Қазақстандағы электронды коммерция әлеуеті жоғары
Бүгін Astana Finance Days (AFD) халықаралық конференциясы аясында нарықтың негізгі ойыншыларының қатысуымен электронды коммерцияға (е-commerce) арналған онлайн сессия өтті.
Сессия қатысушыларының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан электронды коммерцияның қарқынды өсім алдында тұр. 2020 жылы ШОБ өкілдерінің көпшілігі алғаш рет онлайнға шықты. Ал тәжірибелі интернет сатушылар нарықтағы өз орындарын кеңейте бастады. Нәтижесінде өткен жылы онлайн сауда мен қаржы айналымы айтарлықтай артты. PwC Kazakhstan зерттеуінше, 2020 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстандағы көтерме электронды сауда көлемі алдыңғы жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 93% көбейіп, 198 млрд теңгеден 382 млрд теңгеге жеткен. Ал орташа түбіртек 63% өсіп, транзакция көлемі 18% ұлғайған.
Сессияға ҚР Сауда және интеграция вице-министр Әсел Жанасова, PwC Еуразия өңіріндегі консультациялық қызмет бойынша серіктесі Наталья Лим, Mastercard Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка, Wildberries халықаралық ынтымақтастық бойынша директоры Духанин Алексей, Lamoda Қазақстан Бас директоры Мөлдір Рысалиева, Froot.kz Бас директоры Рула Райм және Forte Market Бас менеджері Дмитрий Комиссар қатысты. Олар электронды коммерцияны қолдау мен дамыту аясындағы мемлекет басымдылықтарын талқылап, онлайн төлемдегі соңғы үрдістер туралы айтып, жергілікті және халықаралық нарықтағы ерекшеліктер мен ондағы кей қиындықтар және Қазақстандағы электронды сауданың болашағы туралы өз ойларын ортаға салды.
ҚР Сауда және интеграция вице-министр Әсел Жанасова Mastercard пен АХҚО Fintech Hub бірлесе отырып жасалған SmartDuken (ШОБ-қа арналған электронды сауда мектебі) платформасының іске қосылатынын хабарлады. SmartDuken – кәсіпкерлердің өз істерін кеңейтіп, дамытуға және жаңадан құруына мүмкіндік беретін алаң. Платформа ШОБ-қа тегін көмек береді. Атап айтқанда тегін білім беру курстарын, вебинарларды қамтиды және серіктестерді (IT-құралдар, CRM, төлем жүйелері, сайт құрастырушылар мен өзгелер) тегін ұсынады. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған бизнес акселераторды қамтиды. Акселератор бизнесті онлайнға шығаруға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Алаңның мақсаты бизнесті онлайнға ауыстыруға көмектесу.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуды көздейді. https://aifc.kz/
АХҚО Финтех хабы – бұл дүниежүзілік стартаптардың, кәсіпкерлердің, корпорациялардың, инвесторлардың, индустрияның жетекші сарапшылары мен мамандардың тоғысу нүктесі. АХҚО-да финтехтің дамуы стартаптарды, корпоративтік инновацияларды, венчурлық капитал нарығын қолдау бағдарламаларын, финтех саласындағы өнімдер мен шешімдерді тестілеуге мүмкіндік беретін арнайы әзірленген ережелер мен реттеушіні қамтиды. https://fintech.aifc.kz/
Astana Finance Days (AFD) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы жыл сайын өткізетін өңірдегі ірі қаржы конференциясы. 2018-2020 жылдары аралығында конференцияға әлемнің 100-ден аса елінен 13000 қатысушы қатысты. 2020 жылы шараға 100-ден астам елден 5000 адам қатысты.