АХҚО мен Қырғыз Республикасы капитал нарықтарындағы трансшекаралық транзакциялардың негізін қалау үшін ынтымақтастықты жандандыруға келісті

АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) және Қырғыз Республикасының Экономика және Сауда министрлігі жанындағы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау қызметі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Қаржы нарықтарын реттеушілер арасындағы келісім АХҚО мен Қырғыз Республикасы арасындағы капитал нарықтарындағы трансшекаралық транзакциялар, оның ішінде IPO, бағалы қағаздар листингі, брокер-дилерлердің екі юрисдикцияның қор биржаларына және исламдық қаржыландыру құралдарына қолжетімділігі үшін негіз қалауға мүмкіндік береді. Құжат екі қадағалау органы арасындағы өзара көмекке бастау болады және екі мекеменің тиісті юрисдикцияларының заңдары мен ережелерін орындау үшін арадағы ақпарат алмасуды жеңілдетуге септігін тигізеді. Құжат тиімді реттеуді күшейту және трансшекаралық транзакцияларды қадағалауды күшейту арқылы кәсіби қатысушылардың адалдығын, тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Нақты ережелер қаржы саласындағы маңызды активтердің бірі болып саналатын нарықтың болжамдылығына ықпал етеді. Мұндай ынтымақтастық АХҚО мен Қырғыз Республикасы арасындағы тиімді әрі жылдам қаржылық алмасуға әсер етеді, сондай-ақ капитал нарығында және инвестициялық қорлар индустриясында жобаларды іске асырғысы келетін екі юрисдикциядағы брокерлік фирмалар мен активтерді басқару компанияларының мүдделеріне септігін тигізеді», — деп атап өтті. 

Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Экономика және Сауда министрлігі жанындағы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау қызметінің төрағасы Марат Пирназаров: «Біз үшін сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту маңызды мәселе болып саналады. Біз кәсіпкерлерімізге ынтымақтастықты жандандыру, іскерлік байланыстар орнату және өзара тиімді ынтымақтастық құру үшін, сондай-ақ қаржы нарығындағы трансшекаралық қызмет мәселелерінде қолайлы жағдайлар жасауға тиіспіз. Реттеушілер арасында тығыз ынтымақтастық орнату екіжақты байланыстың болашағын айқындауға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деп пікір білдірді.

 

 

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы»  Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі болып табылады. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 79 елден 2100-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

 

Байланыс ақпараты:

Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

AIFC AI assistant