Сауалнамаға қатысқан қазақстандық компаниялардың 73%-ы алдағы үш жылда қосымша капитал тартуды жоспарлап отыр
АХҚО, QIC және IFC Қазақстанның тікелей инвестициялар нарығы туралы жаңа есепті ұсынды
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (QIC) және Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) бірлесіп Қазақстандағы тікелей инвестициялар (private equity, PE) нарығының дамуы туралы талдамалық есеп дайындады. Зерттеу нарықтың институционалдық базасын, мәмілелер мен инвестициялық белсенділікті, бизнес тарапынан сұранысты және ұзақ мерзімді капитал тарту мүмкіндіктерін талдайды. Қазақстанның Орталық Азия нарықтарына шығу платформасы ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Есепте коммерциялық дерекқорлардағы мәліметтер QIC-дің инвестициялық белсенділігі туралы деректермен біріктірілді. Бұл коммерциялық статистикада көрініс таппайтын институционалдық инвестицияларды да ескеруге мүмкіндік береді. Талдау 44 қазақстандық компания мен тікелей инвестициялар нарығының 17 қатысушысы арасында жүргізілген сауалнамалардың нәтижелерімен, сондай-ақ жергілікті және халықаралық инвесторлармен өткізілген сұхбаттармен толықтырылды. Мұндай тәсіл тікелей инвестициялар нарығы туралы неғұрлым толық түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
QIC Басқарма Төрағасы Дидар Қарымсақов атап өткендей: «АХҚО және IFC-мен бірлесіп жүргізілген зерттеу Қазақстандағы тікелей инвестициялар нарығының жаңа жетілу кезеңіне өткенін растайды. QIC зәкірлік институционалдық инвестор ретінде инвестициялық белсенділігін одан әрі арттырып, Қазақстан экономикасына қосымша ұзақ мерзімді капитал тарту үшін жағдай жасауды жалғастырады. Біздің мақсатымыз – осы өсімге қатысу ғана емес, сонымен қатар жеке капитал мен институционалдық инвесторлардың жүйелі негізде бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін сенім инфрақұрылымын қалыптастыру».
Есеп 2015–2025 жылдар аралығында тікелей инвестициялар нарығында орын алған 116 мәміле мен инвестицияны анықтады. Коммерциялық дерекқорларда тікелей инвестиция саласында 26 мәміле тіркелген, олардың 16-сының құны ашық көрсетілген және жалпы сомасы шамамен $137 млн құрайды. Бұл сома анықталған мәмілелер құнының төменгі шегін білдіреді. QIC деректері институционалдық инвестициялардың ауқымы коммерциялық дерекқорларда көрініс табатын деңгейден кеңірек екенін көрсетеді: осы кезеңде QIC жүзеге асырған инвестициялардың көлемі шамамен $2,2 млрд құрады, оның ішінде шамамен $1,5 млрд 2025 жылда инвестицияланған.
«Қазақстандық бизнес үшін тікелей инвестициялар – бұл ұзақ мерзімді капитал ғана емес, сонымен қатар бизнестің ауқымын кеңейтуге, корпоративтік басқаруды нығайтуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін серіктестік. 44 компания арасында жүргізілген сауалнама капиталға деген сұраныстың көбіне өсу стратегияларымен байланысты екенін көрсетеді: олардың 73%-ы алдағы үш жыл ішінде, ең алдымен, өндірістік қуаттарды кеңейту және жаңа өнімдер мен бизнес бағыттарын іске қосу үшін қосымша капитал тартуды жоспарлап отыр.
АХҚО, QIC және IFC-дің есепті дайындау бойынша бірлескен жұмысы бизнес, инвесторлар және қаржы институттары арасындағы диалогты жалғастыруға негіз болады, ал ұсынылған талдау компаниялар мен инвесторлар үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндіктерін айқындайды», – деп атап өтті АХҚО Әкімшілігінің салалық талдау департаментінің (AIFC Insights) директоры Аян Тулешев.
Тікелей инвестиялар нарығы қатысушылары арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 88%-ы нарықтың қалыпты немесе айтарлықтай өсімін күтеді. Капитал тартудың перспективалы бағыттарына өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік және қойма инфрақұрылымы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жатады. Жекешелендіру және бизнестің меншік иелерінің келесі буынына өтуі де мәмілелер үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруы мүмкін.
Есепті сілтеме бойынша көруге болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]