АХҚО Әкімшілігі мен органдары қашықтықтан жұмыс режиміне көшті
Коронавирустың тарауын тежеу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Төтенше жағдай режимі 2020 жылдың 15 сәуірі сағат 07:00-ге дейін жалғасады. Нұр-Сұлтан қаласында 19 наурыз сағат 00:00-ден бастап карантин жарияланған.
Жалпы бекітілген талаптарға сай және «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің қызметкерлері мен қатысушыларының денсаулығын қорғау мақсатында 2020 жылдың 16 наурызы дүйсенбіден бастап жұмысты қашықтан ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Алайда Astana International Exchange (AIX) биржасы қалыпты режимде жұмыс істемек.
АХҚО-ның барлық қызметкері қашықтан жұмыс істейді. Тек AIX-тің үздіксіз жұмыс істеуіне жауапты қызметкерлер мен ғимарат пен мүлікті сақтауға жауапты әкімшілік қызметкерлері қалыпты режимде жұмыс істейді.
Сонымен қатар 2020 жылдың 14 наурызынан бастап АХҚО әкімшілігі «Астана ЭКСПО 2017» ҰК» АҚ-мен бірлесіп ғимаратты дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық есіктерге температура өлшейтін құрылғылар қойылған.
АХҚО әкімшілігі Қаржы орталығы аумағында кеңселері бар барлық қатысушыларды қызметкерлерін қашықтан жұмыс істетуге шақырады.
АХҚО. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. 2015 жылдың 7 желтоқсанында «АХҚО туралы» Конституциялық заңға қол қойылды. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтер көрсететін жетекші орталық құру. АХҚО мінжеттері ел экономикасына инвестиция тарту, қаржы қызметтері саласында инвесторларға жайлы орта қалыптастыру, Қазақстан Республикасының құнды қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарығымен интеграциялануын қамтамасыз ету. Толығырақ: aifc.kz
AIX биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері – АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор нарығы, Жібек Жолы қоры мен NASDAQ. NASDAQ сонымен қатар AIX-ке сауда алаңын ұсынады. Биржа ағылшынның ортақ заңы принциптеріне негізделген нормативті-құқықтық орта аясында жұмыс істейді. Бұл инвесторларға сенімді жағдай қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке меншік және мемлекеттік бизнеске қаржы тартуға тиімді және түсінікті шарт ұсына отырып Қазақстан мен өңірде белсенді капитал нарығын дамыту. Тау-кен компаниялары мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы инфрақұрылымдық жобаларға AIX арнайы сегменттер дамытуда. Толығырақ: aix.kz