АХҚО дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі нұсқаулықты жариялады
«Астана» халықаралық қаржы орталығының деректерді қорғау уәкілінің кеңсесі Digital Rights Center Qazaqstan (DRCQ) заң фирмасымен бірлесіп, деректерді қорғау және жасанды интеллект жөніндегі нұсқаулықты әзірлеп, сайтта жариялады. Құжат ЖИ жүйелерінде жеке деректерді пайдалану жөніндегі ұсыныстарды қамтиды және олармен байланысты тәуекелдерді азайтуға көмектесуге арналған. Ол кең аудиторияға бағдарланған және маңызды ақпаратты қосымша қорғауды қамтамасыз ету үшін ұйымдардағы заңгерлер қолдана алады.
Жеке деректер дегеніміз – белгілі бір адам туралы ақпаратты ашатын немесе оған қатысты деректерді білдіреді. Оларға, мысалы, тұрғылықты жері мен мекенжайы, электрондық пошта мекенжайлары мен телефон нөмірлері, геолокация, лауазым немесе басқа деректер кіруі мүмкін. Осыған байланысты, олардың таралып кетуіне немесе көпшілікке қолжетімді болуына жол бермеу үшін ЖИ жүйелері мұндай деректерді қалай өңдейтініне назар аудару керек.
АХҚО-ның деректерді қорғау жөніндегі уәкілінің м.а. Бейбіт Досмурзинов: «Жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келеді және олардың қаржылық қызметтерге интеграциясы мүмкіндіктерді де, әлеуетті тәуекелдерді де тудырады. АХҚО дербес деректерді қорғауға айрықша мән береді және әзірленген нұсқаулық инновациялар саласындағы осындай тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бастама біздің Қазақстанда және одан тыс жерлерде қаржы қызметтері үшін қауіпсіз және инновациялық орта құруға деген бейілдігімізді көрсетеді», – деп өз пікірімен бөлісті.
Digital Rights Center Qazaqstan (Drcq) заң фирмасының басқарушы серіктесі Руслан Дайырбеков: «Бұл нұсқаулықтың әзірленуі – қаржы секторында жасанды интеллектті пайдаланудың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Біз дербес деректерді өңдеумен байланысты тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық негіз құруға ұмтыламыз. Жасанды интеллект зор әлеуетке ие, бірақ оны пайдалану деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Біз АХҚО-мен ынтымақтастыққа қуаныштымыз және бұл нұсқаулық нарық қатысушылары үшін пайдалы құрал болатынына сенімдіміз».
ЖИ жүйелері өз жұмысы үшін көбінесе жеке деректердің үлкен көлемін өңдейді. Бұл деректер пайдаланушының профильдері, болжамды мінез-құлқы және белгілі бір тұлғаның жеке басын анықтауға әкелетін басқа да аналитикалық деректер сияқты ақпаратты қамтуы мүмкін. Осыған байланысты, егер бұл жүйелер дұрыс пайдаланылмаса, жеке тұлғалар мен компанияларға үлкен зиян келуі мүмкін. Сондықтан ЖИ әзірлеушілері мен операторлары ақпаратты жинау мен өңдеудің деректерді қорғау қағидаларына сәйкес келуін қамтамасыз етуі керек.
Бұл туралы нұсқаулықта жағымсыз салдардың алдын алу үшін жасанды интеллект жүйелерін жасаушылар қауіпсіздіктің қатаң шараларын енгізуі керек екендігі атап өтілген. Бұл шаралар деректерді рұқсатсыз кіруден қорғау үшін кеңейтілген шифрлауды, жүйеге кіруді басқаруды және анонимизация әдістерін қамтуы мүмкін.
Сондай-ақ, АХҚО нұсқаулығының қағидаттарында ЖИ жүйелері деректер иелеріне олардың ақпараты қалай пайдаланылатыны және өңделетіні туралы нақты ақпарат бере отырып, ашық жұмыс істеуі керек екендігі атап өтілген. Бұдан басқа, ЖИ әзірлеушілері мен операторлары өз тарапынан оларды ЖИ жүйесінің деректерін өңдеу бойынша іс-әрекеттер үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін тетіктердің болуына кепілдік беруі тиіс.
Деректерді қорғау және жасанды интеллект жөніндегі нұсқаулықтың толық нұсқасын (https://aifc.kz/legal-framework/regulatory-guidance-on-using-ai-in-the-aifc-2024/) сілтемесі арқылы өтіп, оқуға болады.
Анықтама үшін:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Digital Rights Center Qazaqstan («Қазақстан цифрлық құқықтар орталығы») – азаматтарға және бизнеске интернетте, сондай-ақ электрондық коммуникацияларды пайдалануға байланысты кәсіби заң көмегін көрсету үшін Орталық Азия хабы ретінде құрылған заң компаниясы. DRCQ – DRC Group халықаралық компаниялар тобына кіреді. www.kz.drc.law