«Астана» халықаралық қаржы орталығы Тhomson Reuters агенттігімен бірлесіп ДЭФ-2018 аясында панельдік талқылау жиынын өткізді
АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) делегациясы Дүниежүзілік Экономикалық Форумға (ДЭФ) қатысуда.
Форум аясында АХҚО Тhomson Reuters халықаралық агенттігімен бірлесе отырып, «Those who dare win: exploring new frontiers» («Жеңіске жетуден қорықпау: жаңа белестерді бағындыру») тақырыбында панельдік талқылау жиынын өткізді. Сессияның негізгі мақсаты – дамып жатқан нарықтардың инвестициялық тартымдылығын талқылау. Бұдан басқа, халықаралық бизнес ортаның өкілдеріне АХҚО-ның мүмкіндіктері таныстырылды.
Панельдік сессияда спикер ретінде IHS Markit ғылыми-талдау компаниясының жаһандық энергетикалық және халықаралық мәселелер жөніндегі аға вице-президенті Карлос Паскуаль, Abraaj Group басқарушы серіктесі Мустафа Абдель-Вадуд, Abraaj Group өңірлік бас директоры және Standard Chartered коммерциялық және жеке банктік бизнес жөніндегі бас директоры Анна Маррс, Руанданың қаржы және экономикалық жоспарлау министрі Клавер Гатете сөз сөйледі.
Талқылау алдында панельдік сессияның қатысушылары мен қонақтары үшін арнайы жазылған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейне жолдауы тыңдалды. Өз сөзінде Елбасы тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның экономикалық дамуындағы негізгі кезеңдерді атап өтті, сондай-ақ әлеуетті инвесторларды Астанада шілде айында өтетін АХҚО-ның халықаралық тұсаукесер рәсіміне шақырды.
Шара қонақтарының қатарында жетекші инвесторлар мен бизнес алпауыттары бар. Сондай-ақ, панельдік талқылауға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Швейцариядағы ҚР Елшісі Жанар Айтжанова қатысты.
«Мен бизнес өкілдерін дамушы нарықтарға баса назар аударуға, жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге және жұмыс істеп жатқан қаржылық жүйелерге жаңа серпін беруге көмектесуге шақырамын. Өз кезегінде, АХҚО ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер бере алады және бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жолбасшы бола алады», – деп атап өтті өз сөзінде АХҚО Басқарушысы Қ. Келімбетов.
26 қаңтарда АХҚО өкілдері қаржылық технологияларға арналған Caspian Week секциясына қатысады. Сонымен қатар, АХҚО делегациясы қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан және әлеуетті серіктестермен бірқатар іскерлік кездесулер өткізбек.
Сұраулар:
АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. www.aifc.kz
Thomson Reuters – бизнес пен кәсіби мамандарға арналған аналитикалық ақпаратты, ақпараттық шешімдерді ұсынудың көшбасшысы. Саланың ерекшеліктерін ұғыну және инновациялық технологияларды пайдалану компанияға қаржы және тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару, юриспруденция, салық салуды, бухгалтерлік есепті, ғылым мен медианы әкімшілендіру салаларында шешім қабылдау үшін маңызды болып табылатын ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді.