Кипр Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды

3 маусым күні Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға ресми сапары, сондай-ақ Қазақстан-Кипр бизнес-форумына қатысуы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО, Орталық) барды.

Мәртебелі мейманға қаржы орталығының қызметі, оның институционалдық құрылымы, сондай-ақ Қазақстан мен Кипр арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері таныстырылды.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Орталық жұмысының негізгі бағыттарын, оның ішінде инвестициялар тарту, капитал нарығын дамыту және халықаралық жобаларды сүйемелдеу құралдарын, сондай-ақ өңірге арналған инновациялық қаржылық шешімдерді таныстырды. АХҚО іске қосылған сәттен бері Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 21,8 млрд АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Қазіргі уақытта АХҚО-да 90 елден 5 700-ден астам компания тіркелген. АХҚО қатысушылары 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ел бюджетіне 317,4 млрд теңге көлемінде салық төлеген.

Кипр Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. 2005-2025 жылдар аралығында Кипрден Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 5,4 млрд АҚШ долларына жетті.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық та дамуын жалғастыруда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Кипр арасындағы тауар айналымы 794 мың АҚШ долларын құрады. Қазақстан экспортында дәрілік заттар, тоқыма өнімдері және телерадио хабарларын таратуға арналған аппаратура басым. Ал Қазақстанға дәрілік заттар, сұйықтықтар мен газдарды сүзуге арналған жабдықтар мен құрылғылар, сүт өнімдері және жарықтандыру жабдықтары импортталады.

Қазақстандағы кипрлік бизнестің қатысуы да кеңеюде. Елде кипрлық капиталдың қатысуымен 400  астам кәсіпорын қызметін жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында Кипрден келген 33 компания тіркелген. Олар қаржылық қызметтер мен сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, тау-кен өндіру саласы, сондай-ақ әкімшілік және қосалқы қызметтер бағыттарында жұмыс істейді. Олардың қатарында Playrix Kazakhstan Limited, EA Group Finance Ltd., Charge Ltd. және ADVANCED PAYMENT SOLUTIONS Ltd. секілді компаниялар бар.

АХҚО-ға сапары барысында Кипр Президенті Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастап қаржы орталығы экожүйесінің қалыптасуына дейінгі Қазақстан қаржы жүйесінің тарихына арналған АХҚО-ның арт-кеңістігі – Сенім музейін де аралап көрді.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant