АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен Қытайдың Бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясы қаржылық нарықтар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді
АХҚО Қаржылық қызметтерді көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті және Қытайдың Бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясы қаржы нарықтары және капитал нарықтары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа АХҚО Қаржылық қызметтерді көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі – АФСА) Бас директоры Стивен Глинн (Stephen Glynn) мырза және Қытайдың Бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі – CSRC) Төрағасы Лю Шиюй мырза (Liu Shiyu) қол қойды.
Бұл АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің халықаралық реттеушімен қол қойған тұңғыш меморандумы. Аталмыш құжат екі реттеуші органның өзара әрекеттесу және бағалы қағаздарды реттеу бойынша ақпарат алмасу ниетін бекітеді. CSRC реттеу жөніндегі ақпарат алмасуға белсене қатысуда және 1992 жылы қазан айында құрылған күнінен бастап шетелдік серіктестерімен ынтымақтастықта қызмет етіп келеді.
«Қытайдың Бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясы АХҚО-ның маңызды серіктесі болып табылады. АХҚО CSRC қолдауымен Шанхай қор биржасымен әрекеттесуде. Бүгінгі екі реттеуші арасындағы Меморандумға қол қойылуы «Бір белдеу, бір жол» бастамасының дамуына өз үлесін қосатынына сенемін», – деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Анықтама ретінде:
АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (АФСА). АХҚО-ның тәуелсіз реттегіші, заңды тұлға және қаржылық қызметтер көрсетуді және «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық Заңға сәйкес құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымы болып табылады. Осылайша, АФСА қаржылық компаниялардың және нарықтық мекемелердің рұқсаттамасын, тіркелуін, расталуын және оларды бақылауды қарастыратын АХҚО-ның қағидалары мен ережелерін реттейді.
Толығырақ www.aifc.kz сайтында.
Қытайдың бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясы (China Securities Regulatory Commission) тікелей Мемлекеттік кеңес жанындағы мемлекеттік мекеме, заңдар мен қағидаларға сәйкес бірыңғай реттеуші қызметті атқарады. Толығырақ: http://www.csrc.gov.cn/pub/csrc_en/ сайтында берілген.