АХҚО Berlin Global Dialogue форумының қатысушыларын әлемдегі аса маңызды шикізатқа деген сұранысты қанағаттандыру үшін инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастыққа шақырды
Ағымдағы жылдың 29 қыркүйегінде Германияда бизнес және саясат көшбасшыларын біріктірген және өтпелі жаһандық экономика жағдайында шешімдер іздеуге және жаңа әріптестік қатынастарды дамытуға арналған Berlin Global Dialogue халықаралық форумы өтті.
«Аса маңызды табиғи шикізаттың геосаясаты» сессиясында шикізат көздеріне өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әлем елдері арасында ынтымақтастық орнату мәселелері қарастырылды. Панельдік сессияның өзектілігі энергетикалық ауысуға, ұлттық қауіпсіздікке, көлік құралдарын электрлендірудің өсуіне және жаңа технологияларға қажетті маңызды ресурстарға әлемдік сұраныстың өсуімен байланысты болып тұр.
Сессияға Франциска Брантнер (Германияның Федералды экономика және климатты қорғау министрлігінің парламенттік статс-хатшысы), Ола Каллениус (Mercedes-Benz компаниясының атқарушы директоры), Дэвид Марш (OMFIF төрағасы және тең құрылтайшысы), Амунд Вик (Eurasia Group аға кеңесшісі), Ренат Бектұров (Астана Халықаралық Қаржы Орталығының (АҚХО) Басқарушысы) секілді белді тұлғалар қатысты. Маңызды жиынды Eurasia Group корпоративтік кеңес беру және консалтинг бойынша орынбасары Кейтлин Дин жүргізді.
Әлем мемлекеттері шикізаттың тапшы көздеріне байланысты жаңа саясатты белсенді түрде енгізіп келеді. Осылайша шетелдік инвесторлар технологияларды, барлауды және қайта өңдеуді қамтамасыз ете алған жағдайда Қазақстан өсіп келе жатқан әлемдік сұранысты қанағаттандыру үшін ресурстардың сенімді көзі бола алады.
Бұған дейін неміс бизнесмендерімен кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастық үшін бірқатар перспективалы бағыттарды белгілеген болатын. Мемлекет басшысы Қазақстан Германия мен Еуропа өнеркәсібі зәру болып тұрған табиғи ресурстар мен аса маңызды шикізат материалдары мәселесінде сенімді серіктес болуға дайын екендігін жеткізді: «2040 жылға қарай тапшы материалдар мен сирек металдарға әлемдік сұраныс төрт есеге артады деп күтілуде. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстанда құны 46 трлн доллардан асатын 5000-нан астам әлі ашылмаған кен орындары бар. Сондықтан мен канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізат жобаларын жүзеге асыру үшін консорциум құруды ұсындым». Сөзін жалғастыра отырып, Президент Қазақстан шетелдік инвесторларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасы арқылы барлық мүмкіндіктерді ұсынатынын ерекше атап өтті.
Сессия барысында АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров ҚР Президентінің Жолдауында қозғалған бастамалардың инвестиция тартудағы маңыздылығына тоқталды, сонымен бірге инвесторлар тарапынан Қазақстан экономикасына деген қызығушылығын тудыру үшін бірқатар шаралардың керек екендігін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, басқарушы тау-кен өндіру саласындағы процестерді цифрландыру, пайдалы қазбалардың перспективалы кен орындары туралы деректерді қамтамасыз ету мәселелерін айта отырып, «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша АХҚО инвесторларына көрсетілетін қызметтер жөніндегі ақпаратты жеткізді.
Шикізаттың аса маңызды түрлерін барлау мен өндіруге байланысты мәселелерден басқа Басқарушы көлік-логистика тақырыбын қозғап, Қазақстанның көлік байланыстарын әртараптандыру жөніндегі жұмыстарына тоқталды.
АХҚО инвестицияларды тарту, келісімдерді жасау үшін кешенді әрі реттелетін платформаны ұсынады, сондай-ақ жасыл қаржыландыруды, дәстүрлі банктік қызметтерді және капитал нарықтарын қоса алғанда, әртүрлі қаржы құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сенімді нормативтік-құқықтық базаның арқасында АХҚО инвесторлар үшін қауіпсіз әрі ашық ортаны қамтамасыз етеді. Орталықтың шетелдік инвесторларды тартудағы рөлі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) жақында жарияланған есебінде де атап өтілді. Қаржы орталығы «Орта дәліз» жобасын іске асыруға белсенді қатысып келеді.
Форумда бұнымен бірге жаһандық технологияларды дамыту немесе қаржыландырудың өзектілігі, төмен көміртекті экономикаға көшу мақсатында инновациялардың ауқымын кеңейту, сондай-ақ тұрақты даму бағдарламалары мен ESG қағидаттары мәселелері талқыланды.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. aifc.kz