Астана GFCI әлемдік қаржы орталықтарының рейтингінде төрт орынға көтерілді  

GFCI36 (Global Financial Centres Index) қаржы орталықтарының жаңартылған рейтингісіне сәйкес Астана төрт позицияға көтеріліп, әлемнің барлық қаржы орталықтары арасында 62-ші орынға жайғасты. Бірінші орындарға сәйкесінше Нью-Йорк, Лондон және Гонконг орталықтары тұрақтады. Сондай-ақ Астана қаласы Прага, Варшава, Стамбул, Будапешт және т.б. қалалардан озып, бір жарым жыл бойы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде көшбасшылықты жалғастыруда.   

2007 жылдан бастап GFCI рейтингі әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының жетістіктерін көрсететін жылына екі есеп шығарады. GFCI рейтингі қаржы орталықтарын бағалаудың әлемдік стандарты саналады және Шэньчжэньдегі Қытай даму институты (CDI) мен Лондондағы Z/Yen Partners арасындағы серіктестік негізінде шығарылады. Бұл рейтинг бизнес-ортаны, қаржы секторын, инфрақұрылымды, адами капитал мен қалалардың беделін қоса алғанда, қаржы орталықтарын әртүрлі өлшемшарттар бойынша жан-жақты бағалауды білдіреді. 

Global Financial Centres Index (GFCI) отыз алтыншы шығарылымында 133 қаржы орталығына талдау жасалды, олардың 121-і негізгі индекске кірді. Қаржы орталықтарының рейтингі 143 макроэкономикалық көрсеткішке, GFCI онлайн-сауалнамасының 6 мыңнан астам респондентінен алынған 37 мыңнан астам бағалауға негізделген. Макроэкономикалық деректерді Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқалар ұсынады. 

GFCI рейтингінің негізгі индексімен қатар қаржы орталықтары FinTech саласындағы ұсыныстары тұрғысынан талданады. Осы санатта да Астана қаласы 6 позицияға көтеріліп, 57-орынға ие болды. Сауалнаманың респонденттері атап өткендей, қаржы орталықтарының осы индекске қосылуына қаржыландыруға қолжетімділік, инновациялар экожүйесі және АКТ-инфрақұрылым сияқты элементтер ықпал етеді.  

Астана алғаш рет GFCI рейтингіне 2018 жылдың наурыз айында енді. Қаланың осы рейтингке қосылуы Орталық Азияда да, одан тыс жерлерде де компанияларды дамытуға арналған экожүйені ұсына отырып, инвесторлар мен бизнес үшін қаржылық хаб ретінде әрекет ететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмыс істеуінің нәтижесі болды. GFCI рейтингінде Астананың өңірдегі көшбасшылық позициясы оның басқа қаржы орталықтары арасындағы беделді артықшылығын айшықтайды. 

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz    

AIFC AI assistant