AFSA жұртшылықты Bivexo Group Astana Limited және Bivexo Group Limited компанияларының реттеу мәртебесі туралы ескертеді

Bivexo Group Astana Limited – «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) 2024 жылғы 22 қазанда тіркелген жеке компания (БСН 241040900810). Компания «батареялар мен аккумуляторлар өндірісі» және «автомобильдерге арналған электр және электронды жабдықтар өндірісі» бойынша қызметпен айналысады.

Bivexo Group Astana Limited АХҚО-да тіркелгеніне қарамастан, компания АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) АХҚО-да немесе одан тыс жерлерде қаржылық қызметтер көрсетуге немесе қаржылық жарнаманы жүзеге асыруға лицензия алмаған.

Bivexo Group Limited  – bivexo.com веб-сайты арқылы өзін гонконгтық ұйым ретінде көрсетеді. Ол АХҚО-да тіркелмеген және АХҚО-да немесе одан тыс жерлерде қаржылық қызметтер көрсету үшін ешқашан АХҚО-да тіркелмеген немесе AFSA-дан  лицензия алмаған.

AFSA-ға әлеуметтік желілердің әр түрлі платформаларында халықты bivexo.com сайтында ұсынылатын қаржылық қызметтерді пайдалануға шақыратын қаржылық жарнама көрсетіліп жатқаны белгілі болды.

AFSA жұртшылықты барынша сақтық танытуға және AFSA-да тіркелген және лицензиясы бар заңды тұлғалар туралы ақпаратты қамтитын Жария тізіліммен танысуға шақырады. Бұл қаржылық қызметтерді немесе өнімдерді пайдаланбас бұрын оларды ұсынатын заңды тұлғаның тиісті лицензиясы бар екеніне көз жеткізу үшін өте маңызды қадам.

Анықтама үшін: 

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 80-нен астам елден 3500-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

AIFC AI assistant