АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылды

2024 жылғы 5 қыркүйекте Astana Finance Days 2024 конференциясын өткізу аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО, Орталық) басқару жөніндегі кеңестің жаңа құрамдағы отырысы өтті. Оған:

— ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі,

— ҚР Ұлттық Банк төрағасы,

— Әлеуметтік — экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін ҚР Президентінің кеңесшісі,

— АХҚО басқарушысы,

— АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің Директорлар кеңесінің төрағасы,

— АХҚО биржасы – Astana International Exchange Директорлар кеңесінің төрағасы,

— Джули Монако,

— Абдулхамид Мохаммед Саид Алахмади кірді.

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңесті Қазақстан Президенті басқарады, ҚР Премьер-Министрі оның орынбасары.

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің жаңартылған құрамы жаңа сапалық серпін береді және жетекші халықаралық қаржы орталығын одан әрі қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, Кеңес отырысында Анджела Энн Найт (CBE) 2 жылдық өкілеттік мерзімімен АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Анықтама үшін

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің жаңа шетелдік мүшелері:

Абдулхамид Мохаммед Саид Алахмади

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің мүшесі

Абу-Даби әмірлігіндегі қайырымдылық мен кәмелетке толмағандар қорлары басқармасының төрағасы. Mubadala, Abu Dhabi, Abu Dhabi Developmental Holding Company PJSC (ADQ) және Emirates Red Crescent инвестициялық компанияларының директорлар кеңесінің мүшесі. Al Nahda инвестициялық компаниясының төрағасы және Al Ain Holding компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі.

БАӘ Орталық банкінің басқарушысы, Абу-Даби Бірінші банкінің басқарушы директоры болды, Legacy First Gulf Bank бас директоры, басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Citibank-те түрлі маңызды басшылық лауазымдарды атқарды. Abu Dhabi Capital Group директорлар кеңесінің төрағасы және Reem Investments басқарушы директоры болды.

Бұдан басқа, ол БАӘ үкіметтік және мемлекеттік құрылымдарында, оның ішінде Әмірліктің инвестициялық басқармасы, Абу-Даби бағалы қағаздар биржасы және Emirates интеграциялаған телекоммуникациялық компания (Du) сияқты ұйымдардың директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Анджела Энн Найт (CBE)

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің мүшесі, АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің Директорлар кеңесінің төрағасы

Британдық саясаткер және бизнес-леди. 1992 жылы Эруош сайлау округінен парламент депутаты болды. 1994 жылдан 1997 жылға дейін Қазынашылықтың экономикалық хатшысы лауазымын атқарды. Бұл лауазымда ол банктік және қаржылық қызметтерге, сондай-ақ қаржы нарықтарын реттеуге жауапты болды.

Парламенттен кеткеннен кейін 1997 жылы Найт Жеке клиенттер мен қор брокерлері қауымдастығын (кейін Wealth Management Association деп өзгертілген) басқарды. 2007 жылы Ұлыбритания банкирлер қауымдастығының (British Bankers’ Association) басқарушы директоры болып тағайындалды. 2012 жылдан 2014 жылға дейін Energy UK ұйымының басқарушы директоры болып, энергетика саласының мүддесін білдірді.

Қаржы мен саясат саласындағы сіңірген еңбегі үшін Найт 2007 жылы Британ империясы орденінің Командоры атағына ие болды.

Тимоти Оливер Беннетт

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің мүшесі, AIX директорлар кеңесінің төрағасы

Тимоти Оливер Беннетт Astana International Exchange (AIX) директорлар кеңесінің төрағасы. Ол 2018 жылы AIX-ті іске қосуда маңызды рөл атқарды және 2021 жылға дейін басқарма төрағасы лауазымын атқарып келді. 

AIX-ке келгенге дейін Тимоти Беннетт Жаңа Зеландия биржасын (NZX) басқарды. Оның жетекшілігімен NZX маңызды ұйымдастырушылық және нормативтік өзгерістерден өтті, соның ішінде сауда және есеп айырысу жүйелері жаңартылып, NZX Funds Management арқылы 23 ETF іске қосылды.

Тимоти Беннетт консалтинг саласында да үлкен тәжірибеге ие, бұрын Oliver Wyman және Boston Consulting Group компанияларының Азиядағы серіктесі лауазымын атқарған. Бұл лауазымда ол қаржылық қызметтерге маманданды және ірі қаржылық институттар мен басқа да клиенттер үшін стратегия және басқару мәселелері жөнінде консультациялар берді.

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева  

Баспасөз-хатшысы

Тел: +7 701 777 65 58

AIFC AI assistant