2030 жылға қарай дата-орталықтарға салынатын жаһандық инвестициялар $6,7 трлн жетуі мүмкін, негізгі бөлігі ЖИ қажеттіліктеріне бағытталады: сарапшылар Қазақстанның мүмкіндіктерін талқылады

 2030 жылға қарай әлемдік есептеу қуаттарына деген сұранысты қанағаттандыру үшін дата-орталықтарға шамамен $6,7 трлн көлемінде капиталдық инвестициялар қажет болады. Оның ішінде шамамен $5,2 трлн жасанды интеллект жүктемелеріне бейімделген деректерді өңдеу орталықтарына (ДӨО), ал тағы $1,5 трлн дәстүрлі ІТ-қосымшаларға арналған инфрақұрылымға бағытталады. Сонымен қатар, жасанды интеллект саласына корпоративтік жаһандық инвестициялар 2025 жылы шамамен $582 млрд құрап, бір жыл ішінде 130% өсті, ал дата-орталықтардың есептеу қуаттарына деген сұраныс 2030 жылға қарай үш есеге жуық артуы мүмкін. Оның шамамен 70% ЖИ жүктемелеріне тиесілі болады.

Бұл деректер AIFC Insights әзірлеген «ЖИ инфрақұрылым ретінде: капитал, есептеу қуаттары және инвестициялық мүмкіндіктер» атты аналитикалық есепте ұсынылды. Аталған есеп 10 маусым күні «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында өткен талқылаудың өзегіне айналды.

Кездесу жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, инвестициялар, киберқауіпсіздік және мемлекеттік саясат салаларындағы сарапшыларды біріктірді. Талқылауға Дүниежүзілік Банк, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы, Nazarbayev University, AI Association, AKASHI Data Center, Presight, MOST Ventures, Quantum Capital, Axiom Capital, TSARKA және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, жасанды интеллект бүгінде тек технологиялық емес, сонымен қатар инфрақұрылымдық-инвестициялық бағытқа айналып отыр. Осыған байланысты елдер тек ЖИ шешімдерін әзірлеу үшін ғана емес, сонымен бірге есептеу қуаттарын, дата-орталықтарды және бұлтты инфрақұрылымды орналастыру үшін де белсенді бәсекелесе бастады.

АХҚО Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев атап өтті:

«Бүгінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік технологиялардан есептеу қуаттарына, энергетикаға және капиталға қарай ауысуда. Мұндай жағдайда Қазақстанның қандай салаларда жоғары әлеуетке ие екенін және тұрақты орын ала алатынын нақты анықдау маңызды.

Саланың жоғары капитал сыйымдылығын және ЖИ модельдерінің дамуындағы белгісіздікті ескере отырып, инфрақұрылымдық бағыт әлеуетті бағыттардың бірі болып көрінеді. Қазақстан мен жалпы өңірдің энергетикалық ресурстарға қолжетімділігі, тиімді географиялық орналасуы және қолайлы климаттық жағдайлары сияқты бірқатар артықшылықтары бар. Бұл ретте қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді шешу маңызды.

АХҚО осындай жобаларға инвестициялар тартуға және оларды іске асыру үшін қолайлы орта құруға жәрдемдеседі».

Қатысушылар Қазақстанның жаңа ЖИ-инфрақұрылымдық құн қалыптастыру тізбегінде қандай рөл атқара алатынын талқылады. Сарапшылардың пікірінше, ел үшін ең шынайы мүмкіндік жасанды интеллекттің инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Оған дата-орталықтар, GPU-кластерлер, бұлтты платформалар, деректерді сақтау инфрақұрылымы, энергетикалық шешімдер және реттелетін ЖИ қызметтері кіреді. Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – Екібастұз энергетикалық торабы базасында жүзеге асырылатын «ДӨО алқабы» жобасы. Жоба энергетикалық инфрақұрылымды 1 ГВт дейін кеңейтуді және шамамен $30 млрд көлемінде инвестиция тартуды көздейді.

