Astana Finance Days 2026 нәтижелері: басқарудағы активтер көлемі $26 трлн, 90 елден 8 000 қатысушы және арнайы қонақ — Димаш Құдайберген

Форумның екі күнінде AIX-те 3,7 млрд юань көлеміндегі Dim Sum облигациялары орналастырылып, Орталық Азияда алғаш рет көміртегі бірліктерінің биржалық саудасы іске қосылды. Салалық питчсессиялардың қорытындысы бойынша 13 ниет хатына қол қойылып, жаңа реттеушілік келісімдер жасалды, ал қазақстандық Jupiter Jet жүк әуе компаниясы АХҚО қолдауымен алғашқы лизингтік мәмілесін аяқтады. Форумның арнайы қонағы әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген болды.

2026 жылғы 9–10 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action IX форумы өтті. Форум инвесторларды, қаржы және технология секторларының өкілдерін, реттеушілерді, мемлекеттік және квазимемлекеттік институттарды, сондай-ақ халықаралық бизнесті қоса алғанда, 90 елден 8 000-нан астам қатысушыны біріктірді.

AFD 2026 форумына әлемнің жетекші қаржы ұйымдарының, соның ішінде BlackRock, Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield, E Fund Management, Rothschild & Co., IFC Asset Management Company, Hong Kong Investment Corporation және басқа да институттардың өкілдері қатысты. Форумда ұсынылған компаниялардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі $26 трлннан асты, оның $15 трлн-нан астамы BlackRock компаниясына тиесілі.

«Біз инвесторларды, реттеушілерді және бизнесті біріктіріп, идеялардың нақты шешімдерге, инвестициялық жобаларға және ұзақ мерзімді әріптестікке айналуына жағдай жасаймыз», – деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

«АХҚО жаһандық нарықтардың тілінде сөйлейтін және Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық капиталмен байланыстыратын институт ретінде құрылды. Білім, талант және қаржы ресурстары қолданыс таппайынша, тек әлеует күйінде қалады. Идеялар жаһандық серіктестер тауып, кәсіпкерлер жаңа нарықтарға шығып, капитал инвестицияға айналғанда нақты нәтиже пайда болады. Capital in Action мәні де осында. Біздің міндетіміз қазақстандықтардың бүкіл әлемде инвестициялауына, бизнестің халықаралық деңгейге шығуына, ал таланттардың жаһандық аренада бәсекеге түсуіне көмектесу», – деп атап өтті АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

Форумның негізгі оқиғалары «Қаржы архитектурасының трансформациясы» және «Транзиттен транзакцияларға: Қазақстанның өңірлік қаржы және сауда хабы ретінде қалыптасуы» пленарлық сессиялары болды. Қатысушылар қаржы инфрақұрылымының трансформациясын, цифрлық активтер мен жасанды интеллектінің дамуын, егемендік және институционалдық капиталдың рөлін, Қазақстан мен Қытай нарықтарының интеграциясын, сондай-ақ елдің транзиттік әлеуетін инвестициялық жобалар мен ұзақ мерзімді әріптестікке айналдыру мүмкіндіктерін талқылады.

Пленарлық пікірталастарға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Network School негізін қалаушы Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BlackRock, Goldman Sachs, Brookfield, Bloomberg, Anchorage Digital және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Капитал нарығындағы негізгі нәтижелердің бірі Astana International Exchange (AIX) биржасында Қазақстанның Даму Банкі шығарған, өтеу мерзімі бес және он жыл болатын Dim Sum облигацияларының екі траншының листингі болды. Шығарылымның жалпы көлемі 3,7 млрд қытай юанін, ал купондық мөлшерлемелер тиісінше 2,25% және 2,75%-ды құрады. Орналастыру AIX-тегі қытай юанімен номинацияланған құралдар желісін кеңейтіп, капитал тартуға және Қазақстан мен Қытайдың қаржы нарықтары арасындағы байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

AIX сондай-ақ Орталық Азия биржаларының арасында бірінші болып халықаралық Verified Carbon Standard (VCS) стандарты бойынша верификацияланған ерікті нарықтың көміртегі бірліктерімен сауда-саттықты іске қосты. Жаңа құрал мәмілелер жүргізудің ашық қағидалары мен нарықтық баға белгілеуді қамтамасыз етеді және өңірдегі климаттық жобалардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтеді. Көміртегі бірліктері I-REC жаңартылатын энергия сертификаттарынан кейінгі AIX-тің екінші экологиялық өнімі болды.

