АХҚО мен HKEX орнықты қаржыландыру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға ниетті
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Гонконг қор биржасы (HKEX) орнықты даму, жасыл қаржыландыру, сондай-ақ авиация және сақтандыру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің қаржы, энергетика, технология және басқа да салалардың өкілдерімен бірге Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында қол қойылды. Сапар Қазақстан мен Гонконг арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге тараптардың қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Меморандумға АХҚО Әкімшілігінің басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков пен Гонконг қор биржасының (HKEX) басқарма төрайымы Бонни И Чан қол қойды.
Бақтияр Тілеубеков былай деп атап өтті: «Гонконг қор биржасымен осы меморандумға қол қою – Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірінің қаржылық және орнықты экожүйелері арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам. Серіктестік аясында біз көміртек нарықтары, жасыл қаржыландыру, тұрақты авиация және тәуекелдерді басқару саласындағы инновациялық шешімдер бойынша өңірлік ынтымақтастықты дамытуды көздеп отырмыз. Сараптамалық тәжірибені біріктіру, өңіраралық стандарттарды ілгерілету, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және білім алмасу арқылы біз өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуіне ықпал ететін неғұрлым интеграцияланған орнықты қаржыландыру экожүйесінің негізін қалыптастырып жатырмыз».
Гонконг қор биржасының (HKEX) басқарма төрайымы Бонни И Чан: «АХҚО әкімшілігімен және AIX биржасымен меморандумдарға қол қою Орталық Азиядағы ең серпінді дамып келе жатқан қаржы орталықтарының бірімен ынтымақтастығымызды нығайтып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді», – деп атап өтті.
Көміртек нарықтары мен орнықты қаржыландыру саласында тараптар екі өңірдегі орнықты даму, климаттық трансформация және декарбонизация үдерістерін қолдау мақсатында өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге баса назар аудармақ.
Ынтымақтастық сондай-ақ жасыл қаржыландыру экожүйелері мен экологиялық қаржы құралдарын дамыту мүмкіндіктерін, соның ішінде Қазақстаннан, Орталық Азия мен Кавказдан осындай құралдарды тарату арналарының құрылуын, сондай-ақ оларды сертификаттау мен шығару стандарттары мен әдіснамалары арасындағы өңіраралық «жұмсақ өзара байланыстарды» ілгерілетуді зерделеуді қамтиды.
Меморандум сонымен қатар көміртегі шығарындыларын азайтуға, отын тиімділігін арттыруға және орнықты авиациялық отын мен технологияларға көшуге бағытталған бастамаларды қоса алғанда, орнықты авиация жобаларын әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырады.
Тараптар сондай-ақ тәуекелдерді бағалау, андеррайтинг және бірлескен жобаларды қолдау мен байланысты тәуекелдерді басқаруға арналған инновациялық қаржы құралдарын әзірлеуді қоса алғанда, сақтандыру және қайта сақтандыру салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екі өңірде де нарықтың хабардарлығын арттыру мақсатында жасыл қаржыландыру экожүйелері мен экологиялық қаржы құралдары саласындағы әлеуетті дамыту және білім алмасу болмақ.
Сонымен қатар, тараптар junior mining секторындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуді жоспарлап отыр.
Меморандум көміртек нарықтарын дамытуға бағытталған өзара түсіністікті нығайту мақсатында тараптар арасында тәжірибе алмасуды да көздейді. Бұдан бөлек, тараптар зерттеу қызметі саласында ынтымақтасуға ниетті.
Сондай-ақ, Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің АХҚО-ға сапары аясында АХҚО әкімшілігі мен Invest Hong Kong; South China Morning Post Publishers Limited; Hong Kong Trade Development Council; China International Capital Corporation Limited; Ewpartners Investment Management Limited; Гонконг арнайы әкімшілік ауданы Үкіметінің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы офисі арасында бірқатар келісімдерге, сондай-ақ Astana International Exchange биржасы мен Гонконг қор биржасы (HKEX) арасында меморандумға қол қойылды.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]
Гонконг қор биржасы (HKEX) – акциялар, тауарлық активтер, борыштық құралдар және валюта нарықтарын басқаратын әлемдегі жетекші биржалық топтардың бірі. Өзінің биржалары, клирингтік ұйымдары және сауда платформалары арқылы HKEX жаһандық капиталды Азия мен әлемнің өзге де өңірлеріндегі инвестициялық мүмкіндіктермен байланыстырады.