Түркі мемлекеттері ұйымының Жасыл қаржы жөніндегі кеңесінің екінші отырысы орнықты қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтті
2026 жылғы 9 қыркүйекте «Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action» IX форумы аясында Түркі мемлекеттері ұйымының Жасыл қаржы жөніндегі кеңесінің екінші отырысы өтті.
Отырысқа Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, АХҚО әкімшілігінің басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков, АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу комитетінің (AFSA) Бас директоры Евгения Богданова, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің қаржы реттеушілері, экономика және қаржы ведомстволары, даму институттары мен қор биржаларының басшылары мен өкілдері қатысты.
«Ортақ тарихымыз, мәдени байланыстарымыз және ортақ құндылықтарымыз бізді әрдайым біріктіріп келеді. Бүгінде біз ақша-кредит және қаржы саясаты, сондай-ақ жасыл көшу сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастықты институттандыру жолында кезекті қадам жасап отырмыз. Түркі мемлекеттері ұйымының Жасыл қаржы жөніндегі кеңесі осы күш-жігерді біріктіріп, саяси мақсаттарды қаржыландыруға тартымды жобаларға, инвестициялық құралдарға және өлшенетін нәтижелерге айналдыруға бағытталған», – деді ТМҰ Бас хатшысыКубанычбек Омуралиев.
Қатысушылар жасыл қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайту шараларын, көміртек нарықтарын одан әрі дамыту мәселелерін, орнықты қаржыландыруды басқару тәсілдерін, оның ішінде шариғат қағидаттарына негізделген тәсілдерді, сондай-ақ институционалдық әлеуетті арттыру басымдықтары мен өңір елдерінің білім беру қажеттіліктерін талқылады.
«АХҚО құрылған сәттен бастап Қазақстанда жасыл және исламдық қаржыны жүйелі түрде дамытып келеді. Жинақталған сараптама мен қалыптасқан инфрақұрылым жасыл экономиканы дамыту және орнықты жобаларға инвестиция тарту үшін қаржы құралдарын іс жүзінде енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс халықаралық деңгейде мойындалды: бүгінде АХҚО Global Green Finance Index рейтингінде Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның қаржы орталықтары арасында көшбасшы орынды тұр. Сонымен қатар дамушы нарықтар жасыл және орнықты жобаларды ауқымдау үшін жеткілікті көлемде капитал тартуда жиі қиындықтарға тап болады. Кеңес аясында күш-жігерімізді біріктіре отырып, инвестиция тарту мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, перспективалы жобаларды нақты нәтижелерге айналдыра аламыз», – деді АХҚО әкімшілігінің басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар бірлескен коммюникеге қол қойды. Құжат Кеңестің күн тәртібін кеңейтуді бекітті: бұдан былай оның қызметі жасыл қаржыландырумен қатар, орнықты қаржыландыруды дамыту және ілгерілету мәселелерінің кең ауқымын қамтитын болады.
«Түркі мемлекеттері ұйымының Жасыл қаржы жөніндегі кеңесі мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, орнықты қаржыландырудың өңірлік экожүйесін қалыптастыру және орнықты дамудың ортақ міндеттерін шешуге келісілген тәсілдерді әзірлеу ісінде жүйе құраушы рөл атқарады. Бүкіл әлемде ресурстарды тиімді пайдалану, таза энергетика, орнықты инфрақұрылым және төмен көміртекті технологиялар салаларындағы жобаларға сұраныс артып келеді. Түркі мемлекеттерінің бірлескен жұмысы халықаралық серіктестер мен инвесторларды біріктіре алатын сенімді өңірлік платформа қалыптастырады», – деп атап өтті AFSA бас директоры Евгения Богданова.
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанды біріктіретін үкіметаралық ұйым. Бақылаушы мемлекеттер мәртебесіне Венгрия, Түрікменстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы ие.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашуға және жүргізуге, инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға және Қазақстан экономикасын дамытуға арналған қолайлы құқықтық және реттеушілік ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО-ның баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы, e-mail: [email protected]