Астана қаласында 2026 жылғы Еуразиялық төрелік апталығы аясында әлемнің жетекші сарапшылары бас қосты

2026 жылғы 3 шілдеде төртінші жыл сайынғы Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) ұйымдастырған Еуразиялық төрелік апталығы 2026 (IAC EAW26) Астанада сәтті аяқталды. Төрт күнге созылған іс-шара халықаралық төрелік саласындағы пікірталастарды, кәсіби оқыту бағдарламаларын, нетворкинг іс-шараларын және халықаралық ынтымақтастықты қамтып, Қазақстанның халықаралық дауларды шешу саласындағы өңірлік орталық ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайтты.

IAC EAW26 аясында әлемнің 40 юрисдикциясынан келген 600-ден астам делегат бас қосты. Олардың қатарында судьялар, төрешілер, ғалымдар, корпоративтік заңгерлер, адвокаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес қауымдастығы мен дауларды шешу саласының мамандары болды. Бағдарламаға Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Еуразия елдерінің жетекші төрелік институттары, университеттері, соттары мен заң фирмаларынан шақырылған 65 беделді сарапшы қатысты. 42 серіктес ұйымның қолдауымен өткен іс-шара барысында 21 панельдік сессия, негізгі баяндамалар және тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылды.

Алдыңғы жылдардағы табысты тәжірибеге сүйене отырып, IAC EAW26 Еуразиядағы халықаралық төрелік саласындағы жетекші кәсіби алаңдардың бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Іс-шара халықаралық төреліктің болашағына қатысты пікір алмасуға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық дауларды шешудің үздік тәжірибелерін ілгерілетуге мүмкіндік берді.

Төрт күндік бағдарлама халықаралық төрелік саласының бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелерін қамтыды. Атап айтқанда, жасанды интеллектінің төрелікке ықпалы, төрелік шешімдерді орындау, инвестицияларды қорғау, трансшекаралық дауларды шешу, төрелік пайдаланушыларының өзгеріп отырған күтулері, сондай-ақ төрелік білім беру мен тәжірибесінің болашағы кеңінен талқыланды.

Іс-шара 30 маусым күні Түрік төрелік қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылған IAC EAW26 тренинг күні бағдарламасымен басталды. «Төрешінің құралдар жиынтығы: тағайындаудан түпкілікті шешімге дейін» атты оқыту бағдарламасы төрешілер мен тәжірибелі заңгерлерге төрелік құрамын қалыптастыру, істі басқару, дәлелдемелермен жұмыс істеу және орындалуға жататын төрелік шешімдерді әзірлеу мәселелері бойынша практикалық нұсқауларды ұсынды.

Негізгі конференция 1–2 шілде күндері Астанадағы ХТО ғимаратында өтті. Ашылу рәсімінде ХТО төрағасы Томас Крюммель, АХҚО Сотының Төрағасы Мәртебелі Мэлдонын Лорды Бернетт KG, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Конституциялық Сотының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Бағдарламаға халықаралық төрелік саласының танымал сарапшылары қатысты. Олардың қатарында King & Spalding заң фирмасының серіктесі және халықаралық төрелік саласындағы әлемдегі жетекші мамандардың бірі Гари Борн, Лондондағы Queen Mary университетінің трансұлттық коммерциялық құқық және төрелік профессоры Лукас Мистелис, УНИДРУА-ның Құрметті Президенті және Италиядағы Қасиетті Жүрек Католик Университетінің халықаралық құқық профессоры Мария Кьяра Малагути, Лондон халықаралық төрелік сотының бас директоры Кевин Нэш және халықаралық төрелік қауымдастығының өзге де беделді өкілдері болды.

Конференцияның басты оқиғаларының қатарында «Еуразиядағы халықаралық төрелік: әртүрлі құқықтық дәстүрлер, құқықтық жүйелер және мәдени ерекшеліктер», «Халықаралық төрелік: өткені, бүгіні және болашағы», «Төреліктегі жасанды интеллект: орынды қолдану, шектеулер және этика» атты панельдік сессиялар, сондай-ақ халықаралық төреліктің даму үрдістері мен пайдаланушылардың күтулеріне арналған Queen Mary International Arbitration Survey зерттеуінің таныстырылымы болды.

Төрелік пен ұлттық соттардың өзара байланысы туралы сөз сөйлеген Лорд Бернетт KG тәуелсіз соттардың тиімді төрелік жүйесін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті:

«Төрелік орталықтары олардың қызметін қадағалайтын соттар қолданылатын құқықты тәуелсіз негізде қолданған жағдайда және төрелік шешімдер тиісті халықаралық конвенцияларға сәйкес ұлттық әрі халықаралық деңгейде орындалатын жағдайда ғана табысты жұмыс істей алады. АХҚО Соты бұл талаптарға толық сәйкес келеді.»

