Қаржылық ынтымақтастықты нығайту: Астанада АӨСШК Қаржы саммитінің алғашқы отырысы өтті

“Астана” Халықаралық Қаржы Орталығының төрағалығымен Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңестің (АӨСШК) Қаржы саммитінің алғашқы отырысы өтті.

Алғашқы отырысқа қатысушыларды қарсы алған «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков АХҚО Қаржы саммитін АӨСШК өңіріндегі ынтымақтастықты дамыту үшін институттар, сараптамалық білім мен капиталды біріктіруге бағытталған, нәтижеге бағдарланған тетік ретінде қарастыратынын атап өтті. АӨСШК-ге мүше мемлекеттерден 5 200-ден астам компанияның тіркелуі берік негіз қалыптастырғанына назар аударған ол АХҚО реттеушілер, биржалар, банктер және даму институттары арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған платформаға жетекшілік етуге дайын екенін айтты.

АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы практикалық ынтымақтастығын нығайту жолындағы алғашқы қадамдарға тоқталған АӨСШК Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбай Қытайдың бұл ынтымақтастықты институттандыру бағытындағы бастапқы күш-жігерін атап өтті. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы АӨСШК-тің Алтыншы саммитінде Қаржы саммитін құру туралы бастама көтеруіне және оны одан әрі дамытуға негіз қалады. Сабақтастық рухына сай бұл пайым «Мықты АӨСШК: Азиядағы өзара байланыстылық, цифрландыру және орнықты өсім» негізгі ұранын басшылыққа алған Әзербайжан Республикасының АӨСШК-дегі төрағалығы кезеңінде жүзеге асырылды.

Бас хатшы Қайрат Сарыбай АӨСШК мүше мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп, синергияға негізделген өлшемаралық тәсілді ілгерілетіп жатқанын атап өтті. Ол инвестиция тартуға, сауда әріптестігін нығайтуға және шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал ететін қолданыстағы практикалық алаңдарды — Іскерлік кеңес пен Бизнес-форумды ерекше атады. Экономикалық ынтымақтастықтың барған сайын инклюзивті және болашаққа бағдарланған сипат алып келе жатқанына тоқталған ол әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және жастар кәсіпкерлігін дамытуға ықпал ететін Әйелдер кеңесі мен Жастар кеңесінің қызметін атап өтті.

Орнықты даму мен қаржының өзара байланысына назар аударған Бас хатшы ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарды жүзеге асыру үшін орнықты қаржы архитектурасының маңызы зор екенін атап өтті. Осындай архитектураны қалыптастыру және өңірдегі жүргізіліп жатқан жұмысты қолдау мақсатында Қаржы саммитінің іске қосылуы осы институционалдық дамудың көрінісі болды. Ол АӨСШК консультативтік органдарының өзара байланысты күш-жігерін тиімді толықтырып, өңірлік диалог пен үйлестіру үшін қосымша кеңістік қалыптастырады.

АӨСШК-тегі Әзербайжан төрағалығының атынан сөз сөйлеген Джавид Насирли Әзербайжан Қаржы саммитінің өз төрағалығы кезеңінде практикалық жұмысын бастауын АӨСШК-нің экономикалық өлшемін нығайтуға қосылған маңызды үлес деп санайтынын атап өтті. Бұл 2026 жылғы 15 қазанда Бакуде өтетін АӨСШК-тің Жетінші саммиті қарсаңындағы уақтылы әрі маңызды кезең болды. Ол Әзербайжан төрағалығының Қаржы саммитін тиімді, инклюзивті және нақты іс-қимылға бағдарланған платформа ретінде қалыптастыру үшін АӨСШК-ге мүше барлық мемлекетпен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.

АӨСШК-ке мүше 16 мемлекеттің өкілдері ортақ қаржылық және экономикалық сын-қатерлерді шешуге бағытталған жан-жақты пікірталастарға қатысты. Диалог барысында болашақ ынтымақтастықтың қаржылық өзара байланыстылық, даму жобаларын қаржыландыру, орнықты және инклюзивті қаржы, сондай-ақ цифрлық қаржы технологиялары секілді басым бағыттары қарастырылды.

АӨСШК елдерін қолдау мақсатында Қытай 2014 жылы Душанбеде өткен ШЫҰ саммиті кезінде құрылған үлестік инвестициялар платформасы — Қытай-Еуразия экономикалық ынтымақтастық қорының мүмкіндіктерін пайдалануға дайын екенін білдірді. АӨСШК-ке мүше 23 мемлекеттің бір мезгілде ШЫҰ мүшелері, байқаушы мемлекеттері немесе диалог жөніндегі серіктестері екенін атап өткен Қытай өңірлік синергия үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Қытай осы Қор арқылы жаңа энергетика, сумен жабдықтау және денсаулық сақтау салаларындағы халықтың тұрмысы үшін маңызды жобаларға қатысуды, сондай-ақ жасанды интеллект, үлкен деректер және заттар интернеті (IoT) арқылы технологиялық мүмкіндіктерді кеңейту саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Үндістан тәулігіне шамамен 825 млн транзакция өңдейтін Бірыңғай төлем интерфейсі (UPI) арқылы бүкіл халықты қамтитын ашық цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті. Бұл жүйе киберқауіпсіздік пен цифрлық дербес деректерді қорғаудың (DPDP) кешенді негізіне сүйенеді. Үндістан АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында цифрлық төлемдер, киберқауіпсіздік, трансшекаралық сауданы қаржыландыру және халықаралық банк мамандарына арналған мамандандырылған оқыту бағдарламалары бағыттарында ынтымақтастық орнату үшін Үндістан мемлекеттік банкінің (SBI) мүмкіндіктерін ұсынды.

