг, акциялар нарығы, FICC (тіркелген кірісті құралдар, валюталар және тауарлар), активтерді басқару, тікелей инвестициялар (private equity) және жеке капиталды басқару (wealth management) бағыттарын дамытуда. Компанияның штабпәтері Бейжің қаласында орналасқан. Топтың Қытайда 200-ден астам кеңсесі бар, сондайақ Гонконг, НьюЙорк, Лондон, Сингапур, Франкфурт, Токио, Хошимин және Дубай қалаларында еншілес компаниялары мен өкілдіктері жұмыс істейді.

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant