Әзербайжанда АХҚО Жасыл қаржы орталығының қолдауымен жасыл облигациялардың дебюттік орналастырылуы өтті

Әзербайжанның ең ірі жеке банктерінің бірі Unibank АХҚО Жасыл қаржы орталығының қолдауымен Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкес келетін 20 миллион манат (11,8 миллион АҚШ доллары) сомасындағы елдегі алғашқы жасыл облигацияларды шығарды. Бұл маңызды қадам COP29 конференциясы қарсаңында жасалды, онда Әзербайжан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық шараларды талқылау үшін әлемдік көшбасшыларды қабылдайды. Облигациялардың шығарылымы Unibank-тің елдің жасыл күн тәртібін ілгерілетудегі көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтып, оның экологиялық орнықтылық пен жауапты қаржыландыруға деген бейілдігін көрсетеді.

Жасыл облигациялар шығарылымын Climate Bonds Initiative (CBI) және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (International Capital Market Association, ICMA) аккредиттеген верификатор АХҚО Жасыл қаржы орталығы бағалап, мақұлдады. Орталық Unibank-ке кешенді экологиялық стратегиясы мен халықаралық жасыл қаржыландыру стандарттарына сәйкестігі үшін «үздік» деген рейтинг беріп, облигациялардың жасыл сипаттамалары туралы екінші тараптың пікірі форматында сыртқы баға берді.

АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев:

«Бұл шығарылым Unibank үшін ғана емес, сонымен қатар аймақтың жасыл қаржыландыру экожүйесі үшін де маңызды қадам. COP29 қарсаңында жасыл облигациялардың шығарылуы Әзербайжанның орнықты дамуға деген бейілдігін және елдің жаһандық климаттық мақсаттарға сай болуға дайын екендігін көрсетеді. Біз Unibank-ті осы жаңашыл бастамада қолдағанымызды мақтан тұтамыз және оның оң экологиялық әсерін асыға күтеміз», – деп атап өтті.  

Жасыл облигациялар арқылы тартылған қаражат жаңартылатын энергия көздерін, энергия тиімділігін және таза өндіріс бастамаларын қоса алғанда, экологиялық орнықтылыққа ықпал ететін жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Бұл жобалар Әзербайжанға өзінің климаттық мақсаттарына жетуге және елді декарбонизациялаудағы жеке сектордың рөлін атап көрсетуге көмектеседі.

Анықтама үшін:

Unibank туралы

Unibank – инновацияға, орнықтылыққа және кешенді қаржылық шешімдерді ұсынуға бағытталған Әзірбайжандағы ең ірі жеке банктердің бірі. Банк цифрландыруға және жауапты банк ісіне баса назар аударуының арқасында елдің қаржы секторын дамытуда көшбасшыға айналды.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы туралы

Астанада (Қазақстан) орналасқан АХҚО Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы орнықты қаржыландыру саласындағы жетекші ұйым. Climate Bonds Initiative (CBI) және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (International Capital Market Association, ICMA) аккредиттеген Орталық аймақта орнықты қаржыландыруды дамытуға жәрдемдесу үшін верификация және консультация қызметтерін ұсынады.

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева 

Баспасөз хатшысы 

Тел: +7 701 777 65 58

E-mail: [email protected]

AIFC AI assistant