Профессор Лукас Мистелис халықаралық төреліктің жаһандық дамуы мен оған қатысушылар құрамының әртараптануы туралы былай деді:

«Төрелік өзінің табысының құрбанына айналды. Ол бүкіл әлемде өте қарқынды дамыды, ал мұның нәтижесі ретінде мен төреліктің демократиялануын атар едім. Бүгінде, әсіресе әртүрлі өңірлерден келген тараптар мен түрлі құқықтық дәстүрлерді ұстанатын заңгерлер қатысатын трансшекаралық дауларда, бір-біріне ұқсас екі төрелік ісін кездестіру мүмкін емес.»

Гари Борн халықаралық коммерциядағы төреліктің негізгі рөлін атап өтіп:

«Төрелік – азаматтардың негізгі құқықтарының бірі әрі олардың шарт еркіндігінің көрінісі. Оны мемлекеттік сот төрелігінің монополиясына қол сұғушылық ретінде қарастыруға болмайды», – деді.

Конференция барысында қатысушылар IAC EAW26 аясында кәсіби нетворкинг пен халықаралық ынтымақтастық үшін жасалған кең мүмкіндіктерді жоғары бағалады. Конференция бағдарламасымен қатар ұйымдастырылған көптеген іскерлік кездесулер төрелік мамандарының, бизнес өкілдерінің, академиялық қауымдастықтың және мемлекеттік сектордың халықаралық деңгейдегі өзара байланысын нығайтуға ықпал етті.

Конференция аясында маңызды институционалдық жетістіктерге де қол жеткізілді. IAC Грузия төрешілер қауымдастығымен және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойып, өңірдегі дауларды шешу жүйесін дамытуға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты кеңейтті.

Апталықтың тағы бір маңызды оқиғасы халықаралық төрелік пен халықаралық инвестициялық құқықтың өзекті мәселелеріне арналған төрт жаңа басылымның таныстырылымы болды. Бұл еңбектер ғылыми зерттеулер мен кәсіби тәжірибе үшін құнды ақпараттық ресурс ретінде ұсынылды.

Бағдарлама 3 шілде күні АҚШ Сауда министрлігінің Коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасымен (CLDP) бірлесіп ұйымдастырылған «Жас заңгерлер: болашақ төреліктің көшбасшылары» күнімен қорытындыланды. Бағдарлама Гарвард университеті, Колумбия университеті және Калифорния университетінің жетекші ғалымдары мен профессорларын, заң факультеттерінің студенттерін және жас заңгерлерді біріктіріп, халықаралық дауларды шешудің заманауи үрдістері мен халықаралық құқықтық мансап мүмкіндіктерін талқылауға арналды. Іс-шараға жоғары қызығушылық танытылуы халықаралық төреліктің болашақ мамандарының бұл салаға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті.

Биылғы іс-шараның маңыздылығына тоқталған ХТО Төрағасы Томас Крюммель:

«ХТО үшін Еуразиялық төрелік апталығы 2026 ең алдымен халықаралық деңгейде қызметіміздің мойындалуының тағы бір маңызды дәлелі болып табылады. Әлемнің беделді төрешілері, заңгерлері, сарапшылары мен халықаралық құқықтық қоғамдастық өкілдері Астанаға келіп, өз тәжірибесімен және білімдерімен бөлісуге уақыт бөлсе, бұл Халықаралық төрелік орталығының халықаралық баламалы дауларды шешу жүйесіндегі беделі мен танымалдығын одан әрі арттырады. Бұл біздің Қазақстанда, Еуразияда, Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде сенімді әрі беделді халықаралық төрелік институты ретінде қалыптасқанымызды көрсетеді», – деді.

IAC EAW26 Астананың халықаралық төрелік қауымдастығының маңызды кездесу алаңы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтып, ХТО-ның халықаралық дауларды шешу саласындағы үздік тәжірибелерді дамытуға, инновацияларды ілгерілетуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұстанымын айқын көрсетті. Төртінші рет өткізілген Еуразиялық төрелік апталығы Қазақстан мен Орталық Азиядағы халықаралық төрелік саласындағы жетекші форум ретіндегі орнын одан әрі бекітіп, дауларды шешудің болашағын айқындайтын әлемнің жетекші мамандарын бір алаңға тоғыстырды.

Анықтамалық ақпарат:
Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) азаматтық және коммерциялық дауларды шешуде аса маңызды халықаралық стандарттарға сәйкес іс-әрекет етеді және сот талқылауларының тәуелсіз, тиімді және оперативті баламасы болып табылады. ХТО-ның мол тәжірибелі  халықаралық әділ төрешілер мен медиаторлардан тұратын өз алқасы бар.  ХТО төрелік шешімдері Қазақстанда, сонымен қатар бүкіл әлемде танылады және орындауға жатады. ХТО-ның өз Тренинг орталығы құрылған және жетекші халықаралық оқу орындарымен кәсіби заңгерлік білім беру бойынша ынтымақтастық орнатуы Қазақстанда және бүкіл Еуразия өңірінде  заңгер, төреші мен медиатор мамандар дайындау есебінен істерді тиімді жүргізуге ықпал етеді. https://iac.aifc.kz/
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.
https://aifc.kz/kz/

AIFC Services Assistant