Талқылау барысында Қазақстанның осы бағытты дамыту үшін бірқатар бәсекелестік артықшылықтары бар екені атап өтілді. Олардың қатарында тиімді географиялық орналасу, энергетикалық база, дамып келе жатқан дата-орталықтар нарығы, жергілікті ЖИ әзірлемелері, қолданыстағы есептеу қуаттары және жасанды интеллект саласында қалыптасып келе жатқан нормативтік-құқықтық база бар. Сонымен қатар, 2026 жылдың Қазақстанда Жасанды интеллект жылы болып жариялануы цифрлық трансформацияның стратегиялық басымдық екенін көрсетеді. Ал 9 маусымда Мемлекет басшысы елдің ұзақ мерзімді технологиялық бағытын айқындайтын «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.

Сонымен бірге қатысушылар ЖИ инфрақұрылымын дамытуға байланысты негізгі сын-қатерлерді талқылады, олардың ішінде энергетикалық қуаттардың қолжетімділігі, желілік байланыстылықты дамыту, тұрақты коммерциялық сұранысты қалыптастыру, деректерді реттеу мәселелері және ұзақ мерзімді капитал тарту.

Ерекше назар ЖИ инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелеріне аударылды. Сарапшылар дата-орталықтарға, есептеу қуаттарына және бұлтты шешімдерге инвестицияларды құрылымдаудың халықаралық тәжірибесін қарастырып, инфрақұрылымдық активтердің жаңа класын қалыптастырудағы қаржылық құралдардың рөлін талқылады. Ықтимал құралдар қатарында жобалық қаржыландыру, жеке кредиттеу, мамандандырылған инвестициялық қорлар, жабдықтарды лизингке беру, исламдық қаржыландыру және капитал нарығының құралдары аталды.

AIFC Insights есебін әзірлеуге қатысты пікір білдірген AKASHI Data Center компаниясының стратегия және ESG жөніндегі директоры Вадим Богданов:

«Бүгінде ақпарат баршаға дерлік қолжетімді, ал көптеген деректерді ашық көздерден табуға немесе жасанды интеллект көмегімен жинауға болады. Дегенмен мұндай зерттеулердің басты құндылығы – олардың сараптамалық верификациясы мен жергілікті контекстті ескеруінде. Бұл есептің ерекшелігі – оның қорытындылары сала мамандарының пікірлеріне негізделген және Қазақстанның ерекшеліктерін ескереді», – деп атап өтті.

Nazarbayev University жанындағы ISSAI (Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence) институтының өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директор орынбасары Амина Байкенова да өз пікірін білдірді:

«Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект саласында мықты зерттеу базасы қалыптасып, отандық шешімдер пайда болуда. Сонымен қатар негізгі сын-қатерлердің бірі болып ғылыми-зерттеу әзірлемелерін экономиканың нақты секторына кеңінен енгізу болып қала береді.

Жасанды интеллект экономикалық өсудің толыққанды драйверіне айналуы үшін есептеу қуаттарына қолжетімділікті қамтамасыз етіп, тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет. Осы тұрғыдан алғанда, аталған есеп өте өзекті, себебі ол әзірлеушілер, инвесторлар мен мемлекет арасындағы диалогтың негізін қалыптастырып, ЖИ инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың тиімді құралдарын іздеуге ықпал етеді».

Талқылау аясында АХҚО-ның ЖИ инфрақұрылымды дамытудағы әлеуетті рөлі де қарастырылды. Қатысушылардың пікірінше, АХҚО ағылшын жалпы құқығы, AIX биржасындағы капитал нарығын дамыту құралдары, мәмілелерді құрылымдау тетіктері, инвестициялық қорлар және тұрақты әрі исламдық қаржыландыру құралдары жаңа буындағы цифрлық инфрақұрылым жобаларына капитал тартуға ықпал ете алады. Мысалы, бүгінде AIX алаңында KT-Telecom компаниясының долларлық облигациялары орналастырылған, бұл инфрақұрылымдық жобаларды қарыздық қаржыландыру мүмкіндіктерін көрсетеді.

Бұл дөңгелек үстел сараптамалық пікір алмасу және AIFC Insights есебін аяқтау үшін практикалық кері байланыс жинау алаңына айналды. Алынған ұсыныстар есептің қорытынды нұсқасын әзірлеу кезінде ескерілетін болады. Қорытынды зерттеу есептеу қуаттары мен цифрлық инфрақұрылымға сұраныстың жаһандық өсуі жағдайындағы Қазақстанның ЖИ инфрақұрылымын дамыту және инвестициялық мүмкіндіктеріне арналады.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant