«Астана» халықаралық қаржы орталығы Германияның мемлекеттік және іскери ортасының өкілдеріне таныстырылды
«EURO Finance Week» форумының 20-жылдығына орай Қазақстан Республикасының және «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық мүмкіндіктері Германияның мемлекеттік және іскери ортасына, соның ішінде ірі еуропалық банктерге, басқарушы компанияларға және халықаралық қаржы индустрия өкілдеріне таныстырылды.
Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов пен Rothschild бақылау кеңесінің Төрағасы Клаус Мангольд құттықтау сөзін сөйледі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы – Қазақстан мен Германия арасындағы қаржылық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің тиімді платформасы және қуатты драйвері. Франкфурт-на-Майне арқылы өтетін әлемнің қаржы метрополиясы − Астана-Берлин көпірі біздің әлеуетімізді іске асыруға көмектеседі», – деді Б.Нүсіпов.
«Rothschild» банкінің бақылау кеңесінің Төрағасы Клаус Мангольд Қазақстанның халықаралық салада ең қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекеттердің бірі екенін және оның оң жетістіктерін айтып, АХҚО-ның құрылуы еліміздің экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов өз сөзінде «Euro Finance Week» алаңына дәстүрлі түрде еуропалық қаржы саласының жетекші өкілдерін жинап, АХҚО-ның артықшылықтарын, қызметінің бағыттары мен инвесторларға берілетін жеңілдіктер туралы баяндады.
Қ. Келімбетов: «АХҚО-ның негізгі ерекшелігі құқықтық жүйеде. Қаржы орталығының Тәуелсіз соты және Халықаралық төрелік орталығы 2018 жылдың қаңтарында жұмысын бастап, ағылшын жалпы құқығы бойынша қызмет атқарады. Бұл заңнама бүкіл әлемдегі инвесторларға таныс әрі оларға сенімділік береді. АХҚО-ның жоғары технологиялық биржа алаңында өтетін инвестициялық тартымды компанияларды жекешелендіруі өңірдегі капитал нарығын дамытуда маңызды рөл атқарады».
Сондай-ақ, АХҚО-ның делегациясы банктік, саяси және іскери ортаның жоғары деңгейдегі өкілдері қазіргі таңда туындаған қиындықтарды, тәуекелдер мен мәселелерді, олардың саясат пен қаржы нарықтарындағы рөлдерін талқылайтын Еуропаның жетекші қаржы институттары ұйымдастырған беделді диалог алаңы «XXVII Frankfurt European Banking Congress» мәжілісіне қатысты.
Қ. Келімбетов «Equinix Germany», «Frankfurt Main Finance», «BNP Paribas» компанияларының басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Неміс тарапы АХҚО қызметіне үлкен қызығушылық танытып, инвестицияларды тартуға, активтер мен капиталды басқаруға, мамандарды халықаралық деңгейде даярлау және т.б. салаларда ынтымақтастық жасауға ниет білдірді.
Кездесулер мен келіссөздерден кейін қаржылық орталықтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.
Сұраулар:
АХҚО. 2015 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Астана” халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның басты мақсаты халықаралық деңгейде қаржылық қызметтер орталығын қалыптастыру. Алғаш рет посткеңестік кеңістікте ағылшын жалпы заңдылығы енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болады.
АХҚО міндеттеріне мемлекет экономикасына инвестициялар тарту мақсатымен инвесторларға тартымды қаржылық орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету кіреді. Сондай-ақ, АХҚО сақтандыру, банктік қызмет көрсету және исламдық қаржыландыру нарықтарын дамытуды көздейді. www.aifc.kz
EURO Finance Week. Еуропаның қаржы нарығындағы кәсіпқой қатысушылар бас қосатын жыл сайынғы беделді конференция. Германия Федеративтік Республикасының қаржы министрі Вольфганг Шойбл мен Хессен штатының Министр-Президенті Волк Буфье мырзаның қамқорлығымен өтеді.
Іс-шараны ұйымдастырушы – Франкфурт-на-Майне қаласында орналасқан қаржы саласында көшбасшы саналатын Maleki Group компаниясы.