Орталық Азияда алғаш рет: АХҚО агроөнеркәсіптік кешендегі токенизацияланған нақты активтердің айналымын жүзеге асыратын платформаға лицензия берді

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) Commodity Chain Ltd. компаниясына АХҚО-ның реттелетін ортасы аясында токенизацияланған нақты активтердің¹ айналымы жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия бергенін хабарлайды. Алынған лицензия нақты әлем активтерін (RWA), оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін токенизациялау бойынша шешімдерді әзірлеуге және кейіннен енгізуге, сондай-ақ оларды заманауи цифрлық технологиялар мен АХҚО қаржылық инфрақұрылымын пайдалана отырып, АХҚО лицензиялаған платформада айналымға шығаруға мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы бағыты жаңартылған элеваторларда сақталатын ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде астықты токенизациялау болмақ.

Commodity Chain Ltd. платформасы АХҚО реттеушісінің лицензиясы негізінде АХҚО-ның FinTech Lab реттеушілік ортасы аясында қызметін жүзеге асырады. Жоба IoT технологияларын² және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдана отырып, жаңартылған элеваторларда сақталатын астықты қоса алғанда, нақты активтерді токенизациялау инфрақұрылымын және олардың лицензияланған платформа аясындағы айналымын қалыптастыруды қарастырады. Болашақта бұл модельді Қазақстанның басқа өңірлеріне, одан тыс жерлерге, сондай-ақ нақты активтердің өзге санаттарына кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

АХҚО Әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев:

«Токенизация – бұл жай ғана жаңа қаржылық технология емес. Бұл цифрлық құралды экономикадағы нақты активпен байланыстыру тәсілі. Бұл жағдайда сақталатын, бақыланатын және цифрлық қаржы құралы ретінде ұсынылуы мүмкін астық туралы сөз болып отыр. Мұндай модель халықаралық реттеуді, блокчейнді, IoT-бақылауды және аграрлық сектордың практикалық қажеттіліктерін біріктіреді», – деп атап өтті.

Платформаның негізін IoT технологияларымен біріктірілген жеке блокчейн инфрақұрылымы құрайды. Мұндай тәсіл нақты активтерді (RWA) ашық түрде токенизациялауды, олардың шығарылуы мен айналымын қадағалауды, сондай-ақ цифрлық қаржы құралдарын элеваторда сақталатын нақты актив – астықпен байланыстыруды қамтамасыз етеді. Токенизацияның негізгі элементі «ашық элеватор» жүйесі болады. Температура мен ылғалдылық датчиктері, автоматтандырылған таразылар арқылы жүзеге асырылатын цифрлық бақылау астықтың көлемі мен жай-күйін нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсіл сақтау үдерісінің ашықтығын арттыруға және нақты тауармен қамтамасыз етілген токенизацияланған активтерге деген сенімді нығайтуға бағытталған. Бастаманың қаржылық моделі фермерлерге токендерді қысқа мерзімді қаржыландыруды тарту кезінде кепіл ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Көктемде нарықтық бағалар өскен кезде астық немесе токендер сатылып, смарт-келісімшарттар³ қарызды автоматты түрде өтеп, қалған пайданы фермерге аудара алады.

Токендермен сауда лицензияланған платформада жүзеге асырылып, мәмілелердің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

Commodity Chain Ltd. компаниясының жетекшісі Анвар Ниетқалиев:

«Біздің мақсатымыз – нақты активтерді, сақтау жүйесін, бақылауды және қаржы құралдарын блокчейн технологиясы негізінде бірыңғай ашық жүйеге біріктіретін цифрлық инфрақұрылым құру. Бұл жоба реттелетін экожүйеде жергілікті және шетелдік инвесторлардың кең ауқымы үшін қолда бар активтер мен болашақ кірістерді кепілге қойып қаржы тартуды жеңілдетіп, жеделдетеді», – деп атап өтті.

Анықтамалық ақпарат:    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. Aifc.kz

1 Активтерді токенизациялау — бұл материалдық (жылжымайтын мүлік, алтын және т.б.) немесе материалдық емес (акциялар, зияткерлік меншік және т.б.) активтерге меншік құқығын блокчейнде жұмыс істейтін цифрлық токендерге көшіру процесі.

2 IoT-технологиялар — бұл интернет арқылы деректерді автоматты түрде жинауға, тасымалдауға және талдауға арналған, нақты уақыт режимінде мониторинг пен басқаруды қамтамасыз ететін технологиялық шешімдердің жиынтығы.

 3 Смарт-келісімшарт – бұл блокчейн технологиясына негізделген цифрлық механизм. Ол алдын ала белгіленген оқиғалар орын алған кезде мәміленің алдын ала айқындалған талаптарын автоматты түрде орындап, міндеттемелердің орындалуының ашықтығын, өзгермейтіндігін және тиімділігін қамтамасыз етеді.

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant