Ернар Жанәділ «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 2 тамыздағы шешімімен “Астана” халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігі” АҚ (АХҚО, “Қаржы орталығы”) Басқарма төрағасы болып 2024 жылғы 12 тамыздан бастап Ернар Жанәділ тағайындалды.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: “Біз АХҚО Әкімшілігі Басшысының позициясында осындай жоғары деңгейдегі менеджерді қарсы алуға қуаныштымыз. Ернар Жанәділдің кәсіби тәжірибесі қаржы орталығымыздың одан әрі дамуына, қатысушы-компаниялардың белсенділігінің артуына және елге инвестициялар ағынының өсуіне ықпал ететініне сенімдімін”.
АХҚО Басқарушысы сондай-ақ АХҚО Әкімшілігінің Басқарма төрағасының м.а. Темірлан Мұханбетжановқа жемісті жұмысы және қаржы орталығының дамуына қосқан көпжылдық үлесі үшін алғысын білдірді. Т. Мұханбетжанов АХҚО Әкімшілігінің Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде жұмысын жалғастырады.
Ернар Жанәділ – стратегиялық және бизнес-жоспарлау, бизнесті дамыту және инвестициялар (тікелей және портфельдік), жекешелендіру және активтерді қайта құрылымдау, қаржылық менеджмент және қаржы өтімділігін басқару, аудит саласында 17 жылдан астам тәжірибесі бар жоғары деңгейлі менеджер және кәсіби маман.
Бірқатар қазақстандық және шетелдік компанияларда, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорында түрлі қызметтерде жұмыс істеген. «Самұрық-Қазына» қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі рөлінде ол Қор тобы компанияларының қаржылық тұрақтылығын жақсарту және қарыздық жүктемені азайту бойынша жұмыс жасады. Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор рөлінде ол «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясын IPO-ға шығарды, Қордың бірқатар басқа компанияларын ашық листингке дайындауға жетекшілік етті, сондай-ақ елге халықаралық инвестицияларды тартуға белсенді қатысты. Соңғы жылы ол Qazaq Green Power plc Қоғамдық компаниясының бас директоры қызметін атқарды, оның аясында халықаралық корпорациялармен бірлесе отырып, электр энергетикасы саласында жаңартылатын энергия көздері бойынша бірқатар инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асырды.
Ернар Жанәділ Колумбия бизнес мектебінің, Колумбия университеті (АҚШ), және Лондон бизнес мектебінің (Ұлыбритания) EMBA бағдарламасын бітірген. Оның алдында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Манчестер бизнес мектебінде (Ұлыбритания) оқыған. Халықаралық кәсіби сертификаттары бар: CMA – басқару есеп институты (АҚШ), IPMA – жобаларды басқарудың халықаралық қауымдастығы (Швейцария), ACCA – маманданған бухгалтерлер қауымдастығы (Ұлыбритания). Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева
Баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 6558
E-mail: pr@aifc.kz