Қазақстан мен Кения президенттері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды

Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Кения арасында инвестиция тартуға және халықаралық қаржылық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған өңірлік алаң ретінде АХҚО қызметі таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Рутоға АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров орталықтың негізгі бағыттары, соның ішінде капитал нарығын қалыптастыру, орнықты, «жасыл», ислам және авиа қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ аталған алаңға халықаралық компаниялардың қатысуын кеңейту шаралары жөнінде әңгімеледі.

Орталықтың экожүйесінде 90 елден келген 5600-ден аса компания тіркелген. Осы жылдарда тартылған инвестиция көлемі 21,8 миллиард доллардан асты. Орталық жұмыс істей бастағаннан бері АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 317,4 миллиард теңге салық төледі.

Кения делегациясының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Найроби халықаралық қаржы орталығы қос елдің қаржы экожүйелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров және Найроби халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің бас атқарушы директоры Даниель Маинда қол қойды.

Келісім шеңберінде тараптар халықаралық қаржы орталықтарын басқару саласындағы әріптестікті дамытуға, сондай-ақ ақпаратпен, талдамалық зерттеулермен және сарапшылық біліммен алмасуға келісті. Ынтымақтастық инвесторлардың Қазақстан мен Кения нарықтарының мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды, бағдарламалар мен іс-шараларды іске асыруды да көздейді.

Тараптар биржалық инфрақұрылымды, финтехті, жасыл және орнықты қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ қаржы орталығын реттеуді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударады.

AIFC Services Assistant