Форумның екі күнінде өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Оларды AFSA мен Хорватияның Қаржылық қызметтерді қадағалау агенттігі (HANFA); AFSA мен Грузия Ұлттық банкі; Tech Hub Ltd. пен Aitas Agro Ltd.; Tech Hub Ltd. пен Concordia Group Ltd.; тұрақты авиациялық отын жобаларын дамыту мәселелері бойынша АХҚО мен Қазақстанның Даму Банкі; АХҚО Жасыл қаржы орталығы, First Carbon Group Ltd. және Green Investment Group LLP; АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен HYT-CAPITAL; АХҚО мен «Қазақстанның креативті индустриялар альянсы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қауымдастығы; CodeCoin Tech Ltd. пен Delta DA Ltd.; CodeCoin Tech Ltd. мен «Altyn Bank» АҚ; Astana International Exchange (AIX) пен Қырғыз қор биржасы (KSE) жасасты.

Өңірлік интеграцияның перспективалары AFSA ұйымдастырған «Фрагментациядан интеграцияға: қаржы нарықтарын нығайтуға арналған өңірлік ынтымақтастық» атты дөңгелек үстелде қарастырылды. Қазақстан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның реттеушілері мен нарық қатысушылары Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы және өңірдің қор биржалары өкілдерімен бірге трансшекаралық қаржы өнімдерін, инвестициялық дәліздерді және қадағалау саласындағы ынтымақтастықты дамытудың нақты бағыттарын айқындады.

AFSA сондай-ақ оқиғаларға негізделген келісімшарттарды – Event-Based Contracts тестілеудің құқықтық негізін құрды. Жаңа туынды қаржы құралдары тек АХҚО FinTech Lab реттеушілік құм алаңының бақыланатын ортасында және қаржылық әрі экономикалық оқиғаларға байланысты келісімшарттар аясында тестіленеді.

Сонымен қатар, реттеуші International Trading System Limited шығаруды жоспарлап отырған клирингтік қатысу сертификаттарын білікті инвестициялар ретінде таныды. Жаңа қамтамасыз ету құралы өтімділікті басқару тиімділігін арттыруға және РЕПО мәмілелері арқылы қамтамасыз етілген қаржыландыруды тартуға бағытталған.

Форумда экономиканың нақты секторына инвестиция тартуға ерекше назар аударылды. Junior Mining Investment Day аясында инвесторлар мен стратегиялық серіктестерге келіп түскен 48 өтінімнің ішінен іріктелген 23 юниорлық тау-кен жобасы таныстырылды. Питч-сессияға 14 инвестор мен стратегиялық серіктес қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша инвесторлар мен жобалық командалар арасындағы ықтимал қаржыландыру мен ынтымақтастықты одан әрі пысықтауды көздейтін төрт ниет хатына қол қойылды.

Форумның тағы бір бағыты зияткерлік меншікті инвестициялық активке айналдыруға арналды. Пилоттық Creative Pitch Day 2026 бағдарламасына кино, музыка, ойын әзірлеу және цифрлық контент салаларынан 100-ден астам өтінім түсті. Оның 63-і бағдарламаның салалық бағытына сәйкес келді, 32 жоба іріктеудің келесі кезеңіне өтіп, 19 жоба инвесторларға таныстырылды. Питч-сессия қорытындысы бойынша тоғыз ниет хатына қол қойылды.

Осылайша, тау-кен саласы мен креативті индустриялардағы питч-сессиялардың қорытындысы бойынша барлығы 13 ниет хатына қол қойылды. Олар одан әрі келіссөздер жүргізуге, жобаларды кешенді тексеруден өткізуге және ықтимал инвестициялық немесе стратегиялық келісімдер жасауға негіз қалайды.

Креативті индустрияларға арналған қаржы құралдарын дамыту Tech Hub Ltd. пен ōzen X арасындағы негіздемелік келісімге қол қоюмен жалғасты. Тараптар АХҚО юрисдикциясында музыкалық роялтиді токенизациялау платформасын дамытуды жоспарлап отыр. ōzen X әртістерге музыкалық туындылардан түсетін болашақ кіріс есебінен капитал тартудың жаңа тетігін ұсыну үшін өзінің 7 000 музыкалық тректен тұратын базасын пайдалануды көздейді.

Авиациялық қаржыландыру форумның тағы бір салалық бағыты болды. АХҚО өңірдегі пилоттық «Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландыру: жаһандық үрдістер және «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі» есебін таныстырды. Зерттеуде әуе кемелерін сатып алу және лизингке алу модельдері, авиациялық қаржы орталықтарының халықаралық тәжірибесі, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказдың инвестициялық әлеуеті қарастырылған.

AIFC Aviation Finance Hub дамыту аясында қазақстандық Jupiter Jet жүк әуе компаниясы америкалық лизинг берушіден әуе кемесін лизингке алу жөніндегі алғашқы мәмілесін аяқтады. АХҚО хабы мәміле құрылымын әзірлеуге және коммерциялық келіссөздер жүргізуге қолдау көрсетті.

Форум бағдарламасының елеулі бөлігі жасыл және орнықты қаржыландыруға арналды. Жасыл қаржыландыру жөніндегі Түркі кеңесінің екінші отырысының қорытындысы бойынша тараптар бірлескен коммюникеге қол қойып, Кеңестің күн тәртібін кеңейтті: енді оның жұмысы жасыл қаржымен қатар орнықты қаржыландырудың неғұрлым кең ауқымды мәселелерін қамтиды. Кеңестің тұрақты хатшылығы АХҚО базасында жұмыс істейді.

АХҚО мен ЭЫДҰ бірлескен зерттеуінің алдын ала нәтижелері Қазақстанның бизнеске берілген кредиттер портфелінің шамамен 84%-ы – 16 трлн теңгеге жуық қаражат – экожүйелік қызметтерге кемінде орташа деңгейде тәуелді қызмет түрлерімен байланысты екенін көрсетті. Бизнеске берілген кредиттердің шамамен 42%-ы табиғатқа жоғары немесе өте жоғары қысым көрсететін қызмет түрлеріне тиесілі. Негізгі тәуелділік сумен жабдықтау, су ағынын реттеу, су тасқынынан қорғау және суды тазарту секілді су ресурстарына байланысты.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы, БҰҰ Даму бағдарламасы және Жасыл экономика мүддесіндегі іс-қимыл жөніндегі әріптестік PAGE ұлттық көк қаржыландыру архитектурасын дамыту жөніндегі жұмысты да таныстырды. Ол Қазақстанның Көгілдір таксономиясын, көгілдір облигациялар шығару жөніндегі ұлттық нұсқаулықты және су қауіпсіздігі, су инфрақұрылымын жаңғырту, сарқынды суларды тазарту мен су экожүйелерін қорғау салаларындағы жобаларды іріктеу шарттарын одан әрі әзірлеуді қамтиды.

АХҚО-ның Исламдық қаржы жөніндегі консультативтік кеңесінің үшінші отырысында қатысушылар сукук нарығын дамытудың басымдықтарын айқындады. Олардың қатарында шығарылымдар портфелін қалыптастыру, қазақстандық және халықаралық эмитенттер мен инвесторларды тарту, кросс-листингті дамыту және шариғаттық басқару жүйесін жетілдіру бар. Сондай-ақ Исламдық қаржы саласындағы құзыреттер орталығының алдын ала тұжырымдамасы қарастырылды.

