AIX ҚҚҚ алаңында қазақстандық бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушылары үшін сауда жүйесінің кеңейтілген таныстырылымын өткізді
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Биржасы (бұдан әрі – AIX) Қазақстандық қаржыгерлер қауымдастығының (бұдан әрі – ҚҚҚ) алаңында қазақстандық бағалы қағаздардың кәсіпқой қатысушылары үшін сауда жүйесінің кеңейтілген таныстырылымын өткізді.
Іс-шараға ҚҚҚ-ның шақыруымен биржа нарығының 50-ден астам өкілі қатысты. Олардың ішінде екінші деңгейдегі банктер, брокерлік және заң компаниялары, «Қазақстандық қор биржасы» АҚ өкілдері, Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі және басқа да мүдделі ұйымдар болды.
«Кездесу қатысушылары сауда жүйесімен және оның функционалдық ерекшеліктері, техникалық мүмкiндiктері, өтiнiмдердi қалыптастыру және есептеу үдерістері жайында танысуға мүмкіндік алған», – деп атап өтті Қазақстандық қаржыгерлер қауымдастығының Басқарушы директоры Ерлан Бурабаев.
Ерлан Бурабаевтың айтуы бойынша, ҚҚҚ базасында АХҚО инфрақұрылымдық элементтерінің осындай таныстырылымдары тұрақты негізде өткізіледі.
Сұраулар:
АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.
Astana International Exchange (AIX). 2017 жылдың қазан айында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Директорлар Кеңесі отырысының аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының Биржасы» – Astana International Exchange құру туралы шешім қабылданды.
АХҚО Биржасының басты стратегиялық серіктестері – акционерлік келісім жасасқан Шанхай қор биржасы және техникалық платформасын қамтамасыз еткен Nasdaq. Шанхай қор биржасы мен NASDAQ әлемнің бүкіл биржалардың бестігіне кіретіндігін атап өту керек. AIX-тің рөлі ішкі ресурстарды жұмылдыру және шетелдік портфельдер ағымдарын тарту арқылы ішкі және өңірлік дамуды қамтамасыз ету болып табылады. Осылайша, Биржа іскер тәжірибелерді жақсарту жолымен тиімді басқаруға жәрдемдеседі. www.aix.kz