Түрікменстан Президенті АХҚО қызметімен танысты
Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Республикасының Президенті Сердар Бердімұхамедов «Астана» халықаралық қаржы орталығына (бұдан әрі – АХҚО, Орталық) барды. Делегацияны АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов қарсы алды.
Сапар барысында қонақтарға АХҚО органдары – АХҚО Биржасы, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы, Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөнідегі комитеті, Тех Хаб, АХҚО Жасыл қаржы орталығы (бұдан әрі – ЖҚО) және т. б. Органдары мен Ұйымдарының жұмысы ұсынылды.
Түрікменстан Президенті жалпы құқық қағидаттары мен нормаларына негізделген ерекше құқықтық режиммен, АХҚО-да қолданылатын салықтық преференциялармен және визалық жеңілдіктермен, сондай-ақ юрисдикция артықшылықтарымен және Орталықтың жетістіктерімен танысты.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының қызметіне ерекше назар аударылды. Бұдан бұрын ЖҚО жасыл қаржы жөніндегі Түркі Кеңесін құру туралы бастама көтергені атап өтілді. Бастаманы Astana Finance Days конференциясы барысында түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы, Венгрияның Орталық Банкі және Қырғызстан банктер одағы қолдады. Қазіргі уақытта АХҚО Жасыл қаржы орталығы Ашхабад қор биржасымен ынтымақтасады және Ашхабад қаласында кеңсе ашуға дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар өзара қарым-қатынастарды, оның ішінде жасыл капитал нарығы саласындағы қатынастарды одан әрі нығайту туралы уағдаласты.
Анықтама:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекітілуі болып табылады. www.aifc.kz