АХҚО Жасыл қаржы орталығы тұрақты дамудың қаржы құралдарын шығару бойынша қаржы ұйымдарына арналған вебинар өткізді

АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Жол картасы шеңберінде 22 қараша күні «Тұрақты дамудың қаржы құралдарын шығару, оның ішінде жасыл, әлеуметтік және тұрақты облигацияларды/кредиттерді верификациялау, сондай-ақ жасыл жобалар өлшемдеріне сәйкестікті бағалау мәселелері» атты вебинарын өткізді. Оқыту түріндегі кездесу қаржы ұйымдарының ESG және тұрақты қаржыландыру мәселелері бойынша білімін арттыруға арналған болатын. 

Сарапшылар ESG-қаржыландыру құралдарының негізгі түрлері (жасыл, әлеуметтік және тұрақты даму облигацияларын, сонымен бірге тұрақты дамуға байланысты құралдарды қоса алғанда), ESG-облигацияларды шығару процесі, тақырыптық кредиттеуді тарту, оларды орналастыру шығындары, сондай-ақ Қазақстандағы жасыл және ESG-қаржыландырудың реттеуші негізі туралы айтып берді.  

Атап айтқанда, Жасыл жобалардың критерийлеріне сәйкестігін бағалауды қоса алғанда, қаржылық ESG-құралдарын шығару шеңберінде тәуелсіз бағалау (верификация) мәселелері егжей-тегжейлі баяндалды. Бұнымен бірге сыртқы бағалау түрлері, облигациялар мен несиелерді таңбалау және тексеру тәсілдерінің айырмашылықтары қарастырылды. АХҚО ЖҚО спикерлері халықаралық тәжірибе мен ұлттық басымдықтарды ескере отырып, Жасыл таксономияны пысықтау және елімізде әлеуметтік тәртіпті енгізу жоспарларына тоқталды. ESG-қаржыландыру экожүйесінің маңызды элементі ретінде аталған таксономиялар бойынша жұмысты ЖҚО тартылған мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта белсенді жүргізіп келеді. 

Климаттық облигациялар бастамасының өкілі Climate Bonds Standard бойынша жасыл облигацияларды сертификаттаудың қолданыстағы схемасы туралы айтты. Аталған стандарт тақырыптық облигацияға сыртқы бағалаудың бір түрін білдіреді. Сондай-ақ, спикер жасыл жобаларды анықтау саласындағы жетекші эталондардың қатарында танылған Climate Bonds таксономиясын қолданудың ерекшеліктері мен тәжірибесімен бөлісті. 

Анықтамалық ақпарат 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру әрі Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

«AIFC Green Finance Centre Ltd.» жеке компаниясы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығы бойынша құрылған компания, ол Қазақстанда және Орталық Азияда жасыл қаржы құралдарын енгізу, АХҚО-ны жасыл қаржы орталығы ретінде ілгерілету, сондай-ақ Қазақстанға жасыл инвестициялар тарту мақсатында құрылған. Компания туралы толығырақ ақпарат www.gfc.aifc.kz корпоративтік интернет-ресурсында берілген. 

AIFC AI assistant