Жаңа бастамалардың қатарында АХҚО ірі корпоративтік, энергетикалық, инфрақұрылымдық және көлік тәуекелдерін құрылымдауға, бірлесіп андеррайтинг жүргізуге және қайта сақтандыруға арналған өңірлік қайта сақтандыру хабы – AIFC Reinsurance Hub тұжырымдамасын таныстырды. Бастама Қазақстан мен Орталық Азиядағы қайта сақтандыру сыйымдылығын дамытуға және нарық қатысушыларының халықаралық қайта сақтандырушыларға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Форум қатысушылары АХҚО-ның көптілді интеллектуалды көмекшісі AIDA AIFC Intelligent Digital Assistant жүйесін де алғаш рет сынап көрді. AIDA мәтіндік және дауыстық сұрауларды өңдейді, Орталықта тіркелу, қолданыстағы талаптар, рәсімдер мен қызметтер туралы ақпарат береді және қажет болған жағдайда пайдаланушыны тиісті бөлімшеге немесе маманға бағыттайды.

Форум AIFC Awards 2026 марапаттау рәсімімен аяқталды. АХҚО-ның қаржы, инвестициялық және құқықтық экожүйесін дамытуға және Орталықтың халықаралық әріптестігін нығайтуға үлес қосқан 14 компания, ұйым және сарапшы марапатқа ие болды.

Негізгі номинациялардың жеңімпаздары OQAM Finance Ltd., International Trading System Limited, MIZAN Islamic Finance Ltd., Consult Engineering Group Limited, Global ESG Partnership NPIO, Ailat AI Ltd., Fonte Capital Ltd. және Abylai Global Solutions Ltd. болды. AIFC Legal Awards аясында Sayat Zholshy Law Firm Limited жылдың заң фирмасы, ал Максим Бурак жылдың заңгері атанды. Арнайы марапаттарға Shanghai Stock Exchange, China International Capital Corporation, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және GulfLink Ltd. ие болды.

Екі күн бойы қаржы институттарын, банктерді, инвестициялық және активтерді басқарушы компанияларды, сондай-ақ финтех және технологиялық жобаларды біріктірген AFD Exhibition Hub көрме платформасы жұмыс істеді. Қатысушылар өз өнімдері мен шешімдерін таныстырып, іскерлік кездесулер өткізіп, әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен тікелей байланыс орнатты.

Astana Finance Days 2026 серіктестердің қолдауымен өткізілді. Форумның алтын серіктесі – Freedom; күміс серіктестері – Solidcore Resources, KAZ Minerals және ITS; қола серіктестері – LMAX Group және Teniz Capital Investment Banking; индустриялық серіктесі – Allur; криптосеріктесі – Binance; финтех серіктесі – Mastercard; ресми әуе тасымалдаушысы – Air Astana; халықаралық медиасеріктестері – Euronews және SCMP. Серіктестер қатарында сондай-ақ Orient Capital Management, Dana Capital Limited, BI Group, CICC, Roemer Capital (Europe), Masdar, E Fund Management (Hong Kong), Abylai Global Solutions, Symphony Digital Assets, Fitch Ratings, AmCham Kazakhstan, Solana, Halyk Finance, MYD Production, Atlas Capital, PwC, Anchorage Digital, Alif, Jupiter Jet, RCS Group, Zubr Capital, Vitis Capital, Amicorp, Code Coin және басқа да ұйымдар бар.

Форум нәтижелері Astana Finance Days халықаралық капитал, реттеушілік сараптама мен салалық жобалар Қазақстан және өңір үшін жаңа қаржы құралдарына, келісімдер мен нақты инвестициялық мүмкіндіктерге айналатын алаң екенін растады.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]  

AIFC Services Assistant