Қауіпсіз инновациялардың маңызын атап өткен Израиль цифрлық төлемдер мен жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктер сенімді реттеумен, киберорнықтылықпен және инвесторларды қорғаумен қатар жүруге тиіс екенін айтты. Тікелей шетелдік инвестициялардың тарихи өсімін қоса алғанда, өзінің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталған Израиль бөлшектенген нарықтар мәселесін еңсеру және капиталды ауқымды көлемде жұмылдыру үшін мықты қаржы жүйелерін серпінді капитал нарықтарымен және жеке секторды қаржыландырумен ұштастырудың шешуші рөлін атап өтті.

Иордания өңірлік сын-қатерлерді еңсеру үшін даму және инвестициялық қаржыландыруды жұмылдырудың маңызын атап өтіп, инфрақұрылым, жасыл қаржы және исламдық қаржы құралдары бойынша өңірлік бірлескен қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді қолдайтынын білдірді.

Орнықты өсімнің берік бейбітшілікке қол жеткізумен тығыз байланысты екенін атап өткен Палестина АӨСШК-ке мүше мемлекеттерді экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге, даму жобаларын қолдауға және қажетті ресурстарды жұмылдыру мен жергілікті экономиканы нығайту үшін қаржы институттарының Палестинадағы бағдарламаларын кеңейтуіне ықпал етуге шақырды.

Ресей халықаралық есеп айырысуда ұлттық валюталар мен цифрлық қаржы құралдарын кеңінен пайдалану бағытында бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Сонымен қатар тұрақты төлем инфрақұрылымын қалыптастыру үшін цифрлық валюталардың, стейблкоиндер мен блокчейндердің өзара үйлесімділігін талқылаудың маңызын атап өтті.

Түркия финтех, импакт-инвестициялар және жасыл қаржы салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударып, АӨСШК-ке мүше мемлекеттерді 2026 жылғы қарашада Антальяда өтетін COP31 ықпалдастық бағдарламасына қатысуға шақырды.

Отырыс барысында өткен пікірталастардың негізінде қатысушылар Қорытынды құжатты қабылдады. Онда ұлттық қаржы институттарын жаңғырту, жасыл және орнықты қаржыны ілгерілету, өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту, трансшекаралық өзара байланыстылық үшін цифрлық қаржы мен заманауи инфрақұрылымды пайдалану, әлеуетті арттыру және ынтымақтастықты АӨСШК-нің Сенім шаралары каталогымен үйлестіру негізгі басымдықтар ретінде белгіленді.

АӨСШК Қаржы саммитінің алғашқы отырысынан кейін «АӨСШК өңіріндегі орнықты өсім үшін қаржылық ынтымақтастықты нығайту» атты АӨСШК конференциясы өтті. Конференция әлемдік қаржы секторындағы негізгі үрдістер бойынша мемлекеттік органдар, қаржы институттары және бизнес өкілдері арасындағы жоғары деңгейдегі диалогқа ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияны ашқан АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай бұл іс-шараның жаңадан іске қосылған АӨСШК Қаржы саммитінің серпінін нақты экономикалық ынтымақтастыққа айналдыратын маңызды көпір болғанын атап өтті.

Арнайы панельдік сессиялар барысында қатысушылар цифрлық қаржының трансшекаралық өзара іс-қимылды дамытудағы рөлі, жасыл қаржыны ілгерілету, сондай-ақ бүкіл өңірде инвестиция тартуға және ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін институционалдық негіздерді нығайту мәселелері бойынша озық тәжірибемен алмасты.

Атап айтқанда, «Орнықты және инклюзивті қаржылық дамуды ілгерілету» сессиясы барысында АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры және пікірталас модераторы Манас Гиждуаниев АӨСШК елдерінің қаржы жүйелері мен даму басымдықтары әртүрлі болғанымен, олардың алдында тұрған көптеген сын-қатер ортақ екенін атап өтті. Пікірталас жеке және трансшекаралық капиталды жұмылдыру, қаржыландыруға жарамды орнықты жобалар портфелін жақсарту және бірыңғай модельді міндеттемей, ұлттық жүйелердің салыстырмалылығын арттыру секілді практикалық шешімдерді әзірлеуге арналды.

Анықтама үшін:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сәйкес бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant