«Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасын құру туралы шешім қабылданды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Директорлар Кеңесі жиынының аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасы Акционерлік қоғамын (Astana International Exchange) құру туралы шешім қабылданды.

АХҚО биржасының негізгі стратегиялық серіктестері – Шанхай қор биржасы және NASDAQ қор биржасы, Шанхай қор биржасымен акционерлік келісімге қол қойылған, ал NASDAQ қор биржасы техникалық платформамен қамтамасыз етеді. Екі биржа әлемнің ең ауқымды 5 биржасының қатарына енген.

АХҚО биржасы Елбасы бекіткен активтер тізіміне сәйкес, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның инвестициялық тұрғыдан ең тартымды компанияларын жекешелендіру бойынша негізгі алаңға айналады.

Қор биржасының ережелері «Астана» халықаралық қаржы орталығының www.aifc.kz сайтында тұр.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

AIFC AI assistant