АХҚО Алматыда Club First Kazakhstan мүшелеріне өз артықшылықтарын таныстырды

10 шілде күні Алматы қаласында Club First Kazakhstan ұйымдастырған кездесу өтіп, оған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) өкілдері, АХҚО юрисдикциясында тіркелген кәсіби қызмет көрсетуші компаниялар, сондай-ақ бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында АХҚО өкілдері Орталықтың бизнеске ұсынатын мүмкіндіктері, АХҚО юрисдикциясында компанияларды тіркеудің ерекшеліктері және ағылшын жалпы құқығын қолданудың артықшылықтары туралы баяндады. Сонымен қатар қатысушылар сарапшыларға сұрақтар қойып, бизнесті дамыту мақсатында АХҚО құралдарын пайдалану бойынша практикалық ұсынымдар алды.

Пікірталас үш негізгі тақырыпқа арналды: АХҚО салықтық режимі, оңтайлы корпоративтік құрылымды таңдау және ағылшын жалпы құқығының құралдарын пайдалана отырып бизнесті құрылымдаудың заманауи тәсілдері.

Панельдік сессия барысында сарапшылар АХҚО салықтық режимінің ерекшеліктерін қарастырып, тиімді салықтық жоспарлау мен заңнама талаптарын сақтау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізудің ең қолайлы моделін таңдау бойынша практикалық ұсынымдарға ерекше назар аударылды.

Корпоративтік құрылымдарды талқылау барысында қатысушылар Қазақстандағы ЖШС мен АХҚО юрисдикциясында тіркелген Private Company арасындағы айырмашылықтарды қарастырды. Сарапшылар ағылшын жалпы құқығын қолданудың артықшылықтары, меншік иелерінің құқықтарын қорғау тетіктері, корпоративтік басқарудың ерекшеліктері және халықаралық инвесторлардың сенімін арттыратын факторлар туралы айтып берді.

Бағдарламаның жеке бір бөлігі АХҚО Академиясының қызметіне арналды. Академия өкілдері іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары, кәсіби оқыту және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері туралы, сондай-ақ Академияның компаниялар мен мамандарға қаржы, құқық, комплаенс, корпоративтік басқару және халықаралық іскерлік ортада сұранысқа ие өзге де бағыттар бойынша құзыреттерін дамытуға қалай қолдау көрсететіні жөнінде баяндады.

Кездесу соңында қатысушылар корпоративтік құрылымды таңдау кезінде кәсіпкерлер жиі жіберетін қателіктер жөнінде пікір алмасты және Қазақстанның халықаралық қаржы нарықтарына интеграциясының күшеюі жағдайында бизнестің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын факторларды талқылады.

Панельдік пікірталас кәсіпкерлер қауымдастығы мен АХҚО сарапшылары арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қатысушыларға халықаралық қаржы юрисдикциясының мүмкіндіктерін бизнестің тұрақты дамуы үшін пайдалану бойынша практикалық ұсынымдар алуға мүмкіндік берді.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant